Қазақ «Қазақ» болғанда

242

0

1925 жылғы сәуір айының 15-і мен 19-ы күндері аралығында V Бүкілқазақ кеңестер сиезі өтіп, ел тарихында із қалдырған айтулы оқиғаға айналды. Жиын барысында халқымыздың «қазақ» деген төл аты қалпына келтіріліп, жаңа астана – Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп атау жөнінде шешім қабылданды.

Таңғаларлығы, бұл екі мәселе де сиездің күн тәртібінде жоқ еді. Мән-жайды байыптау үшін ғылыми іссапарларымыз барысында Мәскеу, Орынбор, Ташкент қалаларының архивтерінен, сондай-ақ ҚР Президенті архивінен көшірмелері алынған тарихи құжаттарға және Ресей мемлекеттік кітапханасының Химки бөлімшесінде сақтаулы ескі басылымдардың бетінде жарық көрген мақалаларға жүгіндік. Академик М.Қойгелдиевтің жетекшілігімен әзірленген «Алашорда ісі» атты құнды жинақтан да тақырыпқа қатысты кейбір деректер ұшырасты.

РКП(б) Қырғыз облыстық комитеті (ол кезде солай аталатын – А.Ш.) бюросының 1925 жылғы 27 ақпандағы өткен мәжі­лісінде ҚКСР Кеңестері 5-ші Өлкелік Сиезінің (әуелгі құжаттарда жиынның аты осылай болды – А.Ш.) мынадай күн тәртібі бекітілді: 1. КСРО-ның халықаралық және ішкі жағдайы; 2. Үкіметтің есебі (Мең­дешов пен Нұрмақов жолдастардың баян­дамалары); 3. Сауда және кооперация; 4. Халық ағарту; 5. Жерге орналастыру және ирригация; 6. ҚССР-дағы қаржы жағдайы (Орынбор мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві. 1-қор, 1-тізбе, 499-іс, 33-парақ, артқы беті). Сол күннен бастап Қыробкомның (Қазобком) мәртебесі ауы­сып, Қырөлкеком (Қазөлкеком) боп қолданысқа енгенін де атап өткен жөн. Ал бастапқыда ашылуы 1 сәуірге белгіленіп, кейін 15 сәуірге шегерілген V Бүкілқазақ кеңестер сиезінің бірінші мәжілісінде күн тәртібі келесі айырмамен мәлімделді: 1. ҚАССР Үкіметінің есебі; 2. Халық ағарту; 3. Жерге орналастыру және ирригация; 4. Сауда және кооперация; 5. ҚАССР қаржылық жағдайы; 6. Сайлау (Бюллетень V-го Всекиргизского Съезда Советов. 15.05.1925, №1, С.3). Көріп отырға­нымыз­дай, «қазақ» тақырыбы мен астананың атын ауыстыру жөніндегі мәселе қарас­тырылмаған. Мұның сәл алдында, 9 сәуір күні өткен БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 2-ші Пленумында да осы төңіректе сөз қозғалмаған (ҚР Президентінің Архиві. 141-қор, 1-тізбе, №7 сақтау бірлігі).

Сиездің жұмыс кестесі күн сайын таңертеңгі сағат оннан түскі екіге, сосын үзіліс жасалып, сағат бестен кешкі тоғызға дейін созылды. Ең ақырғы – 19 сәуір күні, онда да жиын аяқталуға таяған кезде Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі қызмет) Сұлтанбек Қожанұлы кенеттен сөз сұрады. Аудармада ауытқушылық орын алмауын қалайтын ресми құжат болғандықтан, мәтінді орыс тілінде бергенді жөн көрдік (Бюллетень V-го Всекиргизского Съезда Советов. 19.05.1925, №8, С.5-7). Біріншіден, С.Қожанұлы «қазақ» пен «Қазақстан» атауларын заңдастыру туралы былай деді:

«У нас до сего времени существует одно недоразумение; киргизы сами себя называют казаками. Это они не переняли у русских казаков, а назывались казаками еще гораздо раньше. Первый союз кочевников уже носил название казачества, так что можно думать, что русские казаки переняли это название.

