Үш қарақшы

2139

0

Ықылым заманнан бері ұрылар мен қарақшылардың мекені, қандары қарайған басмашылар жайлаған Құрама тауларынан Сүлеймен қарақшы қасына Қараман мен Парманқұлды ертіп Шыршыққа қарай аттанды. Басмашылар жайлаған бұл Құрама тауына Сүлеймендер бір ай бұрын достары Елсапа мен Нұрсапаны көру үшін келген болатын.

Шыршыққа бет алған алғашқы күні олар түн ауғанша жүріп, бір тастың түбіне қонып шықты. Ертесіне жан-жағы қына-түксіз жалаңаш жартас қоршаған сайлы жолмен ұзақ жүрді. Күн сәскеден ауғанда алдарынан созылып жатқан асу шықты. Қарақшылардың бірі Қараман айтты:

– Мына асу онша биік емес екен. Не болса да осыдан асып бір-ақ тоқтайық.

Қарақшылар асу басына қиналмай көтерілді. Біраз жүрген соң асудың арғы жиегіне жетті. Асудың етегі қалың тоғай. Тоғайдың ортасы ашық алаңқай. Алаңқайда бірнеше күрке тұр. Күркелердің маңайында әрі-бері жүрген адам көп. Барлығы мылтық асынған. Оларды көрген Сүлеймен тобы дереу кейін шегініп, тоғайда жүрген адамдар көрмейтіндей жерге келіп тоқтады.

– Бұлар кімдер болды екен?

– Бұлар да тау ықтаған басмашылар шығар, – деді Парманқұл.

– Бұлай тұра берсек көзге түсіп қалуымыз мүмкін. Әне бір қарайып көрініп тұрған үңгірдің аузы болар, сонда барып паналай тұрайық. Не істерімізді сонда кесіп-пішерміз, – деген Сүлеймен екі серігін ерте жөнелді.

Үңгір деп келгендері жаппа тастардың қуысы екен. Оншақты адам сиярлықтай кең қуыста қарақшылар кешке дейін күтуді жөн көріп демалды. Кеш батып, айналаны қараңғылық басқан кезде үшеуі ойласып, өздері күндіз көрген күркедегі адамдарға шабуыл жасамаққа бекінді.

– Сүлеймен, шабуыл жасаймыз дейміз, мүмкін олар бейбіт жүрген адамдар болса ше, біреу-міреуін нақақтан-нақақ өлтіріп, обалына қалып жүрмейік.

– Парманқұл, елден жырақ түз тағысы ғана жүретін мұндай тау ішінде тегін адамдар күрке тігіп, мылтық асынып жүре ме? Құдай біледі, бұлар да басмашылар. Басмашылар біздің достарымызды өлтірді, енді оларды аямаймыз, көздерін құртамыз. Бұлардың да басмашы екені анық. Оларды қаннен-қаперсіз отырған жерлерінде бас саламыз. Жауды аяған жаралы.

Сүлеймен осылай қызулана сөйледі.

Қарақшылар аз-кем тұрды да, қолдарына мылтықтарын алып, оқ-дәрі салынған белдемшелерін белдеріне байлап тас қуысынан шығып, асу шетіне келгенде, сонау төменде, бағана өздері көрген тоғай ішінен әлі сөне қоймай, жылтырап жанған шоқты көрді. Барлығы бірден сол жақты бетке ала ылдилады. Тоғай шетіне де ілікті. Күндіз жоғарыдан тұтасып көрінген тоғай іші анау айтарлықтай қалың емес екен. Үш қарақшы күркелерге жақындады. Күркелер маңы тып-тыныш. Түн кезіп, алар жемтігін оңай қарпып кететін, нысанаға жақындағанда бірін-бірі тілсіз ұғатын бөрілердей әбден сұмдықтың небір түрлерін бастарынан өткізіп, шетінен тісқаққан қарақшылар атанған Сүлеймендер аз-кем уақыт тың тыңдап тұрды да, шеткі күркені қоршады. Барлығынан жылдам Қараман мысық жүріспен күрке ішіне кіріп, артынша қайта шықты.

– Мына күркенің ішінде бірде-бір адам жоқ, тек бес-алты қап ұн ғана бар екен.

– Бұл жерде басқа үш күрке тұр. Үшеуміз үшеуіне барып, бір мезгілде күркені жығып жіберейік. Егер іштен біреу шықса, ұрып не атып құлата берейік, – деді Сүлеймен.

