Дағдарыс орталығына 160 азамат көмекке жүгінген

664

0

Қазір әлеуметтік желіден тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқан бейнелер көптеп көреміз. Осы орайда 13-21 маусым аралығында республикалық «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы басталды. Бұл акция тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оны болдырмауға бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қаламқас Каримова хабарлады.

– Акция аясында кейбір мәселелердің алдын алу үшін облыс тұрғындарына кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Негізінен отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп тамыры – адамдардың тәрбиесінен басталады. Сол үшін өңірдегі бірнеше ұйымдармен бірлесіп ауқымды жұмыстарды жүргізбекпіз, – деді Қаламқас Арыстанқызы.

Биыл өңірдегі «Қамқорлық» дағдарыс орталығына 160 азамат көмекке жүгінген. Олардың 116-ы камелет жасына толмағандар болса, 44-і нәзік жандылар. Аталған орталықта зорлық-зомбылықтың зардабын көргендер үшін 8 бағытта көмек көрсетіледі.

– 2017 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар үшін «Қамқорлық» дағдарыс орталығы қызмет көрсетіп келеді. Біздің орталықта 6 ай мерзімде 8 бағыт бойынша азаматтарға көмек беріледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық және еңбек бағытында. Отбасында қиындық көргендердің басым бөлігі – күш көрсету және психологиялық қысым көргендер. Олар құқықтық тұрғыда қорғалады, – деді “Қамқорлық” дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.

– Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 670-ке жуық азамат қорғауға алынды. Ал 180 адамға мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленді. Қолайсыз отбасы ретінде 20 отбасы тізімге алынды, – деді қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Алмара Махмудқызы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<