Теперь киргизы полагают, что слово казак по-русски означает киргиз. В декларации говорится «Киргизская Республика», а тов. Токжигитов называет «Казакской Республикой», так что это перевод. Надо все это расследовать, т.к. мы знаем, что это остаток старого; может быть переводчики, потворствуя колонизаторским силам, так называли казаков (смех). Между прочим, называют киргиз еще и кара-киргизами. Но это не кара-киргизы, их так назвали русские. Мы просто казаки, чтобы отличить киргиз от казаков их назвали кара-киргизами или черными киргизами. Надо теперь узаконить, чтобы в будущем киргиз называть казаками и Республику Казахской, т.е. Казахстаном. Я предлагаю установить за киргизами это название и прежнее не совсем красивое клеймо надо смыть. Пусть 5-й Всекиргизский съезд советов узаконит название «казак» за киргиз­ским народом, а «Казакстан» за Кир­гиз­ской Респуб­ликой (Аплодисменты)».

Сиезге қатысып отырған 446 деле­гат бұл ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді. Олардың 394-і шешуші, 52-сі кеңесші дауысқа ие болатын. Делегат­тардың 65,5 пайызын түрік халық­тарының өкілдері (қазақ­тар, өзбектер, қарақалпақтар, т.б.), қал­ған бөлігін еуропалық ұлт азамат­тары (орыстар, украиндар, т.б.) құрады.

Көп ұзамай, С.Қожанұлы тағы сөз алып, Ақмешіттің атын өзгерту туралы мәселені алға тартты:

«Город Ак-Мечеть до завоевания царским правительством назывался Ак-Мечетью. При царской власти он был переименован в честь графа Перовского в город Перовск. К началу революции ему опять дали старое название Ак-Мечеть. Как бы он не назывался раньше, он был заброшенным городом, заурядным городом. 5-й Съезд Советов мы считаем переломным в жизни Казакской Республики. Этот съезд мы называем первым съездом. Увеличивает зна­чение этого съезда и то, что съезд проходит в новом центре Казахской Республики Ак-Мечети и заурядный городок Ак-Мечеть превращается в центр Казахской Республики.

Я предлагаю в связи с этой переменой значения этого города, переменить и его название в чисто казахское. Раньше существовали центры ханских образований, как например – Ак Орда, знаменитый хан назвал свой центр Кок Орда, что значит синяя, и мы свой центр можем назвать красным центром – Кзыл-Орда. Я предлагаю центр Ак-Мечеть (Перовск) назвать отныне Кзыл-Орда (Аплодисменты)».

С.Қожанұлының бұл ұсынысын да сиез делегаттары толық мақұлдады.

Сөйтіп, V Бүкілқазақ кеңестер сиезі қазақ халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру жөнінде шешім шығарды.

Мұнан соң, БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті бюросының 1925 жылғы 9 мамырдағы мәжілісінде V Бүкілқазақ кеңестер сиезінде қабылданған Ақмешіттің атын – Қызылорда, Қырғыз Кеңестік Социалистік Респуб­ликасының атын Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­пуб­­ликасы деп өзгерту туралы қаулыны бекіту үшін Бүкілодақтық Атқару Коми­тетіне ұсыныс жасау туралы С.Қожанұлы сөз сөйлеп, бұл істі аяғына дейін апару ҚазОАК төрағасы Жалау Мыңбаев пен ҚазХКК төрағасы Н.Нұрмақовқа жүктелді (ҚР Президентінің Архиві. 141-қор, 1-тізбе, №13 сақтау бірлігі).

Нәтижесінде 1925 жылғы 15 маусымда БОАК «Қырғыз Автономды Социалистік Кеңес Республикасының атын Қазақ Автономды Социалистік Кеңес Республикасы деп өзгерту туралы» декрет, ал КСРО ОАК Президиумы 2025 жылғы 24 шілдеде «Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту туралы» қаулы қабылдады.

