Белсебет

669

0

 Эх, велосипед! Велосипед! Кіп-кішкене томпиған қара қыз Құндызайдың тілімен қазақшалап айтқанда белсебет. Ол осы белсебетті қалай жақсы көретінін білсеңіздер ғой. Қатты жақсы көреді. Өте қатты. Жақсы көргені сол, осы екі аяқты арба күндіз-түні ойынан шықпайды. Тіпті кейде түсіне енеді. Ал түсінде көрсе рахат!
Аспан түстес көкпеңбек, кейде жапырақ түстес жасыл белсебетті теуіп, зулап жүреді. Үй-үйдің арасындағы тар жерлерде емес, ауыл сыртындағы мәшинелер жүретін үлкен жолға шығып алып зулайды. Кейде шөпке, бақшалыққа баратын айдау жолмен ызғытып келе жатады. Рахат! Нағыз рахат! Өйткені мұнда: «белсебетімді бер, белсебетімді бер, енді өзім тебем, сен көп тептің, өзімнің де айдағым келіп бара жатыр», – деп асықтыратын Қымбат пен Гүлжауһар жоқ. Олардың жоқ болатыны бұл алысқа-а қашып кетті ғой. Екеуінің белсебетін кезек-кезек сұрап алады да анда-санда өстіп алы-ы-стағы әйдік жолдарда зулайды. Сондайда, яғни ен далада бір өзі зулап келе жатқанда, кеудесі қуанышқа толады. Шаттанады, мәз болады. Асықтыратын, «бер де бер», – деп безілдейтін, жынын келтіретін ешкім жоқ. Тек кейде-кейде мұнымен жарысқан құсап ақ бауыр қарлығаш пен жұдырықтай жауторғай жанынан зу-зу етіп ұшып өтеді. Жақсысы, олардың мұнымен де, белсебетпен де шаруалары жоқ. Осылайша кеудесі қуанышқа толып, құстармен жарысып келе жатқанда астындағы белсебет өзінікі сияқты болып кетеді. Иә, үйдің жанындағы бірге ойнайтын достары Қымбаттыкі де, Гүлжауһардыкі де емес, тап өзінің белсебетіндей болады. Жүрегі жарылардай қуанып, мәз-мейрам күй кешіп, шаттанатыны да содан.   
Эх, бірақ бұл Құндызай­дың түсі ғой. Ал өңінде… Көбіне таңертең және кешке қарай. Көрші балалар, бәрі ойнауға шыққанда Қымбат көк, Гүлжауһар жап-жасыл белсебеттерін мініп алып, олай да былай жүреді. Сонда бұлардың көздерінің қы­зы­ғатыны-ай. Әуелгі кез­­де­рі Бақтияр, Алпысбай, Мирамкүл, бәрі-бәрі екеуінің соңына іркес-тіркес еріп жүретін. Кейін қойды. Өйткені олар белсебет айдауды дұрыстап үйреніп алдыда құламайтын да, қиыс кетіп қалмайтын да болды. Ол ол ма, тіпті жеткізбейтінді шығарды. Сосын бұлар да ала өкпе болмай, кейін қайтып өзді-өзі ойнай беретін болды.
Ойнайтыны-ойнайды-ау. Бірақ бәрінің де көкейінде «Белсебетпен бір рет зуласам ғой, шіркін!» – деген ойдың тұратыны анық. Әсіресе әлгі екі мақтаншақ қыз: «Ей, көрдіңдер ме, біз келдік» дегендей белсебеттерінің қо­ңырауларын сыңғыр-сыңғыр еткізіп қастарына келіп тұра-тұра қалғанда бұлардың елеңдемеске лаждары болмайды. Сонан ойындарын тоқтата қойып, орындарынан ұшып-ұшып түрегеліп жалынуды бастайды.
– Гүлжауһар, берші, бір айналып келейін.
– Қымбат, маған берші, сондай тепкім келіп тұр.
– Жоқ-жоқ, Қымбат, ма­ған берші, мен ең бірінші сұрадым ғой.
