Іргесі қаланғанына екі ғасыр болған тарихи шаһар өз мерейтойын айтулы жетістіктермен қарсы алуға әзірленуде. Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қаланың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, шаһар қарқынды құрылыс алаңына айналды.
Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды. Қазір еліміз бойынша қалаішілік су құбырлары 70 проценті толық жаңартылған, толығымен таза жерасты ауыз суын тұтынып отырған бірден-бір қала – Қызылорда.
Шаһарда жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы 5 жылда қаладағы магистральды жылу желілерін жаңартуға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Қалаішілік қоғамдық көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді. Бұл парктің ерекшелігі қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылаудан бастап, көлік жүргізушілері мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қажетті барлық материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқушылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты. Осындай ауқымды жобалардың нәтижесінде, соңғы 5 жыл көлемінде қаламызда жаңадан 14 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық адам жаңа пәтерге ие болды. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 43,8 проценті Қызылорда қаласының үлесінде.
Былтыр Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы басталды. Сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үй, 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы салынуда. Осы аумақта көпсалалы облыстық аурухана, мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында емхана құрылысын салу жоспарланған.
Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі түбегейлі шешілді. Соңғы 5 жылда қала бойынша 123 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді.
Қалаға қарасты бірнеше елді мекендер көгілдір отынға қол жеткізді. Бүгінде Қызылорданың газдандыру көрсеткіші 100 процентке жақындап қалды.
Соңғы 5 жылда қалада жол құрылысын дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жол орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті.
Облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 50 %-і Қызылорда қаласының үлесінде. Жыл сайын кәсіпкерлердің қаражаты есебінен жүздеген кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан жұмыс орындары ашылуда.
Әр атқарылған істің әділ сыншысы, адал ниетті қолдаушысы – халық қала инфрақұрылымының адамдарға ыңғайлы бола түскеніне, өмір сүруге қолайлы қалаға айналудың алғышарттары күннен күнге көбейіп келе жатқанына дән риза. Өйткені мұндағы әрбір тұрғын қаланың дамуына, өмір сапасының жақсаруына мүдделі.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<