Бірақ мұнан кейін де орыс тілінде ұлтымыз «казак», республикамыз «Казак­стан» аталып, біршама қолай­сыздық тудырды. Тек ҚазАКСР ОАК-і 1936 жылғы 9 ақпанда шешім шығарған соң ғана тиісінше «казах», «Казахстан» деп жазылатын болды.

Сонымен, өзін ғасырлар бойы «қазақпын» деп келген қазақ Ресей империясының қол астына қараған дәуірде «қырғыз» боп шыға келгені аян. Екіұдай түсінік пайда болды: қазақтың өз аузында – «қазақ», патшаның ресми құжаттарында – «киргиз», «киргиз-кайсак». Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос//Көрмесең, істің бәрі – бос», – дейді. Ыбырайдың жинағы «Киргизская хрестоматия» деп аталғанымен, ішіндегі мысалдарда қазақ өз атымен кездеседі. Міржақып ұлт-азаттық қозғалыстың манифесі сана­латын кітабына «Оян, қазақ!» деп ат қойды. Соның үлгісімен жарық көр­ген кітаптардың мұқаба­ларында «Тұр, қазақ!», «Жатпа, қазақ!» деген жазулар тұр­ды. Сүйегі тәжік топы­рағында жатқан ел қайраткері, ақын Елеусін Бұйрин 1911-1913 жылдары тұң­ғыш рет «Қазақстан» деген атпен газет шығарды. Алаш жұртының мін­беріне айналған «Қазақ» газетінің (1913-1918) де осы атты иемденуі бекер еместігі белгілі. Сұлтанмахмұт: «Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын» деп өлең жазды. «Түрік баласы» деген бүркеншек есімді автор (Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуінің бірі деген пікір бар) «Қазақтың тарихы» атты мақаласында: «Тарих кітап­та­рындағы көп қатенің бірі – тарих жазушылардың ешбірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ! Қырғыз – өз алдына қырғыз… Орыстың атты ғаскері «казак» атанғандықтан біздің қазақ өзінің атынан айырылып, «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ болып жасамақ», – дей отырып, әрі қарай: «Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы… «қырғыз» деген жаңылыс атты қойып, «қазақ» деген атты қолдануы тиіс», – деген мәселе қойды («Қазақ» газеті, 1913 жыл, №3).

Кеңес өкіметі орнаған соң да басылымдарымыз «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» деген аттармен жарық көргенімен «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала берді. Тіпті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің «Жизнь национальностей» апталығында басылған 1919, 1920 жылдар­дағы мақалалары сәйкесінше «Революция и киргизы», «О киргизской интел­лигенции» деген бас тақырыптармен ұсынылды. Сондықтан Міржақып Дулатұлы «Қазақ-қыр­ғыздың аты, тегі туралы» еңбегін 1923 жылы «Шолпан» (Ташкент) мен «Қызыл Қазақстан» (Орынбор) журналдарында бірдей жариялап, онда: «Қазақ пен қырғызды бөтен жұрт­тар бұл күнге шейін дұрыс атамайды. Мәселен, орыс халқы қазақты «киргиз-кайсак» деп бір сөз орнында атайды… Қазақ өзін қашан­нан «қазақ» деп, қырғыз өзін «қырғыз» деп келеді… «қазақ» атты қазақтың өз ал­дына жұрт болғаннан бері өзгерілмей келе жатқандығы, еш уақытта қазақ өзін өзге атпен атап көрмегендігі анық. Қа­зақтың «қазақ» аты Парсы, Бұхар, Хиуа һәм өзге Азия жұрттарының көбіне мәлім», – деп жазды. Сол мезгілдегі республикамыздың Халық Комиссарлар Кеңе­сінің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінің 2023 жылғы 15 ақпандағы санында «Манап Шамиль» деген бүркеншек ат­пен жарық көрді. Ұлт қайраткері: ««Қазақтың орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек», – деп, нақты іске шақырды. Бұл осы тақырыпқа қатысты қазақ қоғамында ұзақ уақыттан бері әбден пісіп жетілген көңіл күйді дөп басты. Расында да, билік жүйесінің тәртібі бойынша мұндай қаулыны қа­былдау ХКК емес, ОАК-інің құзырында болатын.

