Барымташының ажалы

539

0

Жанындағы бес-алты жолдасымен денесі енді ірілене бастаған бойшаң, қарасұр жігіт Жаңабай қалың жылқыны ауыл сыртына екі-үш қыр қалғанда алдын қайырып тастады. Сенімді екі жігітіне осынау мол қазынаны қайта-қайта нығыздай тапсырып, ауылға қарай таң біліне қозғалып еді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнекте, қара жердің қалың отынан инедей нәрсені көзі шалатын қырағы жігіттер жолы болғандарына аса қуанышты. Арасында ыңылдап ән сала бастағаны да бар. Әсіресе, Жаңабайдың бақыршысы Мәмбетжұманың жүзінен осы көңілділіктің табын айқын аңғаруға болады. Сүліктей кіл қараны таңдап мінген жортушылар ауылға тақағанда, шығыстан күн маңдайы да көріне берді.
Бозбала жасынан қарулыға дес, ауыздыға сөз бермей, жоқтың жоғын жоқтайтын Жаңабай сырт елдердің байларын  барымталайтын. Кейде Ырғыз, Ақтөбе жақты торуылдаса, мойны алыс жерлерді тіптен көп көздейтін. Әсіресе, қарақалпақ байларының көп үйірін құмға сіңіргендей жоқ қылатын. Осы шағын топтың басшысы да өзі. Қасына ерген нөкерлері де өзіне сайма-сай, жігіттің төрелері. Жасынан кедейліктің қамытын кисе де ешкімге иығын бастырмаған Жаңабай өзінің бұл ісін жөн деп санайтындай. Адал кәсіптен гөрі оңай олжаны жақтайтындай. Осы жортуылдан-ақ кәсібі көзге көрініп тұр. Бірақ күншілік жерден өзі тұрғылас кедей сорлыға көмектесу үшін осылай жортып, сойыл сілтесетін күндері де аз емес. Жаңабай тек байларды ғана нысанасына алатын. Қара халықтың тышқақ лағына да тиіспейді. Бай мырзалардың астамсыған қылықтарына осы іс-әрекетін қарама-қарсы қойған Жаңабай да, жігіттер де шын мәнісінде оларды жек көретін. Бәрі байлардан қағажу көріп, өмірдің тәлкегін ерте татқан кек қуған жігіттер, кек қуған Жаңабай. Сондықтан қуалай айдап әкелген қалың жылқының ендігі тағдыры осы бір қарасұр жігіттің қолында.
Арада екі-үш күн өтті. Бәрі сәтімен болып жатса-дағы көп жылқыны сіңдіріп үлгірмеген жортуылшылардың бұл іс-әрекеті ел арасына білініп қалды. Жоқ іздеп келген ешкім болмаса да жұрт ішіне бар жағдай өрт тигеннен кем болған жоқ. Сірә, қос бауыры Шалабай да, Балабай да Жаңабайдың осы суыт жүрісінен талай секем алса да, қолға ілігер ешбір дәлел таба алмай діңкелері құрыған. Байқалып қалған жүз қаралы тай – жабағысы аралас осы жылқыны  тез ел асырып жібермегеніне Жаңабай да іштей қынжылды. Кімнен күдіктенерін және білмеді. Әлде кезбе жолаушылардың бірі сүйкетіп келіп айтып салды ма, әйтеуір қалың жылқының әлегі ауылды әп-сәтте дүрліктірді. Бұл елдің өзінде ауыз толтырып айтар бай да, бағлан да жоқ. Тілге көсем, байыпты сөз айтар би-шешен бұрын болғанмен қазір таба алмайсың. Бірақ ел сыйлар ақсақалдар аз емес еді. Айдарбектің бір баласы Татыранның ақсақал-қарасақалы жиналып Жаңабайды ортаға қысты.
– Шырағым, ел аман, жұрт тынышта сырттан жау шақырғаның не еткенің? Бұл кәсібіңді өзіміз көрмесек те, іштей сезіп, біліп жүрміз, – деп сөз бастады төрде отырған қариялардың үлкені. Жанындағы жарамсақтау біреуі киліге кетті.
– Әлде мына жұртты құрбан етпекпісің? Оныңа біз көне қойман. Ел асып жылқы әкелесің, зияны кімге, пайдасы кімге? – деп ірілене бастады. Сірә, қолындағы екі-үш үйір көк аласын уайымдағаны болса керек.
– Іздеген жау болса мені табар. Менің басым кетеді. Өзім жақтым, өзім түсермін сол отқа. Оған бола даурықпаңдар, түге, – деді Жаңабай. Тағы біреуі ашу шақырды.
