Қалам мен қағаз

2511

0

Кітап – менің бала күн­нен бергі серігім, жақсы до­сым. Талай ақылын алып, пайдама жаратқаным рас.
Жақында қолыма Нидер­ланд жазушысы Луй-Пол Боон­ның (1912-1979) шығар­ма­лары түсіп, бі­раз әңгіме­лерін оқыдым. Шы­ғарманы ширықтыра оты­рып оқыр­ма­нын ойға салу Луй-Полдың та­маша шеберлігі екен. Оның себебі әрі жазушы, әрі суретші болғандығынан да шығар.
«Капеллекенс көшесі», «Тер-Мюрен жазы» секілді кітап­­тарында қоғам шын­дығын ашып айтқан жазушы билікке жақпаған сыңайлы. Өйткені 1953 жылы Нобель сыйлығына үміткер саналса да, оған бұл әлемдік марапат бұйырмапты.
Сөйтіп, мен өзімді қызық­тыр­ған жазушының мына бір әңгімесін орысшадан ­аударып, оны жалпы жұрттың да оқы­ға­нын қаладым.

Желтоқсан айының оты­­зыншы жұлдызы, сен­бі болатын.
Қар жауып тұрды.
Құ­тырған желдің үйіріп соқ­қаны сон­шалық, қар жа­па­­­лақтары ұйыт­қыған ас­­тан-кестеңінен қарға адым жер­­ді көру мүмкін емес.
Осы маңдағы канал­дар­дың бірінде жұмыс іс­тей­тін Вард Клейн шлюзге күркіреп құйып жатқан қара тұнық суға мұңлы көзбен қарап тұрды. Оның  жасы отызда болатын. Осы бір тар, қор­қы­нышты шлюздің жие­гімен қаннен-қаперсіз бір адам келе жатты. Бұл адам Вардпен қатарласа бере сәл кідіріп, аяғының астындағы сар­қырамаға қарады да ұсыныс жасады:
– Достым, бір-бір стақан арша арағынан тартсақ қай­теді?
Вардтың өзі де осыны қалап тұр еді. Бұлар «Өзеннің арғы беті» деп аталатын трактирдің ішіне кіріп ішті. Кенет әлгі бейтаныс трактир қожайынынан қалам мен қағаз сұрап алып, бірдеңелерді шимайлап жазды да, оны мұқият бүктеп Вардқа берді. Ал, бұл болса әріп таны­майтын, бірақ онысын мойын­да­ғы­сы да келмейтін. Сон­дықтан бүктелген қағазды қал­тасына сала салды. Трактир қожайыны ар жақтағы бөл­ме­лердің біріне кіріп кеткен кезде бейтаныс былай деді:
– Міне, менің трубкамды алыңыз… Ал егер жұмыссыз болсаңыз, ертең мені табарсыз, тапқан бол­са­ңыз екі франк аласыз.
Вард ештеңеге түсінбей оған қадала қарады, бі­рақ осы кезде қожайын ке­ліп қалды да, босаған ста­қан­дарға қайтадан құйып іше бастады. Бейтаныс адам есеп айырысқысы келгендей қолын қалтасына салып, бірнеше монеталарды шығарып, санамастан үс­тел үстіне аудара салды. Сөйт­ті де шығып жүре берді. «Тым болмаса жаңа жылмен де құт­тықтамады» деді Вард ішінен.  
– Бұл кім өзі, неғылған адам? – деп сұрады сосын қо­жа­йы­нына қарап. Ол жауап орнына иығын қиқаң еткізді. Оның білуінше, бұл адам­ның фамилиясы Поннет, бірақ не істейтінін, қай жерде тұратынын білмейтін болып шықты. Тағы бірдеңе демекші еді, осы кезде есік айқара ашылды да, ішке қар құйынымен қоса Аоде Спан кіріп келіп, үрейлі дауыспен айқай салды:
– Тезірек, жаңа ғана ос­ын­да болған адам суға күмп берді!
… Мүрдені қар араласқан су­дан алу қиынға соқты. Вард Клейн өзінің кеуде тұсындағы қал­тасынан бүктелген қағазды суырып алып, осы жерге шақырылған полицейге ұсынды.
Онда былай деп жазылыпты: «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, менің суға кетіп өлуім керек!».

Орыс тілінен аударған:
Бақтияр МЫРЗАШ,
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<