Бірақ мәселенің шешімі кешеуілдеді. Бұған объективті себеп те бар еді. 1924 жылы Кеңес билігінің ұйғарымы бойын­ша Орта Азияны ұлттық- территориялық жағынан межелеу саясаты жүзеге асты. Бұрын араласа-құраласа өмір кешкен қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік, қара­қалпақ халықтары Түркістан респуб­ликасының аумағын бөлісіп, әрқайсысы тиісінше автономды рес­публика, облыс және аудан болып өз алдына отау тікті. Жетісу мен Сырдария облыстарының қазақтар басым бөлігі (негізінен қазіргі Қызыл­орда, Түркістан, Жамбыл, Ал­ма­ты, Жетісу облыстарын қамтитын жер­лер) Қазақстан құрамына қосылды. Республика орталығы Орынбордан Ақмешітке ауыстырылды.

Сөйтіп, V Бүкілқазақ кеңестер сиезі өтіп жатқан кезде, 1925 жылғы 17 сәуір күні «Ақ жол» газетінің бетінде «Енді қазақ демей болмайды» атты мақала жарқ ете қалды. Авторы – Ахмет. Біз қай Ахмет екенін айта алмаймыз, өйткені дәйегіміз жоқ. Газет редакциясында сондай адам қызмет істеді ме екен? Оқымысты көп зиялының бірі ме? Әлде, Ахмет Байтұрсынұлының беделін пайдалану үшін шартты түрде қойылған есім болар, кім білсін…

Ең бастысы, араға бір күн салып, қазақ аты қалпына келтірілді.

Қазіргі күні айтуға оңай, ал сол заманда, одан кейінгі зобалаңдар тұсында да «қазақ» атын дәріптегені және мақтанышпен жырлағаны үшін ақындарымыз қатал сынға ұшырады. Қасым Аманжолов: Ей, тәкаппар дүние!//Маған да бір қарашы.//Танисың ба сен мені?//Мен қазақтың баласы!», – деп бастап бергені сол еді, көпке бармай «ұлтшылдық» айыбы тағылды. Оның ізбасар досы, кейін Халық жазушысы атанған Қуандық Шаңғытбаев соғыс жылдары «Мен – қазақ!» атты өлең жаз­ған соң баспасөз бетінде: «Қ.Шаңғытбаев шығармаларындағы ұлтшылдық сарын ең алдымен «Қазағым»-нан басталады. Ол қазақ, оның қаны да, жаны да, өлеңі де қазақ ұлты үшін ғана», – деген секілді жала жабылып, тіпті «қазақ деген ұғымды Отан деген ұлы сөзден бөліп сарнағандығы» туралы үкім айтылды («Екпінді» газеті, 1951 жыл). Ақын бұл жөнінде: «…осы өлең үшін мен көп соққы көрдім. «Мен – қазақ!» деген сөз­дің өзі менің тағдырымды, көп уақытымды күйінішке толтырып кетті», – деп еске алды. «Мен – қазақпын» поэмасының авторы, егеулі қалам иесі Жұбан Молдағалиев 1943 жылы жазылып, алғаш рет майдандық «Отан үшін» газетінде басылған, ізінше Әбу Сәр­сенбаев, Сәбит Мұқанов, Мұқан Иман­жанов секілді жазушылардың қол­дауы­мен Қазақстан Жазушылар одағында оқылған, республикалық радио эфирінен таратылған, «Социалды Қазақстан» газетінде қайта жарияланған «Қазақ» атты өлеңін 38 жыл бойы суырмасында сақтауға мәжбүр болды. Онда да өзінің атақты поэмасы секілді, советтік цензура тарапынан күзеліп, түзеліп барып жарық көрді. «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген танымал тіркестің бір кілтипаны осында.

