Отыз бес жыл маза бермеген ой

1204

1

Иә, ол кезде  20-21 жаста екенбіз. Қазақ ССР-нің астанасы – асқаралы Алатаудың бөктеріндегі ару да әсем қала Алматы. Ызғарлы да өткір желі жауырыннан өткен  1986 жылдың 17-желтоқсаны.

Мен  сол кезде Алматы мемлекеттік медицина институтының 4-курс студентімін. Институт активистері таңертең ерте келіп, түнде жанжал басталғаны туралы түсіндірді. Қолымызға қызыл матадан таңғыш тағып, көтеріліс жасап жатқан жастармен байланысқа шығып,  тәртіпке шақыру туралы айтты. Орталық  алаңға қарай беттедік. Сол сәтте темір жол вокзалы жағынан үлкен көшемен мыңдаған адам ұрандар жазылған плакаттары бар, сап түзеп келе жатты. Алып барған институт активистері тобымызды шарасыздықтан таратып жіберді.  Әрі қарай жастармен бірге Л.Брежнев атындағы алаңға барып, Д.Қонаевты орнынан алып, соған наразылық білдіріп жатқанына куә болдық.

Түс ауа сабақтан қайтқан соң бір жағы жастық, қызығушылықпен бір бөлмеде тұратын жігіттер Айдар, Ерлан, Ғабит алаңға келді. Онда халық алғашқыда аздау еді. Көбі – жастар, студенттер мен жұмыс жасайтын жастар, тек қана қазақ ұлты өкілдері.

Кешке қарай алаң халыққа толды. Бастапқыда бейбіт митинг болды, ОМОН-ы бар, милициясы бар, қару жарақпен қоршап, Үкімет үйіне қарай халықты жібермей  тұрды. Алаңның біз тұрған жеріне Роза Бағланова  келіп,  жастарға ақылын айтып, шерудің бейбіт  түрде өту керек екенін түсіндіргенін көрдім.

Қазақ жастары ұлттық намысымызды қорғау, өзіміздің ұлттан да ел басқара алатын адам бар екенін айту үшін шеруге шықтық. Бірақ, шынын айтсақ  бізді тыңдайтын ешкім болған жоқ. Сосын алғы шептен жанжал шыға бастады. ОМОН-дар дубинкамен қолында дымы жоқ жастарға қол көтергесін басталды бәрі. Ұрып-соғу, ұл-қыздарды қолдарын артқа қайырып, қыздарды шаштан сүйреп автобустармен әкетіп жатты. Қазір еске алсам, жастар үлкен қарулы топпен бетпе-бет кездескен екенбіз. Бізге қарсы өрт сөндіргіш машиналар да жұмсалды.

Ұсталғандардың арасында біздің Ерлан Балғожин да кетті. Оны «Целинный» кинотеатрының қасындағы Калинин аудандық милиция бөліміне  адам сыймаған соң,  Сейфуллин-Мәметова қиылысындағы СИ-1-ге жеткізген. Екі күн түнетіп, тергеп, үшінші күні қараңғы түсе сол каталажкамен Абай көшесіндегі стадион аялдамасына әкеліп тастапты (мұны  келген соң  өзінен естідік).

Абырой болғанда,  біразымыз ұстатпай қашып кеттік. Түннің бір уағында үстіміз бүлініп, жарақаттанғанымыз бар, жатақханаға жетіп, ертеңіне алаңда жиналуға уәделестік. Желтоқсанның 18-і  күні түске дейін  институтқа сабаққа, түстен кейін  алаңға тағы бардық. Алматы зоо-ветеринарлық институтында  оқитын ауылдас ағам Ідіріс Аяповты жолдастарымен көрдім. Бұл күні де кешегі оқиғалар қайталанды. Фурманов көшесі бойымен «Елім-ай» әнін айтып, алаңға жақындадық. Бірақ алаң қоршауда, кіре алмадық.

Сол күні бөлмелес ағамыз Айдар Қожабергенов жарақат алып, төрт тісі сынып, бір түн жоқ болып  кетіп, аман-есен оралды. Алаңда болған сұмдық оқиғаны қатысып, көзімен көргендер біледі (қайталап айтып, жаза беру керек емес деп ойлаймын). Бейбіт шеруге шыққандарды күшпен жаншып, басқаннан кейін, өздерін ақтап қалу үшін, билік «жастардың бұзақылық әрекетіне» қатаң саяси баға беріп, көпшілік алдында жазалауды жаппай талап ете бастады.

Сөйтіп, әділет іздегендер қудалауға ұшырады. Митингке қатысқандарды іздеу, тергеу жұмыстары басталды. Бәрі «халық жауы» көретін бізді. Жауапқа тартылғанғандардың көпшілігі – ұсталғандар мен алыстан бейнекамераға түсіп қалғандар. Ұсталған жігіттерді КГБ қызметкерлері келіп, лекция үстінен фамилияларын атап тұрғызып, тергеуге  алып кететін. Қоғамдық тәртіп бұзды деп Ерлан Өміртайұлы, Төлебай Айнабеков, Болат Тастамбеков алдымен комсомолдан, сосын институттан шығарылды. Бірақ олар жазықсыз  жапа  шеккен еді.

Қазақтың басына мұндай зобалаң енді келмесін. Менімен осы көтерілісте бірге болған және зардап шеккен  Алматыдағы курстасым әрі бөлмелес ағамыз Айдарға, курстасым Төлебайға, атыраулық досым Ерланға мықты денсаулық тілеймін. Марқұм болып кеткен курстасымыз Болатқа иман байлығын берсін, көрмеген қызығын жары Закида ұлы Дәулетпен бірге көргей.

Қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шахановтың көмегімен Ерлан дос  институтқа қайта қабылданып, бітіріп, дәрігер қызметін абыроймен атқарып жүр. Желтоқсан оқиғасы біздің шын мәнінде ұлттық ділімізді ұштай түсті, қазақ ұлтының бірлігін аңғартты. Бүкіл бодан ұлттардың санасын оятып, қазақ қыз-жігіттерінің намысын көтере білді. Оған қатысқан азаматтарды  толығымен анықтап, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе екен. Тәуелсіздіктің 30, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына байланысты осы кезге дейін  еленбей  және көтеріліске қатысқаны дәлелденбей жүрген азаматтардың  көтеріліске қатысқаны дәлелденіп, қатысушы мәртебесі (куәлігі) берілсе деймін.

Оңдаш Жұмашұлы,

Желтоқсан оқиғасына қатысушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<