– Гүлжауһар, сен жақ­сысың, сондай жақсысың, маған бересің, ә?
– Жоқ, Мирамкүл, кеше ол маған берем, – деген.
– Саған емес, маған берем, – деді.
– Ей, ей, шуламаңдар, ешкімге де бермейміз, тағы да өзіміз тебеміз, сосын тағы да, тағы да.
– Иә, әлі он, жиырма рет айналамыз, біліп қойыңдар.
– І-і-і….
– А-а-а…
– М-м-м…
– Мейлі ендеше…
Осылай деп амалсыз келісіп, ұнжырғалары түскен балақайлар кері бұрылып, қай­тадан өз ойындарына кіріседі. Ал Құндызай олай етпейді. Сол тұрған орнында селтиіп тұра береді. Белсебеттерінің қоңы­рауларын сыңғыр-сың­ғыр еткізіп кетіп бара жат­қан екеуінің артынан қара-а-ап тұрады. «Шіркін-ай» деп ойлайды сондайда. – Шір­кін-ай, менде де осындай бел­себет болса ғой. Көк белсебет. Жоқ-жоқ, көк емес, Гүлжауһардыкіндей жасыл. Жоқ, Қымбаттыкіндей көк. Ей, бірақ мейліш, әйтеуір белсебет болса болды. Сыңғыр-сыңғыр ететін қоңырауы бар. Апасы мен әкесіне ылғи айтып, қыңқылдап-ақ жүр ғой. Ондайда әкесі:
– Әй, балам-ай, сәл шыдашы, ақшасы құрғырдың реті бомай жатыр. Алып берем, алып берем. Шөп орып сатсам да алып берем, – дейді нық сөйлеп.
– А, алып бересің ба, жақсы болды ғой, жақсы болды, – дейді бұл қуанып кетіп.
Ал апасы:
– Тәйт, қыз баланың белсебет тепкенінің несі жақсы. Онан да кесте тігіп, тор тоқуды үйренбейсің бе. Қыздарға сол дұрыс. Белсебетті ер балдар тебеді. Қыз балдар теппейді, – дейді түсіндіруге тырысып.
Апасы осылай дегенмен, Құндызай қыз бала болса да белсебет тепкісі келеді. Тепкісі келгенде қандай! Күнге шағылысып жалт-жұлт ететін аппақ қоңырауын сыңғыр-сыңғыр еткізіп қойып, ауыл сыртындағы үлке-е-ен жолда зулағысы келеді. Ал, анау, апасы түсіндірген кесте, тор тоқу дегендер… Айтпа, айтпа, ондайды бұл үйренбек түгілі, ойлағысы да келмейді. Үйдегі өзінен үлкен қыздар-апалары Құралай мен Айсәуле сияқты қолдары қалт етсе болды кестелері мен қиық-қиық маталарын, торлары мен ине-жіптерін, кручоктарын алып іс тігуге отырғысы жоқ. Қазіргі бұның арманы – тек белсебет. Дәл қазір ғана емес, осы екі дөңгелекті зыр-зыр еткен керемет көлікке Құндызай бұрыннан да құмар тұғын. Оны айдап, желдей зулауды бұрыннан-ақ ұнататын. Тек бұрында белсебет қаладағы туысқандарының баласы Жарқында ғана бар болатын. Кейде-кейде солардың үйіне қыдырып барғанда тебетін. Жарқын сондай жақсы бала. Белсебетін сұраса болды, де­реу береді. Сосын «бол да бол, енді өзім тебем», – деп асықтырмайды. Қайта бұ­ған көмектесіп дарбазадан шы­ғарып, «тратуар» деген тар жол­ға салып жібереді. Өзі со­ңынан қарап, қадағалап тұ­рады.