Астананың Ақмешітке көшуінің де қилы тарихы бар. 1920 жылғы 13 мау­сымда РКСФР ХКК төрағасы В.И.Ленин РК(б)П ОК қабылдаған «РК(б)П-нің Түркіс­тандағы міндеттері туралы» ше­шім­нің жобасына өз ескерт­пелерін жа­зып, онда: «1) Түркістанның Өзбек­стан, Қырғызстан (Қазақстан – А.Ш.) және Түрікменстан деп сараланған картасын (этно­­графия­лық және басқа) жасау тапсы­рылсын; 2) Бұл 3 бөлікті қосу не­месе ажырасу шарттары неғұрлым егжей-тегжейлі анықталсын», – деп тапсырма берді. Көп ұзамай, 1921 жылы Әулиеатада өткен қазақ-қырғыз сиезінде Түркістан қазақ­тарының Қа­зақстанға қосылу мәселесі қаралды. Ал 1922 жыл­ғы 22 наурыз күні Ташкентте болған ТүрОАК жанындағы қазақ бөлімінің мә­жілісінде Жетісу мен Сыр­дария облыс­тарын Қазақ­станға қосуды ке­шеуілдете тұрудың келесі себептері көрсетілді: 1) Түркіс­тан­дағы жер рефор­масын аяғына дейін апару; 2) Қазақстанның астанасын Орынбордан көшіру; 3) Қазақстанда кеңес жұмысына жер­гілікті жұрттың адамдарын кеңінен араластырып, отар­шылдықтың қалдықтарын жоюға қол жеткізу (Өзбекстан Республи­касының Орталық мемлекеттік архиві. 17-қор, 1-тізбе, 277-іс, 82-парақ). Алайда осы шарттар орындалмай тұрып, Орта Азияны бөлшектеу нау­қаны бас­талып кетті. Республикадағы ең жоғары мемлекеттік орган – Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, межелеу комиссиясы жұмысының алғы шебінде жүрген С.Қожанұлы әуелде Орта Азия Федерациясын құру идеясын ұсынды. Оған тойтарыс берілгесін, «Қазақ ұлт мемлекеті жасасын!» атты мақаласын жариялап («Ақ жол» газеті. 24.08.1924), РКП(б)П ОК Саяси бюросының 1924 жылғы 11 қазандағы мәжілісінде Қазақ­стан­ның КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуін және Қазөлкекомның Қазақ коммунистік партиясы болып өзгертілуін ұсыныс етіп енгізді. Бірақ бұл мәселені де жария талқылауға тыйым салынды (Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві. 62-қор, 2-тізбе, 80-іс, 23-парақ).

С.Қожанұлы енді елорда тақырыбымен белсенді шұғылданды. Пікірлерін «Ақ жол», «Еңбекшіл қазақ», «Тілші», «Лениншіл жас» басылымдары арқылы көпшілік талқысына салды. Мысалы, «Ұлт шекарасын ашу һәм Қазақстан» мақаласында: «Жариялан­ғанына 5 жыл болса да, Қазақстан (Қазақ ұлт республикасы) әлі қазақ ұлт мемлекеті болып аяқталған жоқ. Астанасы – Еуропа топырағында, қалың орыс ортасы – Орынбор қаласында. Халқының көпшілігі жат ұлттар болып, Қазақстанда ұлт мемлекеттерінде жүргізілетін саясат осы кезге дейін жүргізілген жоқ», – деді (Тілші. 31.08.1924). Қазақтар үмітті болған Ташкент шаһары РК(б)П ОК-інің шешімімен 1924 жылдың қазанында біржолата өзбек ағайынның қанжығасына байланды. Астана туралы айтыс өрбіп, Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент, т.б. қалалар ауызға алынды. Бір қызық факт: РКП(б) Қыр­обкомы атқару бюросы 1924 жылғы 8 шілдеде және 14 қыркүйекте, сондай-ақ ҚырОАК-і сол жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның орталығын Шымкент қаласына көшіру туралы қаулы шығарған еді. Бірақ бұл шешімдер орындалмады.

