Алайда Ақтөбе облысындағы мал фермасында жұқпалы індет шықты деген күдік расталмады. Ветеринар мамандардың айтуынша, асылтұқымды түлік арам-шөптен уланып өлген. Оқиғаның анық қанығын тексеру үшін аймаққа Астанадан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері де барды.
Хромтау ауданының Қопа ауылындағы шаруашылық бір күнде 253 бас ангус тұқымды сиырынан айрылды. Аналықтар қолдан ұрықтандыру алдында, арнайы қоршауда қамауда тұрған еді. Тіпті Канададан асылтұқымды бұқалардың эмбриондарына тапсырыс берілген. Алайда улы арамшөптің кесірінен мал қырылып қалды. Жүздеген асылтұқымды сиырды арам өлтірмес үшін бауыздауға тура келді.
Оразақ Самыратов, ет кластерінің директоры:
– Малдардың ішін шаюға адам күші жетпейді. Таң атқанша кезектесіп сойып, терісін алып бастадық.
Мұхиттың ар жағынан келген сиырлардың өлуіне есекмия атты улы шөп себеп болып отыр. Алынған сынамалардан орталық жүйке жүйесін зақымдайтын токсиндер табылған. Бұл қауіпті жасушалар өсімдіктің дәнінде болады. Шаруашылық басшылары енді мал азығының сапасын қатаң қадағалаймыз деп отыр. Қазір улы өсімдіктің малға беретін шөпке қалай араласып кеткені тексеріліп жатыр.
Сафиулла Зарманов, «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК Ақтөбе филиалының директоры:
– Біріншіден аса қауіпті ауруларды анықтауымыз керек еді. Басқаларға қауіп болмас үшін. Аурудың жоқ екенін 2 сағатта анықтадық. Сосын басқа бөлімдер іске кірісті.
Арман Өтеғұлов, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:
– Болашақта жалпы Қазақстан бойынша ірі шаруашылықтарға кеңес беретін боламыз. Шөп шабу, оны малға қалай беруді туралы кеңес береміз. Бақылауда ұстап қадағалайтын боламыз.
Шаруашылық басшысы 200-ден астам сиырды аман алып қалғандарын айтады. Ауру малға крахмал ішкізіп, глюкоза мен кофеин егіліпті. Жалпы бұл жерде 12 мың бас ірі қара бағылады. Сиырлардың жаппай қырылуынан келген шығын есептеліп жатыр. Болжам бойынша, оның көлемі жарты миллион доллар болуы мүмкін.
www.24.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<