Қызылорда облыстық  филармониясы

619

0

Өңіріміздегі өнер ордасының бірі – Қызылорда облыстық филармониясының тарихы Нартай Бекежановтың есімімен тығыз байланысты. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен елге оралысымен Нартай елдегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейін осы үйірме үлкен ансамбльге, одан соң облыстық филармонияға айналды.

Облыстық филармония 1972 жылы 16 қарашада Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің №253 бұйрығы негізінде құрылып, өз жұмысын 1973 жылдың қаңтарынан жүргізе бастады. 1972 жылдың аяғына дейін Қызылорда облысының аумағында өткізілетін концерттердің барлығын Шымкент қаласындағы эстрадалық-концерттік бюро ұйымдастырып отырды. Филармония сол кезеңде «Қазақконцерт» бірлестігіне тікелей бағынып, облыстық мәдениет басқармасы басшылық жасады.

Алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов жетекшілік етіп, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасады. Фольклорлық ансамбльге белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, ал эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен.

Қазір Қызылорда облыстық филармониясында 8 өнер ұжымы – Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би, «Ақмешіт» фольклорлық ансамбльдері, камералық оркестр, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі бар.

Сыр елінің өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Босния-Герцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қалаларында өнер көрсетіп, еліміздің мәдени мәртебесін әлем сахналарында асқақтатып келеді. Қызылорда облыстық филармониясында 235 адам жұмыс істейді.

Филармонияда ҚР еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, дәстүрлі орындаушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шымберген Тілеулесов, әнші, Мәдениет қайраткері Үміт Медеуова, әнші, сазгер Индира Елубаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметов, «Құрмет» ордені иегері Шолпан Бимбетова, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева, балетмейстер, хореограф, Мәдениет саласының үздігі Гүлбану Мырзабаева, дирижер, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев сынды өнер иелері қызмет етеді.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<