Осыған келіскен үшеуі аяқтарын еппен басып, жапатармағай тарасты да, бір-бір күркенің қасына барып тұрды. Парманқұл ең шеткі күркенің жанына жете бергенде «Ал, бастаңдар!» деген Сүлейменнің айқайы тоғай ішін жаңғырықтырып жіберді. Айқайдың артынша, кебу ағаштардың сықырлай құлаған дыбыстары шықты.

Сүлеймен бар күшпен қос қолдап итеріп жіберіп, күркені құлатты. Шатыр-шұтыр сынған шыбықтардың астынан адамдардың шошынып өкірген дауыстары шықты. Әлден соң шыбық астындағы дауыстар тына қалып, сынған бұтақтар қозғалақтап, астындағылар сыртқа шығуға талпына бастады. Ол ескі әдеті бойынша осындай шабуылдарға шыққан уақытта үзеңгісін де ала жүретін, сол үзеңгімен шыбықтары қозғалған тұсты аямай соқты. Алғашқы қозғалған жері соққыдан соң бірден тына қалды. Екінші жерден бұтақтарды сындыра шыққан біреудің басынан тағы да үзеңгімен ұрды. Оның қасынан шыққан үшінші біреу: «үйбәй, өлтірмә, өлтірмә», – деп айқайлап тұрып келе жатқанда Сүлеймен оны да бір перді. Бұл күркеден басқа адам шыққан жоқ. Ойраны шығып жатқан ана жақтағы күркелерге бұрыла бергенде, қара түнді дірілдетіп жіберген мылтық дауысы естілді. Осыдан кейін мылтық дауысы жиілеп, атыс басталды да кетті. Сүлеймен еңкейе салып, серіктеріне қарай жүгірді. Жүгіріп келе жатып, құлаған бір күрке ағаштарына сүрініп кетіп, етпетінен құлады.

Сол құлаған жерде біреу бар екен. «Ә, әнәңниң… мә сеңгә» – деп пышақ сілтей бергенде бұл оның пышақ ұстаған қолын шап беріп ұстап алып, әлгінің тамағын сол пышақпен орып-орып жіберді. Тамағынан сойылған адам Сүлейменнің үстіне құлады. Қарақшы оны бір шетке лақтырып жіберіп, орнынан тұрып серіктеріне көмекке ұмтылды.

Қараман мен Парманқұл екеуі Сүлеймендей емес, олар күркедегі адамдарды алдымен мылтықпен атып содан барып тірі қалғандарын ұрып-соғып жайратып салды.

Көп уақыт өтпей мылтық дауысы да, адамдардың айқайы да сап тыйылды.

Айқай-шу тоқтаған соң Сүлеймен: «Қараман! Парманқұл!» – деп айқайлады. Артынша:

– Сүлеймен! Парманқұл! Амансыңдар ма? – деген Қараманның дауысы шықты.

– Болды айқайламаңдар енді, аман сияқтымыз. Қашып кетіп тірі қалған басмашылар сыртымыздан дауысты бағыттап мылтық атпасын. Одан да таңға дейін паналайтын жер табайық!-деді Парманқұл.

Ай жарығында асуға шығып бағанағы қуысқа жетуге болмайтынын барлығы сезіп, тоғайдың қалың шетіне келіп отыра-отыра кетісті. Қазақ қарақшылары сол түнді нудың тасасына отырып, ұйқысыз өткерді. Таң сызаттанып атқанда түндегі ойран салған жерлеріне бет алды. Көп кешікпей тоғай ортасындағы күркелер қасына маңдай тіреді. Мұнда келгенде бұл үшеуі өз көздеріне өздері сенбей қалды. Күркелердің қирағаны түк емес-ау, күрке маңындағы, шыбықтар астындағы серейіп-серейіп жатқан өліктердің ахуалы адам қарай алмайтындай жиіркенішті еді. Әне біреуінің басы мылжа-мылжа болып кеткен. Ал шеткі жақта етпеттей сілейген біреудің басы анадай жерде төңкеріліпті. Осы сияқты күйде жатқан өліктер шашылып қалған. Бірақтан қан кешуді бұрын талай бастарынан өткізген бұл үш қарақшы өлі денелердің мұндай күйін көріп, шошынып не жиіркенген жоқ, іштерінен «өздеріңе сол керек, қаныпезер басмашылар» деді.

– Кешеден бері нәр татпадық, жеуге жарайтын бірер азық болса, тойынып алайық.

– Қазір ол жайын қоя тұршы, Қараман. Одан да тоғайды бір аралап шолып шығайық, мүмкін тірі қалған басмашылар болса, тығылып жатқан шығар, – деді Сүлеймен.

