Қызылорда театрының құрылу тарихы

526

0

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумы Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1939 жылғы қаулысымен облыстық өнер ісі басқармасына облыстық драма театры ұжымын құруға тапсырма берілген.

Еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1945 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен Қазақ Комиссариаты Кеңесіне Қызылордада облыстық қазақ-драма театрын құру жөнінде ұсыныс беріліп, Еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1945 жылғы 4 шілдедегі №315 қаулысы негізінде облыстық қазақ музыкалық-драма театры ашылады.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 29 наурыздағы №228 қаулысы және облыстық атқару комитетінің осы жылғы 26 сәуірдегі №310 шешімімен театр Шымкент театрына қосылады.

1955 жылы Еңбекші қазақ, Ақсу, Қаратау колхоз, совхоз театры негізінде Талдықорған облыстық драма театры құрылған. Арада төрт жыл өткен соң ол Қызылорда облыстық драма театры болып бой көтерді.

Еңбекшілер депутаттарының Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1967 жылғы 26 қазандағы №414 қарарымен театрға халық ақыны және композитор Нартай Бекежановтың есімі берілді.

1968 жылы 12 ақпанда Қызылорда қаласында 800 орынға арналған драма театры ғимаратының құрылыс жобасын бекіту туралы қаулы шығарылды. Ал 1985 жылы 26 желтоқсанда Қызылорда қаласындағы драма театр ғимаратының құрылысын пайдалану туралы шешім қабылданды.

Театрдың жұмысын жан-жақты жақсарту, көрермендердің мәдениет ошағын музыкалық-драма театры етіп ашу туралы ұсыныстарына сәйкес Қызылорда облысы әкімінің 1997 жылғы 13 мамырдағы №43 шешімімен облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театры таратылып, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театры болып ашылды.

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық- драма театрына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы №800 қаулысымен академиялық мәртебе берілді.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<