«Мемлекет астананың жұртшылығына сүйеніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды. Олай қылайын десе, Қазақстан хүкіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орынбор губерниясынан артылмайды» деген С.Қожанұлы орталықтың шалғай шетте орналасқанын қаламады. Орын­борды ол Ресей империясы Шығысқа жол ашатын қақпа ретінде салған «отар қоныс» деп ба­ғамдады («Ақ жол«. 12.11.1924). Оның ұстанымы қазір елге кеңінен танымал боп кеткен: «Қайда болса да, Қазақстан кін­дігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да, қалың қазақтың ортасы болсын», – деген сөздерінен көрінді («Ақ жол». 28.01.1925).

С.Қожанұлы бастапқыда: «Ауыл­жақтықты қоздырып, әркім өзіне тартып өшігіп, ақырында қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Ортаға қойылған мәселе Қазақ­станның жалпы астанасы екені ұмытылмасын», – деп алаңдаса («Ақ жол». 23.12.1924), соңыра «Қазақстан кіндігі қай қала болсын?» атты мақа­ласында: «Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі – Қарақалпақ облысы мен Сырдария губерниясы, күншығысы – Жетісу, теріс түстігі – Ақмола мен Торғай, күнбатысы – Ақтөбе мен Орал болып, үлкен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқтағанша, Ақмешіт үлкен қала болып кететіні анық», – деген тұжырымға келді («Ақ жол». 28.01.1925).

1925 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жөнінде қаулы қабылдады. С.Қожанұлы «Лениншіл жас» журналының сол жылғы 1-2 санында «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген сауалға жан-жақты жауап қай­тарды. Қаланың орна­ласқан жерінің экономикалық байла­нысқа қолайлы екенін, табиғи байлық көздеріне таяу тұрғанын, Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетуге мол мүмкіншілік беретінін, ең бастысы – шаһар халқының тоқсан пайызын қазақтар құрайтынын тілге тиек етіп, көші-қон жұмыстарын аялдатпауға шақырды. Ол БК(б)П Қазөлкекомының орталықты Орынбордан Ақмешітке көшіру бойынша іс-шараларды әзірлеу жөніндегі комиссиясын басқарып, мәжілістеріне төрағалық етті және хаттамаларына қол қойып отырды.

Сайын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кешіріп дағдыланған қазақ қоныс жаңалаудың бұрын болмаған таңсық түрі – астана көшіне қамданды. Орын­бордан Ақмешітке дейін үш жарым тәулік жүрген он екі вагонды отарбаның жолаушыларымен бірге бастан кешкен тарихи сәттер туралы жазушы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» кітабының «Көңілді сапар» атты тарауында баяндап берген. Ал көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев өз естелігінде: «Астана көшіп келісімен-ақ, сәуір айында (15-19 күндері) Қазақ автономиялы респуб­ликасы Кеңестерінің сиезі болып, онда Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен сол кезге дейін ұлтымыздың «қырғыз» делініп келген жалған атын өзгертіп, өзінің тарихи-этникалық «қазақ» деген атын қалпына келтіру туралы қаулы қабылданды. Тағы бір есімде қалғаны, Кеңестердің сол құрылтайында жаңа астананы Қызылорда деп атауға шешім шығарылды. Бұл да Сұлтанбектің ұсынысы арқылы өтті», – деп жазды («Егемен Қазақстан» газеті. 10.05.1998)

