Алдағы екі күнде оңтүстіктегі үш өңірде өзендер тасуы мүмкін

512

0

Фото: Kazinform

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова 12-14 сәуір аралығында Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында өзендер тасуы мүмкін екенін айтты.

«12-14 сәуір аралығында Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы және тау етегіндегі аудандарында қатты жауын-шашын болжанып отыр. Осыған байланысты беткейлерден су жүріп, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар автожолдарда, елді мекендермен шаруашылық құрылыстарда су жайылуы ықтимал. Сондай-ақ, қатты жауын-шашын болжамына байланысты Алматы облысының таулы және тау етегіндегі аймақтарында, Алматы қаласының маңындағы таулы аймақтарда беткейлерден су жүріп, өзендерде су деңгейінің көтерілуінен елді мекендер мен шаруашылық құрылыстарға су жайылуы мүмкін», – деді «Қазгидромет» өкілі.

Оның сөзінше, 12-14 сәуір күндері Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында жауын-шашынның әсерінен айдындарда мұз көшіп, Есіл өзені арнасынан асып кетуі мүмкін.

«Есілдің деңгейі қауіпті межеден асса, өзеннің төменгі ағысында, жайылма аумақтарында жатқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстар мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басуы ықтимал. Петропавл қаласындағы Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейінің күрт көтерілуі байқалды – тәулік ішінде 224 сантиметрге жетіп отыр. 11 сәуір, сағат 8.00-дегі жағдай бойынша су деңгейі – 894 сантиметр болған. Қауіпті деңгей – 980 сантиметр», – деді Алина Ысмағұлова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<