– Сонда да сен бізді отқа итеріп отырсың, шырақ. Сен бері қара, осы тірлігіңді тастамасаң….  Осылай дей беріп еді, сөзінің аяғын жұтып қойды. Барымташы жігіттің қызылдана бастаған көзінен қорықса керек.
– Қарағым, ойлан, таста осы кәсібіңді, – деп қысқа қайырды бірінші сөз алған ақсақал.
Жанындағылар шуласып, ағалары да бастарын шұлғи қостап, дабырап кетті.
– Жоқ! Батыр жігіттің даусынан қараша үйдің ішіндегілер селк ете қалды. Бағанағы шу сап тиылған. Көбісі Жаңабайға түңіле қарайды. Ол  бір сөзді адам еді.
Ертеңіне кешегі қауым тағы ойласты. Бұл кезде барымташылардың екеуі қалың жылқыны батысқа қарай Адай арасына өз адамдарына айдатып жіберген. Жаңабай өз үйінде жатқанда бұл кәсібін қойдыру үшін кешегі топ тағы да кеңесіп, кеу-кеулесіп жатқан.
– Қорқытайық, – десті біреулер.  
– Суға батырып қорқытайық. Қазір дария ұстасқан кез, ойыққа салып батырайық.
Бұл ұсыныс бәріне ұнаса да, батырды одан әрі ерегістірерін білген жоқ. Бәрі осыған уағдаласты. Жаңабай сонда ғана ұрлықты, барымташылықты қояр деген ой барлығының басында тұр.
Қыс мезгілінің алғашқы айы. Сәске түске дейін ұйықтаған Жаңабайды жабылып жатып он жігіт тұзаққа түсірді. Әрі-бері қарсыласып болмаған соң жанындағы атақты түрікмен батырынан алған қанжарын іздеп еді, қолына түспеді. Бұның көзі ұйқыға кеткенде қаруының бәрін үптен кеткен сияқты. Әрі – беріден соң сөзге тоқтамаған бұл жазғанды қарулы жігіттер байлап-матап дариядағы аузы кісі сиятындай мұз ойығына салған. Қол-аяғы матаулы, екі иықты аша ағашпен басып, мойнына арқан салғаны және бар Жаңабайды төрт жігіт күштеп суға батырғанда да райынан қайтпады. Екіншісінде де сөйтті. Үшінші рет батыруға бет алғанда Жаңабайдың осы кәсібін тоқтатуға тырысқан ауыл ақсақалы ақырғы рет сұрады.
– Қоямысың, тастаймысың осы барымташылықты?
– Жоқ!
Беті көгіс тартқан қайсар жігіт солай деп жауап қайтты.
– Мені өлтіріңдер, өлтірмесеңдер біреуің де жер басып жүрмейсіңдер. Бұл сөзді естігенде көпшіліктің санасындағы Жаңабай әлі де барымташылықты қояр деген үміт өшкен еді. Дәл осы сәтте жұрт екіге айрылды. Өзі тұрғылас жас жігіттердің көбісінен Жаңабайды жақтап араша сұраушылар көбейді. Үлкендері керісінше кері кетіп, кесірлікке салынды. Осылай дай-дұй болып тұрғанда, ақырғы сөзді сұраған әлгі шал Жаңабайды мұз астына салуға қайта бұйрық берді. Ағашпен иығын бастырып, мұз астына қайта салды. Мойнындағы арқанмен ғана ағыстың екпінімен ағып кетпеу үшін денені екі жігіт суырып алуға дайын тұр. Бағанадан бері осы арқанмен батыр жігіттің басын мұз астынан су бетіне шығарып ауа жұтуына мүмкіндік беріп тұрған. Арқан осы сәтте керіле берді. Не ойы бар екені белгісіз, әлгі ақсақал келді де, кездікпен қиды да жіберді. Жұрт шу ете қалды. Мұз астында кеткен Жаңабайдың денесі әудем жерге дейін күңгірлеп бара жатты. Барымташы жігіт осылай мұз астында кете барды.
Көктем салым мұз еріген тұста Жаңабайдың денесі табылған. Бәлкім елден шыққан ерен тентекті жөнге салар істің басқа жолы бар ма еді, кім білсін. Әйтеуір, біздің білетініміз, барымташы батыр жігіттің денесі табылған дарияның қайыр тұсын кейінгілер Жаңабай қайыры деп атап кеткен. Мына құдіретті қарасаңызшы! Сол Жаңабайдың денесі табылатын көктемге дейін барымташы жігіттің ажалына себеп болып арқан кескен ақсақал да оның қасындағы желбуаз шалдар да бірінен соң бірі дүниеден озған еді.

Ержан Қожас,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<