С.Қожанұлы бұған дейін де Исатай-Махамбет, Жанқожа көтерілістерін жойып-жаншуда, Ақмешітті бағындыруда қаталдық көрсеткен қандықол генерал Перовскийдің аты берілген қаланың тарихи тағдырында із қалдырып үлгерген болатын. Оны мына құжат растайды: «Қазақ бөлімі және қазақ тұрмысын зерттеу жөніндегі комиссияның 1922 жылғы 11 сәуірдегі бірлескен мәжілісінің №7 хаттамасы. Тың­далды: Бірқатар облыстар мен уездердің отаршылдық атауларын өзгерту туралы. Қаулы етілді: Сырдария облысының Перовский мен Голодностепский уез­дері, сондай-ақ Семиречье облысы пат­ша үкіметі белгілеген отаршылдық атауларды иемденіп отырғаны назарға алы­нып, бұдан былай олар өз тарихи атауларына сәйкес: Перовский уезі – Ақ­мешіт уезі, Голодностепский уезі – Мырзашөл уезі, Семиречье облысы – Жетісу облысы болып өзгертіліп аталсын. Қаулы ТүрОАК коллегиясының ше­шімімен 1922 жылғы 12 сәуірде бекітілді. Қол қойған: ТүрОАК төраға­сының орынбасары С.Қожанов» (Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві. 17-қор, 1-тізбе, 277-іс, 105-парақ).

Ақмешіттің атын ауыстырарда қазақ зиялыларының өзара ақылдасқаны белгілі. Бұл туралы мәліметтерді жоғарыда айтылған «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» көптомдық жинағынан (Алматы: «Кітап Пресс», 2023) табуға болады. Біріккен мемлекеттік саяси бас­қарманың тергеушілеріне 1931 жылғы 20 қыркүйекте берген жауабында белгілі қайраткер Қоңырқожа Қожықов: «Ақмешіттің аты Қызылорда боп өзгеруі тарихын мен жақсы білемін. Бұл былайша болды: 1925 жылғы Кеңестер сиезі кезінде мен, Жандосов, Қожанов және басқалар қазақтардың бірінің үйінде түскі асқа жиналдық. Түскі ас үстінде жаңа астананы қалай атау керектігі жөнінде мәселе көтерілді. Мен оны «Қызылорда» деп атауды ұсындым және бұл бәріне ұнады, мұнан соң Қожанов бұл атты Кеңестер сиезінде ұсынып, ол қабыл алынды», – депті (Алашорда ісі, 4-том, 66-бет). Дінше Әділовке қатысты іске жүгінсек, 1928 жылғы 24 және 27 желтоқсан күндері жүргізілген тергеу материалдары да бұл деректі растайды. Өз жауа­бында ол Емберген Табынбаев деген семинария бітірген мұғалімнің үйінде өзі, Қожанов, Есболов, Қожықов түскі ас ішкенін, «Қызылорда» атауын бірінші Қожықов ойлап тапқанын, «неге олай?» деген сұрақ­қа «қызыл» большевиктерге ұнай­ты­нын, ал «орда» ұлттық атау екенін, сондықтан бұл екі тараптың да көңілінен шығады деп айтқанын, одан әрі Қо­жановтың сиезде кезектен тыс сөз сұрап, ұсыныс енгізгенін келтіреді (Алашорда ісі, 1-том, 188-189-беттер). Ендеше, Қызылорда қаласының шежіресінде Қоңыр­қожа Қожықовтың ойып орын алатыны айқын.

Әзербайжан, түрікмен тілдерінде «қызыл» сөзі алтынды білдіретінін, қазақ жеріндегі алтын шығатын кен орнының бірі «Қызыл» деп аталатынын ескерсек, «Қызылорда» атауының түп мағынасы «Алтын Орда» атауымен де ұштасып жататыны назар аудартады.

Жалпы, «қазақ» этнонимін қалпына келтіру, республика астанасын көшіру мен оған жаңа ат қою секілді тағдыршешті мәселелер сол мезетте ұлт қайраткерлерінің басын біріктіріп, ортақ мақсат жолына жұмылдырды деп айтуға болады.

Амантай ШӘРІП,

ҰҒА академигі.

«Түркістан» газеті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<