Цифрлық сауаттылықтың маңызы

488

0

Қазақстанда Еуропалық Одақ қолдауымен «Сенің дауысың маңызды» жобасын жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жобаның ақпараттық науқаны еліміздің бес қаласында – Қызылорда, Талдықорған, Петропавл, Семей және Ақтауда өтеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында жиын өтті. Оған студент жастар, облыс тұрғындары қатысты.

Жобаның мақсаты – жастар мен әйелдерді азаматтар мен үкімет арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдететін азаматтық технологиялар, құралдар мен қызметтер туралы ақпараттандыру, сондай-ақ ҮЕҰ-ды ағарту жұмыстарына тарту. Жиында Орталық Азияның Еуразия қорының жоба жетекшісі Ақмарал Қарлыбаева қатысушыларға ақпараттық науқанның маңызын түсіндірді.

– Елімізде мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу үшін халыққа барлық жағдай жасалған. Бірақ мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алуды барлығы біле бермейді. Мұндай ақпараттық науқандар тұрғындарды, әсіресе өңірлер мен ауылдық жерлердегі онлайн марафондарымызға, басқа да іс-шараларымызға белсенді қатысуға тарту үшін өте қажет. Жоба жұртшылықтың өз мәселелерін шешіп қана қоймай, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға көмектеседі, – деді ол.

Айта кетейік, Орталық Азияның Еуразия қоры аймақта 2005 жылы құрылған. Қоғамдық ұйым ұлттық және өңірлік деңгейде азаматтарға қоғамдық мәселелердің тиімді шешімдерін табу және ілгерлетуге көмектесе отырып, қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады. А.Қарлыбаева іс-шараға қатысушыларға 7 күндік онлайн марафонға қатысу мүмкіндіктері туралы айтып берді.

– Марафон қорытындысы бойынша қатысушылар Алматы және Астана қалаларында өтетін үш күндік лагерьге жолдама алады. Онда олар азаматтық технологияларды, ақпараттық-насихат құралдарын және жобаларды басқаруды тереңдетіп оқыту курсынан өтеді. Сондай-ақ бастамашыл топтар мен ҮЕҰ арасындағы конкурсқа іріктеледі. Жүлдегерлер өз идеялары үшін 3500 еуро көлемінде қаржы алады, – деді жоба жетекшісі.

Іс-шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай жоба жұмысына сәттілік тілеп, азаматтық технологияларды пайдалануда білім мен мүмкіндіктерді теңестірудің маңызына тоқталды. Жиын қатысушылары азаматтық технология негіздерімен танысты. Сондай-ақ, ЭЦҚ алу, eGov сертификаттары, өтініштер беру, Damumed-ке жазылу, басқа да қызметтер туралы ақпарат алды.

«ITeachMe» қоғамдық қоры директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, жобаның мақсаты – жаңа заманауи цифрлық дағдыларды қолдану арқылы жастар мен әйелдердің шешім қабылдаудағы рөлін күшейту.

– Технология өмірімізді әлдеқайда жеңілдетеді. Көпшілігіміз үшін баланы қашықтан балабақша кезегіне қою немесе eGov веб-сайтынан қажетті анықтаманы алу өте оңай. Дегенмен, бүгінге дейін халыққа қызмет көрсету орталығына барып көмек сұрап, дәрігерге тіркелу үшін емхана табалдырығын тоздырып жүрген азаматтарымыз да бар, – дейді қор директоры.

Айта кетейік, жобаның ақпараттық науқаны Қызылорда қаласынан бастау алып отыр. Алдағы уақытта мұндай жиындар Талдықорған, Петропавл, Семей және Ақтауда өтеді. Жоба Қазақстандағы әйелдер мен жастардың барлық деңгейлерде шешім қабылдаудағы рөлін нығайтуға бағытталған. Орталық Азияның Еуразия қоры мен «ITeachMe» құзыреттілікті дамыту орталығы жүзеге асыратын жоба 2024 жылға дейін жалғасады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<