Құндызайға ең әуелі бел­се­бет тебуді үйреткен де осы Жарқын туысы. Қызығы-Құн­дызай ауылдағы бала­лар сияқты белсебетке бі­рін­ші рет мінгенде құлап, қи­қаңдап, рөліне еге бола алмай сасқалақтап, көп әуреге түскен жоқ. Жарқын мұны отырғызып, ері мен рөлінен ұстап сүйемелдеп, бір-екі рет жүргізіп көрсетіп еді, әрі қарай өзі үйреніп кетті. Сонан қалаға барса Жарқынның қоңыр белсебетінен түспейтін болды.
Сөйтіп жүргенде өздері­нің кіп-кішкентай ауылы Қоғалыдағы күнде бірге ойнайтын достары Гүлжауһар мен Қымбатта да белсебет болды. Рас, әуелі пермеде  бастық болып істейтін көкесі Гүлжауһарға белсебет әперді. Оны көрген Қымбат атасына қиғылықты салды-ай кеп.
– Ата, ата маған белсебет керек. Гүлжауһарға көкесі алып беріпті. Қаладан әкепті. Маған да алып бер. Алып бересің, ә? Әйтпесе сенің балаң болмаймын, – деп атасын қорқытты.
– Алып берем, алып берем, ботам, жақында пенсиямды алам, сосын әперем, – деді атасы немересінің басынан сипап.
– Жоқ, жақында емес, қазір әпер, қазір әпер, әйтпесе сенің балаң болмаймын, папамның қызы болам.
– Қой, ботам, олай деме, сен менің баламсың, өй, жарығым, пенсия алайық…
– Ө-ө-ө-өһ-өһ, болмайым, болмайым… ө-ө-ө-өһ-өһ. Бел-се-бет, бел-се-бет алып бе-е-ер!
Сонан не керек, Дауылбай ата ертеңіне таң азанымен тұрып картон зауытқа жұмысшылар таситын портовый мәшинеге мінді. Ал түс кезінде, бұлар киіз үйлерінде жәйбарақат шайларын ішіп отырғанда:
– Ей, Алпысбай, Құнды­зай, Мирамкүл, Бақтияр, келіңдер, келіңдер атам маған белсебет әкелді, белсебет әкелді, келіңдер, көріңдер! – деп зыр жүгіріп айқайлаған Қымбаттың даусы естілді.
Қолындағы қанты мен кесесін қоя салған Құндызай есіктің дәке пердесін серпіп жіберіп сыртқа ытып шықты.Анадай жерде Мирамкүл мен Бақтияр да Қымбаттың үйіне қарай жүгіріп бара жатыр. Олардың соңын ала бере екпіндетіп бұл да жетті. Сөйтсе, тамның көлеңкесіне балалар мен бір-екі көрші ағалар жиналып қалыпты. Орталарында су жаңа, көкпеңбек белсебет! Әдемісін-ай! Көкпеңбегін-ай! Бұл тіпті Гүлжауһардыкінен де әдемі сияқты.
Осылайша Дауылбай қарияның жалғыз ұлының жалғыз қызы, атасының мойнына мініп отыратын ерке немересі, Қымбатта да белсебет болды.
Сол күннен бастап Құнды­зайдың көкейінде  «Шіркін, менде де осындай белсебет болса» деген арман пайда болды. Бұрын бүйтіп армандамайтын. Өйткені белсебет тек Жарқын сияқты қаланың балаларында ғана болады деп ойлайтын Сөйтсе жоқ. Ау­ылдағыларда да болады екен.
Е-е-ей, бірақ қазір бұған ешкім белсебет әперейін деп жатқан жоқ. Дауылбай қариядай атасы жоқ. Ылғи әдемі ойыншықтар мен сәнді киімдер сыйлайтын Гүл­жау­һардың перме бастық көкесіндей көкесі де болған емес! Сонда бұл не  істемек? Не істесін, өйсті-і-іп екеуінің белсебеттеріне қызы-ғе-е-еп жүре береді.
