Өрнекте де өмір бар

896

0

Әжімбет ұста туралы білеміз бе?

Әжімбет ұста ХХ ғасырдың І жартысында Арал, Қазалы өңіріне танымал болған. Ол 1888 жылы дүниеге келген, 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, 1993 жылы ақталған.

Бірінші жары Алтыннан бала қалмаған. Екінші жары Қанымшадан Күләй есімді қыз бала және кіші жары Байсұлудан Мәулекеш, Ұлмаш және Болған есімді қыздары болған. Алтын әжей Қанымшадан туған Күләй мен Байсұлудан туған Ұлмаш қызды бауырына басқан. Ал, Қанымша әжей Байсұлудың үлкен қызы Мәулекешті жақын тартып, бауырына алған. Болған қыз өз анасының қолында тәрбиеленген. Қазақ әйелдеріне тән кеңдік пен парасаттылықты айтсаңызшы… Әжімбет атаның артында ер бала қалмаған,  дегенмен, інісінің баласына тегін беріп, Әжімбетов Әми деп өзгерткен.

Ұстаның фотосы өкінішке қарай сақталмаған. Суретке түспеген де болуы мүмкін. Інісі Әлмағанбеттің қызы Рауаш 2018 жылы Алматыға арнайы барып, халық аузында жүрген образы мен ұрпақтарының бітім-болмысы негізінде суретшіге портретін салдырады.

– Әжімбет ата түрлі өнерімен көзге ерте түскен. Ұсталығын ғана білетін жұрт ақындығын, суырып салмалығын, айтыскерлігін біле бермейді. Осы бір қасиет ұрпағы Тайыпқа дарыған. Ағаштан түйін түйген ұсталық өнері ұрпағы Дастанның бойынан табылады. Ал, Алмагүлдің бойында атасының сөз өнеріне деген махаббаты, қолөнерге деген икемі, сурет өнеріне құлшынысы байқалады. Гүлденген апамыздың балалары да – ағашты сөйлете білген шеберлер. Әжімбет атаның сегіз қырлы өнерінің барлығы болмаса да, бойындағы кей өнері ұрпақтарының бойынан табылып жатыр. Бұл – қуантарлық жайт, – дейді Айымкүл Тасмағамбетова зор мақтанышпен.

Расында, неге мақтанбасқа?! Халық арасында Әжімбеттің Бағым қызбен айтысы жиі айтылады. Халықтың көзайымына айналған, серілік құрған, шымшыма өлеңдерімен, қағытпа өткір сөздерімен белгілі болған бейнесі басқа қырынан ашылып, қайта жаңғыруда.

Айымкүл апа тағы бір сөзінде: «Ата-тегінде өнерлі адамдар болды дегенді естіген жоқпыз, дегенмен, қару ұстаған батырлар болған. Жанқожа батырдың қосында болған Шалқошқар, Әлібек батырлар – біздің бабаларымыз. Шалқошқар батыр – ұлы атасы. Жасы 70-ке келсе де, жауға қарсы шапқан, қайың шоқпары тақымында жүрген. Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романында ол туралы айтылады» деді.

Әжімбет Қарайғырұлы араб, парсы тілдерін білген, діни сауатты болған. «Әжімбет айтты» деген ел аузында әңгіме көп. «Алаш» партиясының қайраткерлерімен байланыс жасаған. Әйелдерінің айтуы бойынша, бір айдай уақыт жоқ болып кетеді екен. Қайда барғаны, кіммен араласқаны белгісіз, немен айналысқанын ешкімге тіс жармаған көрінеді. «Алаш» партиясының съезіне қатысқаны туралы «Қазақ» газетіне жазылған. Газет бертінге дейін сақталып, 1980 жылы жоғалып кеткен.

Қазақ даласында ұлы өркениеттердің болғаны тарихтан мәлім. Сол өркениеттердің өріс алып, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан өнердің бір түрі бұл – қазақтың зергерлік, ұсталық қолөнері екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Зергер деген кім? Зергер – асыл тастан, алтыннан, күмістен сәнді бұйым жасайтын үлкен өнер иесі. Зергерлік бұйымдарды халық пайдаланып, қолданатын болған соң, демек, зергер ол – халықтың адамы. Әжімбет Қарайғырұлының бойындағы өнердің бірі – зергерлік. Қазақ мұндайда «Шебердің қолы ортақ» деген мақалды тегін айтпаған болар. Өнер тұрғысынан алсақ, бұл – тәңірдің өзі берген шеберлік. «Ұзынсыз қысқа болмас, үлгісіз ұста болмас», «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген сөздің өзінен-ақ ұсталардың ел өміріндегі маңызының қаншалықты зор екенін түсіну қиын емес.

