Мәлім де беймәлім Ғатаулин

1326

0

Қазақ даласындағы нәубетті аштықты айтып, Голощекиндей басшының қателігін бетіне басқан әйгілі «Бесеудің хатын» ұлт тарихына немқұрайлы қарамайтын әрбір қазақ біледі деп ойлаймыз. Тарихи деректерге сүйенсек, 1932 жылдың 4 шілдесінде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекинге жазушы Ғабит Мүсірепов, Алматы Комвузының басшы қызметкері Емберген Алтынбеков, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев, Қазақ мемлекеттік баспа ісінің меңгерушісі Мәнсүр Ғатаулин және Мұташ Дәулетқалиев бесеуі хат жазып, республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігінен елді алапат ашаршылық жайлағанын айтып, дабыл қаққан.

Бұл хат негізінен Сталинге жазылған, бірақ бізге белгісіз себептермен Голощекиннің қолына тиген. Тарихи  хатты жазғандардың ішіндегі Мәнсүр Ғатаулин Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы жауапты редактор орынбасарының бірі болғанын көпшілік біле бермейді. Бұл дерек «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық еңбек жазылып жатқанда белгілі болды. Анығын айтқанда, Мәскеу мұрағатынан 1929 жылы шыққан «Сыр бойы» газетінің алғашқы нөмірлері табылды. «Сыр бойының» сарғайған парақтарын ақтарып қарағанда төртінші санына М.Ғатаулин есімі шығарушы редактордың орынбасары ретінде көрсетілген.

Журналист Бекен Қайратұлы республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне «Ғатаулин қалай халық жауы болды?» атты мақала жазып, оның қайраткерлік жолына тоқталады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәшімбаев Мәнсүр Ғатаулиннің 1903 жылы Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Ағаш ауылы Нысанбай көпірі жанында малшы отбасында дүниеге келгенін жазған. Ғалымның мәліметіне қарағанда руы – тама. Әкесі – Тият, анасы – татар қызы Фатима. Мәнсүр Тиятұлы 1933-1937 жылдары Ақмола өлкелік партия аппаратында, Қарқаралы қалалық өлкелік партия комитетінде қызмет атқарған. Сол кездегі Кеңес одағының саяси қайраткерлері С.Киров, Л.Мирзоян бастаған басшылар бұл кісінің дастарханынан дәм татып, аттанып жүрген көрінеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Астана» телеарнасының «Біздің уақыт» атты бағдарламасында Мәнсүр Ғатаулин жайлы біраз тарихи дерек айтылды. Журналист Ришат Асқарбекұлы дайындаған материалда Ғатаулиннің қызы Ая Мәнсүрқызы әкесі тұтқындалғанда 2 жаста болғанын, көп оқиғаның мән-жайын анасынан естігенін жеткізген. Оның өзінде де бертінге дейін тіс жарып, ештеңе айтпаған көрінеді.

Тарихи хатты жазған тұлғаларға аз-кем тоқталар болсақ, Ғабит Мүсірепов 80-жылдарға дейін өмір сүрген классик жазушы. Қазақ әдебиеті үшін үлкен еңбек сіңіріп, Жазушылар одағын басқарған. Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мұташ Дәулетқалиев ұзақ жылдар Жоғары партия мектебінде ректор болып еңбек еткен. 1982 жылы Алматыда өмірден өткен. Есiмiн көпшiлiк бiле бермейтiн «бесеудiң» бiрi – Емберген Алтынбеков. Ал Қадыр Қуанышев 1930 жылдан бастап Коммунистiк партияның мүшесi болған. Ол Қазақ АССР Мемлекеттiк жоспарлау комиссиясының энергетика секторының меңгерушiсi қызметiн атқарды. Ол да бертінге дейін өмір сүрген. «Бесеудің хатын» ұйымдастырғандардың ішінен тек Мәнсүр Ғатаулин ғана оққа байланған.

«Бесеудің хаты» жазылғаннан кейін хатқа қол қойғандардың барлығы да қуғынға ұшыраған. Зерттеушілер мұның бірден-бір себебін Голощекиннің сынды көтере алмауымен байланыстырады. Хат жазу туралы бастаманы Ғабит Мүсірепов пен Мәнсүр Ғатаулин көтерген. Бұлардың ішінде тек Ғатаулиннің ғана ату жазасына кесілгеніне қарағанда, ол бар кінәні өз мойнына алған секілді. Оған баспагер, журналист бола жүріп, саяси iстерге араласқан Мәнсүр Тиятұлы Ғатаулиннің өз сөзін дәлел етейік. Қайраткер ату жазасына кесiлiп бара жатып: «Бұлардың еш жазығы жоқ. Мен – жаумын. Менi соттаңдар, жалғыз өзiмдi. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, мен – өз халқымның жауының жауымын» деп айтқан. Бұл оқиғаға Шерхан Мұртаза «Бесеудің хаты» атты трагедиялық драмада да тоқталған.

«Астана» телеарнасы дайындаған бағдарламада Мәнсүр Ғатаулиннің Батыс Қазақстан облысында туып, кейін Қарағанды, Қызылорда өлкелік партия комитеттерінде бірінші хатшы болғаны туралы дерек келтіріледі. Біздің пайымдауымызша, Мәнсүр Тиятұлы «Сыр бойы» газетіне Қызылордада партия комитетінде қызмет атқарған кезде келгенге ұқсайды.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1937 жылдың қарашасында Қарағанды қаласында Қарқаралы округінің жетекші партия, кеңес қызметкерлерінің үстінен сот процесі өткізілген. Олардың арасында Мәнсүр Ғатаулин де болған. Жалған айып тағылған Мәнсүр Тиятұлы 1937 жылдың қарашасында НКВД-ның Алматыдағы түрмесінде атылып, мүрдесі Алматы облысы Жаңалық ауылына апарып көмілген. Ғатаулин ажал құшқанда небәрі 34 жаста екен. Қайраткерге жалған айып тағылғаны белгілі болып, ол 1957 жылы ақталған.

Жыл өткен сайын қазақ тарихының ақтаңдақ беттері айқындалуда. Әсіресе тұлғалар хақындағы деректер жаңа дәйектермен толығуда. «Сыр журналистикасының тарихы» бес томдығына дейін еш жерде газет басшылығында болғаны айтылмаған Мәнсүр Ғатаулин туралы жаңа мәлімет сөзіміздің айғағы бола алады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<