Рас, Гүлжауһар да, Қымбат та жаман қыздар емес. Кейде-кейде белсебеттерін бір-екі айналып келуге береді. Тіпті кейде көңілденіп кетіп көбірек тептіретін кездері де болады. Ондайда бұл рахаттанып, желпініп, қуанышы кеудесіне сыймай, ғажайып күй кешеді. Бірақ ондай қуанышты сәттер үнемі бола бермейді. Сонан да бұл көбіне белсебеттері дөңгелектерінің аппақ сымдары күнмен ша­ғылысып жалт-жұлт етіп, қо­ңыраулары тынымсыз сың­ғыр қағып әрлі-берлі зуылдап жүрген қос құрбысына қызыға қараумен болады.  
Әсіресе бұлар бір-бірімен ренжісіп, ұрсысып қалған кезде қиын, өте қиын. Қызы­ғудың көкесін де сол кезде көреді бұл. Көрмей қайтеді, мұндай қырғи қабақ күндері олар белсебеттерін бермек түгілі, рөлінен де ұстатпайды. Құндызайға ең ауыры да осы. Жап-жасыл, көкпеңбек белсебеттерге көзін сатып, анадайдан телміре қарап тұрады. Сөйтіп тұрып ойлайды: «Не істесем екен-ә? Не істесем екен? Гүлжауһармен қайтіп татулассам екен? Қымбатты көндіру қиын. Оның мінезі шатақ. Ал Гүлжауһар шамалы жақсылау. Ол сосын суретті жақсы көреді. Талай рет ұрсысып қалғанда Құндызай оның дәптеріне үйдің, гүлдің, балықтың, көгершіннің, қоян мен күшіктің, жапырақтың, талдың суреттерін салып беріп, қайтадан достасып кеткен. Мүмкін осы жолы да солай істер, ә? Тіпті болмаса, дәптерінің бәрін толтырып салып берер. Иә, сөйтеді. Осылай еткені дұрыс».
Сонда балақайлар неге ренжіседі дейсіз ғой. Оған да себеп осы белсебет. Біреуі «берші», – дейді біреуі «бермеймін», – дейді. Оның соңы кеп ұрсысуға, өкпелеп қалуға ұласады. Ал кейде бұлар: «Анау жерге дейін ғана барып қайтам», – деген уәделерінде тұрмай, алыстау жаққа кетіп қалып, темір тұлпарды ұзағырақ теуіп қояды. Сондай келісімді бұзып, белсебетке мінсе болды уәдені де, өзге дүниені де ұмытып, шығандап, ша­рықтап кететіннің бірі, бі­рі емес-ау бірегейі – осы Құндызай. «Енді өйтпей­мін, енді өйтіп алысқа кетпеймін», – деп қанша айтады. Бірақ… бірақ… қайтесің енді… Аяғы педальға тиді дегенше тоқтау жоқ бұған, ой бір желпініп, қанаттанып, құстай ұшып кетеді дейсің. Тоқтай алмайды, кішкентай жерде жүре алмайды, алысқа, алысқа ұзайды, ауыл сыртындағы үлке-е-ен жолға түсіп алып зулайды-ай кеп, зулайды.    
***
Құндызай өйстіп қос құрбысының көлігіне қы­зығып, оларға жалынумен жүргенде бір күні күтпеген оқиға орын алды. Ойында ештеңе жоқ, Гүлжауһардың жапырақ түстес жасыл белсебетімен ұзын жолда ұз-а-а-ақ зулады. Армансыз зулады, рахаттанып зулады. Ал кеш батып, егесіне белсебетін әкеліп берген кезде қиынның қиыны болды. Екі бірдей жұдырығын түйіп, ашудан жарылардай болып тұрған  Гүлжауһар:
– Мә, саған! – деп бар күшімен кеудесінен итеріп кеп қалды.
Бұл ыңқ етіп белсебеттің үстіне құлап түсті. Басы тура дөңгелектің ортасына тиді. Осы кезде Гүлжауһар мұның басына тепкісі келді ме білмейді, әйтеуір дөңгелекті үсті-үстіне теуіп-теуіп жібер­ді. Дөңгелек зыр айналды.
– А-а-ай, а-а-ай, шашым, шашым, ба-а-сым, ба-а-сы-ы-ым.