Әжімбет ұста әйелдеріне, қыздарына арнап әшекей бұйымдар жасаған. Оның қолынан шыққан бірнеше күміс әшекей бұйымдар музей қорында сақтаулы. Олар – білезік, шашбау, жүзік, түйме. Білезікке өсімдік пішіндес ою ойылған, жиегі нүктелеу әдісімен әрленген. Білезіктің тоғысатын екі ұшында арнайы қоршалып араб қарпімен жазылған жазу бар. Жазуға түсініктеме беру – болашақтың еншісінде. Құстұмсық жүзіктің қақ ортасы мен айналасына бидай масағы тәріздес, өсімдіктектес ою түскен. Ал, ортаңғы алақанында симметрия сақталып, қос итқұйрық оюымен бедерленген. Жүзіктің ұшында дөңгелектер жинақталған. Бұл – құстұмсық формасын беруде әдемі зергерлік шешім. Ал, шашбаудың бөлігі тиындардан соғылған. Қос тиынның ортасы шексіздік формасында жасалған бекіткішпен өзара байланысқан. Түйме (ілгек) овал формада, айналасы күміс, ортасы қызыл ақықпен әрленген. Жоғарғы бөлігінде күміс дөңгелектер жиынтығы көрініс тапқан, ал төменгі бөлігінде ілгегі орналасқан. Түйменің жоғарғы бөлігінен орта тұсына дейін бидай масағы тәріздес күмістен тілік түскен. Зергердің қай бұйымын алсақ та, қазақ қолөнерінің биік үлгісін көре аламыз.

Халық арасында Әжімбет ұстаның қара дүкені жайлы айтылады. Қазір дүкен орны қоршалып, қасына арнайы белгі қойылған. Тақтада: «Өтеулі Қарайғыр баласы Әжімбеттің қара дүкенінің орны. 1937-1997» деген жазу бар. Атылған жылы мен дүкен орнының қоршалған уақыты жазылған болса керек.

Халық ұғымында ұста дүкені киелі саналған. Сондықтан, ұсталар мен зергерлер жұмыс орнын, яғни дүкенін ашқанда немесе жаңа жерге көшіргенде арнайы мал сойып, ауыл-аймағын шақырып, ұсталар пірі Дәуіт пайғамбарға арнап құран оқытады. Көптің батасын алады. Ұста дүкеніне барған адам тазаланып, сәлем беріп кіреді. Мұның бәрі – ұстаға, ұста дүкеніне деген құрмет. Қара дүкеннің осындай қадір-қасиетін білген Әжімбет ұстаның ұрпақтары Рауаш апаның түсінде берілген аянмен дүкен орнын тауып, қоршап, арнайы белгі орнатты.

– Ел егемендігін алғаннан кейін Әжімбет атаның мұрасы ұрпақтары тарапынан жан-жақты зерттеле бастады. Інісінің қызы Рауаш 1997 жылы ұста дүкенінің орнына белгі қойды. Ол кісі Арал қаласында ұзақ жылдар бойы тіс дәрігері болып жұмыс жасады. «Мен Әжімбет атамызды түсімде көріп жүрмін. Ұрпақтарымды ұста дүкеніме апар, тілеухана сал деп жатыр» деп, 2003 жылы қоршап тілеухана салды. «Менің ұрпақтарымды 7 жыл алып кел, кейін өздері іздейтін болады» депті. Содан жыл сайын шілде айының аяғында тілеухананы зиярат етіп, құран бағыштап, атаның өмірі мен өнері туралы әңгімелер айтып, еске түсіріп жүрміз. Бұл үрдіс дәстүрге айналды», – дейді жиені Айымкүл апа.

Ұста дүкені – киелі орын. Онда бір қасиет бар. Өйткені, халық дүкендегі көріктің қалдығын сұрап алып, суға салып жуынып, денеге шыққан жарасына ем қылады. Бала көтере алмай жүрген әйелдер дүкенде түнеген, төске тәу еткен. Бұл От-ана деген құдіретке сыйынудан қалған. «Адамның анасы – от, аспандағы көзі – күн» деген бабаларымыздың зороастризмдік дүниетанымы отты киелі құбылыс санап, оны пір тұтқан. Ұста дүкенінің орнына аян көмегімен тілеухананың салынуы бекер емес. Қазір қара дүкен – өз уақытындағы қызметін атқармаса да, халық үшін маңызды, киелі орын.