Барлығы бірдей тоғай ішіне енді. Біраз жүргенде ағаштар жиілеп, қалыңдай бастады. Тоғай ішін сүт пісірімдей аралап, сиректеу шетіне шыға бергенде, бір долана ағашының тасасынан шапан киген біреу шыға келіп мылтығын бұларға қарата бір атты. Қараман етпетінен жата қалды. Ал анау, мылтық ұңғысын Сүлеймен мен Парманқұлға қарата тағы атты. Құдай сақтап, мылтық атылмады. Оғы таусылған екен. Басмашы мылтығын тастай сала артына қарай қаша жөнелді. Ашуға булыққан Сүлеймен лезде әлгіге жетіп барды да, бала құрлы көрмей, жоғары көтеріп тұрып жерге бірақ ұрды. Артынша Парманқұл да жетіп келді.

– Тоқта, өлтіріп қойма! – деді осы кезде Қараман жерден тұра беріп.

– Өй сен тірі екенсің ғой. Сені мылтық оғы тиіп, өлді деп ойлағам. Құдайға шүкір, аман екенсің.

Жерге сылқ етіп оңбай түскен басмашы осы кезде ыңырсып басын көтерді. Қараман шап етіп оның сақалынан ұстап алып:

– Сұмырай, шыныңды айт, айтпасаң, осы жерде бауыздап кетеміз. Алдымен кімсің һәм бұл жерде не істеп жүрген адамсыңдар? – деді.

Басмашының айтуынша, бұлар Ташкент маңындағы бір қышлақтан қызылдардан қашып, осында тығылып жүргендер екен. Басшылары – Сайфулла деген сарт екен, ол қызылдарға қарсы осы тауларда күресіп жүрген басмашылардың бірі болып шықты.

– Мұнда орныққандарыңа қанша уақыт болды?

– Алты айдан асты.

– Сол алты айдан бері тамақты, оқ-дәріні қайдан алып жүрсіңдер?

– Алғашқыда өзімізбен алып келген малдарды азық еттік. Одан соң жақын маңдағы ауылдарға барып ұрлық жасап қайтамыз. Бұдан бөлек, мына таудың арғы жағында Боштай паруанашының, Шураб үңгірінде Әрипхон хоқимнің жасақтары бар, қатты қиналсақ, солардан азықты да, оқ-дәріні де аламыз. Бір-бірімізге қарасып тұрамыз.

– Әрқайсысың әр топқа бөлінгенше неге бірігіп алмайсыңдар, сол басмашылармен?

– Басшыларымыз олай етуге болмайды дейді. Бірігетін болсақ қызылдар бізді тез тауып алады.

– Сендерден басқа да  топтар қай жерлерде орналасқан?

– Менің білуімше, Тарам, Шымған осы Құрама мен Қоқан тауларында басмашы топтары көп, оларға төрт құрбашы басшылық жасайды.

– Атың кім өзіңнің?–деді Парманқұл.

– Тохиржон.

Сүлеймендер Тохиржонды тағы  сұрақтың астына алып біраз жайтқа қанық болды. Содан басмашыны желкелеген күйі қираған күркелер маңына келді.

– Тохиржон, – деді бір кезде Сүлеймен. – Жасақтарыңда қанша адам бар еді?

– Жиырма екі адам едік. Оның тоғызы өліпті, менімен қосқанда, он үші қашып кеткен екен.

– Олар қашса, қайда барады деп ойлайсың?

– Боштайға, не Әрипхонға барады да.

– Олай болса, – деді Сүлеймен мылтығын сығымдай ұстап. – Бұлар өздерін басмашы атап, бейбіт жатқан ауылдарды қан қақсатады екен, сол басмашыларға қарсы күресейік. Қане, Қараман, Парманқұл аттанайық әлгі басмашыларға. Сен, Тохиржон, бізді Боштай мен Әрипхонға баста. Ендігі кезек Боштай мен Әрипхондыкі.

Күллі Сыр бойы мен Ташкент маңына, Қазығұрт, Алай, Қамшық, Тәжік таулары мен бүкіл оңтүстік атырабына «қарақшы» деген аты жайылған, осы өлкелердегі әмбе ұрылар мен қарақшы-баукеспелердің көсеміне айналған бұл үш қарақшының жауға, әділетсіздікке қарсы алғашқы әрі соңғы аттануы емес еді.  

Абдулла БЕКӘДІЛҰЛЫ.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<