Құндызайдың құлындағы даусы шықты. Әрі қарай досы мұны теуіп жатыр ма, жоқ дөңгелек жәй айналып жатыр ма, білмейді, әйтеуір аспан төңкеріліп, жер көшіп бара жатқандай болды. Арғы жағы беймағлұм.
Есін медпункттің бөлме­сін­де жиды. Қасында ақ халат киген доқтыр, өзінің апасы, Құралай  және Гүлжауһардың апасы отыр екен.
– Өй, жәнім, көзін ашты ғой, – деді апасы даусы дірілдеп. Өзі жылаған ба, қалай, көзі қызарып кетіпті.  
– Ой, айналайын, айналайын, тфә-тфә, бізді қатты қорқыттың ғой. Ештеңе қылмайды, – деді Гүл­жау­һардың апасы кібіртік­тей сөйлеп. – Басың қаға тиіпті қайта. Құдай сақтаған. Ана қыздың жанын шыға­рам. Кешір, айналайын. Бала­лық жасаған ғой. Айып бізден. Енді таласпайтын бола­сың­дар. Запперме қайныма айтып, өзіңе бір белсебет алдырып берем…
– Керегі жоқ! Керегі жоқ! Белсебеттің керегі жоқ! Керегі жоқ!  
Құндызай қалай ай­қай­лап жіберге­нін, неге айқай­лағанын білмейді. Дәл сол сәтте «белсебет» деген сөзді есті­генде басына біреу біз сұғып алғандай болды. Жүрегі соғып, миы шаншып кетті. Тағы да аспан төңкеріліп, жер көшіп бара жатқандай болды.
– Керек емес! Белсебет керек емес! Керек емес! Ө-ө-өһ-өһ. Ба-а-а-сы-ым-м…  
– Қоя ғой, қоя ғой, жәнім, жәнім…
– Тыныш, тыныш, қазір басылады, қазір жақсы болады, – деп доқтыр укол салуға кірісті.
Сонан Құндызай оншақты күндей медпунктке қатынап ем алды. Басының жарасына май жақтырып, ине шаныштырады. Дәкесін ауыстырып, сұйық дәрімен сүрткенде төбесі удай ашып, ауырады. Қанша өзін ұстап, мықты болайын десе де сол кезде бырт-бырт етіп көзінен жас шығып-шығып кетеді. «Құрысын белсебеті, құрысын! Керек емес, керек емес!» – деп еріксіз күбірлейді ондайда. Шашының түптері қол тигізбей қақсайды. «Қанталап кеткен» – дейді. Айсәуле айтты. Қанталамай қайтсін, дөңгелектің теміріне оралып, онымен қоса айналған шашын ажыратып ала алмағасын «терісін жұлып кетер» – деп қайшымен қиып-қиып жіберіпті апасы. Сонан да қазір шашы үй әктейтін шөткеге ұқсап шұнтиып қалды. Бұрын бұрымдары тоқпақтай, ұзын еді.  
Бұл «Керек емес» деген сөзді бекер айтпапты. Белсебет көрсе бітті, миы шаншып, жүрегі дүрсілдеп кететін болды. Аяқ-қолы дірілдеп қоя береді. Әнеукүні Құралай екеуі доқтырда жүргенде Гүлжауһардың көкесі бұған белсебет әкеліп, сарайға кіргізіп қойып кетіпті. Бірақ Құндызай оны барып көрген де жоқ. Ал естігенде көңілі жабырқап сала берді, жүрегі ауырғандай болды. Сосын өксіп-өксіп жылап жіберді. Өзін тоқтата алмай біраз жылады. Сол күні Айсәулеге қайта-қайта айтып, белсебетті Гүлжауһардың үйіне апар­ғызып тастады. Әкесінің:    
– Ағайыннан ұят болар, балам, – деген сөзіне құлақ асқан жоқ.
***
– Осы оқиғадан кейін Құндызайға тек қана белсебет емес, көп нәрсе қызық болмай қалды.
Несібелі РАХМЕТ,  
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<