«Сырұядан» қанат қаққан жібек жыр

359

0

Қазалылық ақын қыз, мектеп мұғалімі Сағыныш Мұхитқызының есімі әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс.

Өзіндік айтары бар, қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға ақиқи үн қоса алатын замандасымыздың қарапайым қалпын үзік-үзік ой-пікірлерінен ұққан жан едік. Осылайша адами әлеміне алыстан қарап жүрген біз енді  Сағыныштың жан дүниесіне «Сырұя» жыр жинағы арқылы жақындай түстік.

«Адамның сыры көзінен көрі­ніп тұрады» дейді болжағыштар. «Көз – жан айнасы» деген де бар. Осының дұрыстығына сенбеймін, себебі «адам аласы ішінде» дегенді де қазақ айтқан. Ал, ішіңді тысқа алып шығатын – сөз. Ендеше, ақынның сыры – өлеңде. Сағыныштың жан дүниесіне жақындай түстік деуіміздің мәні сол.

Жинақта ақын осы заманның санасы сара, болмысы таза адамының бейнесін бедерлеген. Сонымен қатар, ол – рухани бай бейне. Арманшыл, күйрек емес, күрес­керлік қуаты мол.

Мендік үміт жетеді

ғасырларға,

Елес болма, алтыным,

асыл арман.

Сын сағатта

төзімім төгілмеген,

Қиын шақта шыдамым

таусылмаған, –

бұл шынайы сөзді ақынның өзі дейін бе, бүгінгі жас буынның жиынтық бейнесі дейін бе, қайсымен болса да іштей келісесіз.

Сағыныш ақын қо­ғам мен өмірдің көлеңке жағына көп үңіл­мейді. Барлық нәрсе­нің әдемілігін көруге құштар.

Кеш ымырттығымен,

Көл тұнықтығымен,

Қыз қылықтығымен

Әдемі.

Ел ғұрыптығымен,

Ұлт ұлықтығымен,

Жел тынықтығымен

Сән еді…

Қадыр ақынның «Барлық пәле көзің менен көңілде» дейтіні бар еді. Шынында біз қандай көзбен қарасақ, айналамыз да сондай бейнемен қарайтын болса керек.

Жалпы, менің айтпағым Сыр ақындары өз қатарынан тағы бір есімге талассыз орын беретін шығар деп ойлаймын. Бұл күмәнім емес, қуана айтып отырған сөзім.

Кітап 500 данамен жарық көрген.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<