«Халыққа үлгі қылып, сөз тараттым»

534

0

Таяуда музей қоры Алаш азаматы, ақын, саяси қуғын-сүргін зардабын тартқан шежіреші,  фольклорлық мұраларды жинауда еңбек еткен Меңліаяқ Сәрменбайұлының пайдаланған дүниелерімен, яғни, шапаны және домбырасымен толықты. Осыған дейін есімі елеусіз болып келген тұлға туралы ел ішінде деректер жеткілікті.

Ол 1880 жылы Сырдария ауданына қарасты Бескөң қыстауында дүниеге келген. Үш жасында әкеден жетім қалып ағайын туманың малын бағып, тоғыз жасында молдадан ескіше сауаттанып, өмірге бейімделіп қанаты қатаяды. Жастайынан сөзге шеберлігі білініп, ел арасында танылып, белгілі тұлғаға айналған. Меңліаяқ жасы отыздан асқан кезінде ауқатты адамдар қатарында болған көрінеді. Әулеттің үлкендері о дүниелік болғанда рулас туыстарының жағдайын жасап, қарайласып, басшылық етіп, жәрдем беріп отырған, балалар сауатты болсын деген ниетпен мектеп ашады. Ақынның мына шумағы елдің қамын ойлаған, қолда барын, бойындағы күш-қуатын ел игілігіне жұмсаған дара тұлға екендігін айқындап көрсеткендей.

– … Жасымнан әуес қылып мылтық аттым,

Құс салып, ит жүгіртіп, ат жараттым.

Шежіре, ата жөнін түгел жинап,

Халыққа үлгі қылып сөз тараттым.

Жақсы сөз, жақсы жағдай тапсам айтып,

Баһадүр, өз әлімше нашар бақтым.

Шамалы орта шаруа күйім болды,

Мұқтажын келген мейман түгел таптым.

Жорға мен жүйрік атты қабат ұстап,

Болыскей әбзел-тұрман сәндеп тақтым.

Кеңес билігі орнаған тұста, яғни, 1922 жылы 43 жасында Қызыл отау соты болып тағайындалып, көптеген даулы мәселелердің оң шешілуіне ықпалын тигізген. Кәмпескелеу науқаны басталғанда 1930 жылы барлық дүниесі тәркіленіп, 2 жыл жазасын өтеп келген соң, қайтадан 5 жылға Орал қаласына жер аударылған. Қызылорда НКВД бөлімінің қаулысымен 1937 жылы 20 қазанда 10 жылға концлагерьге айдалып, жазасын Краснояр өлкесінде өтейді. 1954 жылы дүниеден озып, 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16 қаңтардағы Жарлығымен толық ақталады. Ол қиын-қыстау заманда өмір сүргендіктен, бойындағы таланты толықтай ашылмай кетті.

Мұраларды өткізген тікелей ұрпағы Амангелді Орынбасарұлы атасы туралы естелігін бөлісті.

– Біз қазіргі М. Шоқай кітап дүкені орналасқан аумақта тұратынбыз, жасым 6-7 шамасында. Кешкілік шамның жарығымен шұқшиып атам қағаз бетіне жазба түсіріп отыратыны есімде. Ертесіне араб тіліндегі жазбасын оқып, қазақ тіліне тәржімалап  қарындасым Қуанышкүл  екеумізге жаздыратын. Ойын баласымыз далаға елегізіп көңіліміз бөлінсе, «Менің қос жазушым шаршауды білмейді, ата тілін екі етпей жасап отырған сендерден айналайын» деп бізді мақтап келіп жібергенде, ынтамыз артып, жаза жөнелетінбіз. Біз жазған еңбегін облисполкомда вахтёр болып жұмыс жасайтын қызы Күләндаға машинкаға тергізіп жинақтап жүрген, – деді ол.

Меңліаяқ Сәрменбайұлы көптеген Сыр сүлейлерімен қоныстас, аралас-құралас болған. Әбділдә Тәжібаевтың анасы Айманкүлді қарындасы етіп араласып, көмегін аямаған. Әбділдә ақын оны ұстазым деген. 1952 жылы еңбектерін алып Алматыға барғанда Әбілдә Тәжібаев, Қуанышбай Ұлмекеев, Сақтапберген Әлжіков сынды інілері ақынды күтіп алған. Жазғандарының барлығын жинақтап, Алматыдағы Ғылым академиясының қолжазба қорына өткізіп, қонақ қылып, елге кетерінде иығына шапан жапқан екен. Осы шапан мен домбыра облыстық музей қорына алынды.

Домбыраны 1950 жылы Сырдың тумасы Керейт руынан шыққан Қасымхан ұста ақынға жиде ағашынан ойып, арнайы жасап берген екен. Ақынның саусағы тиген домбыраны қарашаңырақтағы тікелей  ұрпақтары қаз-қалпында сақтаған.

Шапан қара жұмсақ барқыттан тігілген. Омырауын, етек жеңін жиектей қызыл, сары және жасыл түсті жіппен кестелене зооморфтық оюлар тігілген. Сонымен бірге күлгін түсті қалың сәтенмен астарланған. Ақын дүниеден өткеннен кейін оның пайдаланған дүниелерін ағайындарына үлестіріпті. Осы шапанды құдасы Ордабаев Асанға берген екен. Ол дүниеден өткеннен кейін араға уақыт салып, немерелері Меңліаяқ Сәрменбайұлының отбасына шапанды қайтарады.

Жәдігерлерді ел көріп білсін деген ізгі оймен ұрпағы Амангелді Орынбасарұлы әулетімен  бірге келіп музей қорына табыстады.

Л.ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-өлкетану

                 музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<