Сталиндік қызыл қырғынның құрбаны болған ұста 1958 жылы КСРО Жоғары кеңесінің қаулысымен ақталуы мүмкін деген оймен ұрпақтары сұраныс берсе, Әжімбет Қарайғырұлының өлгендер қатарында екені айтылған. «Қиыр Шығыста айдауда жүріп өлген» деген халық арасындағы әңгіме расталғандай болған. Күдер үзген қыздары ауылдың сыртына үлкен биік шоқыға құран оқытып, ас беріп, туған-туыстарымен бірге 1961 жылы арнайы ескерткіш-белгі орнатқан. Қазір бұл белгі «Әжімбет белгісі» деп аталады. Былтыр ағайындардың көмегімен реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, күмбезі қайта қойылды.

Әжімбет ұстаның басына не келіп, не кетпеді? Оған «Кеңес үкіметінің саясатына наразы болған», «ескі заманды аңсаушы», «халық жауы», «колхозшылардың арасында контрреволюциялық үгіт жүргізді», «партия мен үкімет басындағыларды балағаттады, тіл тигізді», «кеңес үкіметі құлайды деп провакациялық лақап ақпараттар таратып жүрді», «колхозшыларды колхоздан шығуға үгіт жүргізді», «қашқан байларды ауылға кіргізіп, құнарлы жерлерді бөліп берді», «ұлтшылдықты насихаттады» деген айыптар тағылған.

Зорлық-зомбылыққа іштей шыдай алмаған Әжімбет атаның:

– Жалпылдаған ылғи белсенді,

Ұрайын сенің кеңсеңді,

Николай заман бір келсе

Езер едім еңсеңді, – деген өлең жолдары халық аузында сақталып, бізге жеткен. Кеңес үкіметінің саясатына наразылығын осылай өлеңдеріне қосып отырған. Өкініштісі, көбісі сақталмаған.

1937 жылы 20 қазанда ұстаны ең жоғарғы қылмыстық жаза – ату жазасына бұйырған. Бұл бұйрық сол жылдың 1 қарашасында сағат 23:45-те іске асырылған (Қызылорда облыстық прокуратурасының анықтамасы).

Кеңес үкіметінің алғашқы кезінде ол ел басқару ісіне араласқан. Арал ауданындағы Қасқақұлан колхозы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Байсұлу әжейдің айтуынша, тұтқындалар алдында Алматыға барып қайтыпты. Ұсталарын білген соң Алматыдағы досы Меңдібұлла Күзембаевқа барып, жағдайын айтқан болу керек. Артынша М.Күзембаевты «халық жауы» деп тұтқындаған. Әжімбетті де «Меңдібұлланың құйыршығы», «Ахмет Байтұрсыновтың сыбайласы» деген айыппен тұтқындаған. Осы айыптардан кейін 1937 жылдың 17 тамызында Қазалы аудандық НКВД бөлімінің қаулысымен тұтқынға алынып, қылмыстық іс қозғалған. Тұтқындалар алдында Әжімбет бір жаманшылықты сезгендей жасаған бүкіл дүниесін, мұрасын теңіз қойнауына жасырған. Өкініштісі, кейін ол дүниелер ұрланып кетеді.

1993 жылы 14 сәуірде жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңына сәйкес Әжімбет Қарайғырұлы қуғын-сүргін құрбаны деп танылып, ақталды.

Ол бармағынан бал тамған шеберлігімен қоса, егін егудің әдіс-тәсілдерін өте жетік меңгерген екен. Туған-туысқандарына тың жерлерге егін егуді үйретіп, еңбекке баулып отырған. Өз руластарын асырап-баққан. Екіншіден, ғылымға ден қойған кісі. Тұтқындалар алдында өзінің жинаған кітаптарын тығып-жасырған деседі. Ұрпақтары әлі күнге дейін таппай жүр.

Үшінші ерекшелігі – мерген болған. Мергендігі туралы аңыз-әңгімелер өте көп.

– Мәулекеш шешем айтып отыратын. Әкем аңшылықтан келгенде бір қайық құс пен балық алып келетін еді. Соны әжелеріміз түнімен тазалап, үйден үнемі ас ішетін ағайындарға дайындап беретін, – дейді Айымкүл апа.

Өмір салты өзгере келе, төл мәдениетіміз небір асылынан айырылып қала жаздады. Дейтұрғанмен, қазір ел ішіндегі майталман шеберлер ұлттық дәстүріміздің, ұлттық бірегейлігіміздің нышан-белгісін жоғалтпай, қолдан келгендерін ортаға салып, өнерді жалғастыруда. Сыр өлкесінің қолөнер шеберлерінің бастауында тұрған Әжімбет Қарайғырұлының қолынан шыққан барлық асыл бұйым атаулысы, ең алдымен, шебердің өз жанынан терең орын алған күйден туған. Ұстадан қалған әр жәдігер солай сөйлейді.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

(Соңы. Басы №19-20 санда)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<