Оны білетіндер көп. Қарапайым тіркестермен айтсақ, ауыл, сосын аудан одан соң облыс, яғни бүкіл Сыр бойы, айта берсек, бұл есімді ХХ ғасырда республикадағы барлық шаруашылық қауымы білетін. Оның өзгелерден ерекшелігі сол, онымен бірге болған күндер, қалай болғанда да естен кете қоймайды. Ф.М.Достоевскийдің: «Мына бір өсиетімді есте сақтаңдар: ешбір оқиғаны, ешбір қақтығыс-шиеленісті ойдан шығармаңдар. Өмірдің өзінде не бар, соны алыңдар. Өмір біздің ойдан шығаратындарымыздың бәрінен де бай. Кәдімгі күнделікті өмірдің беретінін ешқандай ой-қиял бере алмайды, өмірді құрметтеңдер», – деген сөзі осы тұста ойға оралады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, сөз еткелі отырған кейіпкерімізді алдын-ала былайша айтуға болар еді.
Жүрген жерінде ізі қалатын, болмаса сөзі қалатын. Әйтеуір ағамыз жайлы айтылатын әңгіме де көп, баршаға мәлім аталы сөздері де жеткілікті, кімнің де болса көңілін қалдырмайтын, орынсыз ешкімге салмағын салдырмайтын, алды-артын болжай білетін, қай кезде де халқына сенетін. Орнымен ақылын айтатын, көргені де көп, білетіні де аз емес, айта да білетін, қайта да білетін, талайды басынан өткізген, елінің сөзін тиісті жеріне жеткізген, жақсыны да көрген, жаманды да көрген, бірақ аспаған да таспаған, табиғи қалпын сақтаған, үлкенге де, кішіге де сіз дейтін, ақ жаулықты атаулының бәрін «қыз» дейтін, өзімшілдіктен аулақ болған, соның арқасында Социалистік Еңбек Ері атанып, батыр болған.
«Сонда осы айтып отырғаны кім?» – деуі мүмкін ғой оқырман қауымның. Ендеше айтайын, бұл – халқының қалаулы ұлы, ақын ағамыз Ұзақ Еспанов.
Бұл – кезінде ақ күріштен тау тұрғызған батыр ағамыз Ұзақ Еспанов. Енді оның өзі туралы тікелей айтқанымыз жөн болар. Ол 1928 жылы қазіргі Мақпалкөл ауылында дүниеге келді. Орта мектепте оқи жүріп, 1944 жылы еңбек жолын колхозшылықтан бастады. 1947 жылы орта мектепті бітірісімен Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны 1951 жылы бітіріп шықты. Екі жылдай мектепте мұғалім, мектеп директоры қызметін атқарды. 1953 жылдан бастап он жыл бойы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1963 жылдан үздіксіз 30 жыл бойы аудандағы «Мәдениет» және «Қазақстанның Ленин комсомолы» атындағы совхоздарының директоры болды.
Еңбек еткен кезінде бес рет қатарынан облыстық Советке, ХІ сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Қырық жыл бойы аудандық, облыстық партия комитетінің мүшесі болды.
Тау деген әркез алыстан ғана асқақ әрі тәкаппар көрінеді. Ал бір белесінен бір белесіне көтерілген сайын жерде тұрып қарағанда бас айналдыратын шырқау биіктер көзге үйреншікті сыңай танытып, алыс асуларына жетелей береді. Өмір де солай, оны Ұзақ Еспанов ағамыздың өмір жолдарынан анық аңғарамыз. Соның нәтижесін мынадан көруге болады. Бір өзінде он бестен астам медаль, алты ордені бар. 1973 жылы 10 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде үздік көрсеткіштерге жеткені үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдызды» төсіне тақты.
Бүкілодақтық көрмеге алты рет қатысып, үш рет алтын, үш рет күміс медаліне ие болды. 1953-1960-1978 жылдарда өткен республика мұғалімдерінің, 1976 жылы Қазақстан Компартиясының XIV съезіне делегат болып қатысты. 1974 жылы Жалағаш поселкесінің, 1998 жылы Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.
Ағамыз жайлы жазғанда өткен тарих беттерінен деректер келтірмесек, көңіліміз көншімейтін сияқты. Оның үстіне қазіргі жастар хабардар емес сәттерді айтып өткеннің, еске түсіргеннің артықшылығы сірә бола қоймас. Сондықтан да біз бүгін кешегі өткен күнді еске ала отырып, бүгінгі күнгі ұрпаққа тарих беттерінен әңгіме айтпақпыз.
Әсіресе, Ұзекеңнің директорлық қызмет атқарған кезінде 1972 жылдың алатын орны ерекше еді. Жалпы ол аудан өмірінде де күріш дақылынан өнім алуда айрықша бетбұрыс жасалған жыл болды. Соның көш басында «Мәдениет» совхозының еңбеккерлері болған-ды.
Сонымен «Мәдениет» совхозының коллективі осы жылы 2500 гектар жердің әр гектарынан 56 центнерден өнім алып, мемлекет қоймасына 131360 центнер Сыр маржанын құйып, облыста үлкен сілкініс тудырды. Сондағы совхоз еңбеккерлерінің атынан жоғарғы басшылық орындарына берілген рапортты оқып көрейік:
«КПСС XXIV съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыра отырып, тоғызыншы бесжылдықтың шешуші жылында астық өндіруді арттыру жөніндегі Бүкілодақтық социалистік жарысқа қосылған Жалағаш ауданындағы «Мәдениет» совхозының еңбеккерлері 2500 гектар жерге күріш егіп, оны бітік өсірді және егін жинау жұмысын ұйымшылдықпен 25 жұмыс күнінде аяқтады. Совхоз қазақстандық миллиард есебіне мемлекетке 131360 центнер күріш сатып, қабылданған социалистік міндеттемесін абыроймен аяқтап, мемлекетке астық сату жөніндегі бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын үш жылда 101,3 процент орындауды қамтамасыз етті. Совхоздың №1 бөлімшесінің коллективі әрбір гектардан 67 центнерден, №3 бөлімше 63 центнерден өнім жинады. Сейтасқар Сүйіндіков пен Дәужан Ыдырысов басқарған бригадалар әрқайсысындағы 400 гектар егіс көлемінде әрбір гектарынан 68-70 центнерден Сыр салысын өндірді. Звено жетекшісі Жақсылық Шайманов әрбір гектардан 119,3 центнерден, Ұлмекен Төлегенова – 103,3, Нұрлыбек Басанов – 101, Молшыбек Рысжанов – 107,3 центнерден өнім жинап, қабылдаған міндеттемелерін артығымен орындады.
Егін жинау кезінде жаткашылар Қуанбай Алпысбаев, Өтебай Досанов, Кеңесбек Жайлаубаев, Ібан Тілеуов, Маралхан Әбсатов, Жолан Сейсеков, жүк машинасының жүргізушілері – Сәбетбай Мәліков, Әскербек Қасымов, Тілемес Байділдаевтар күн сайын екі нормаға дейін орындап отырды. Комбайншылар – Оңғарбек Қанатов, Бөрібай Пірманов, Асқарбек Пірмантаев, Мұстафа Тұрмаханов, Батырбек Жапақов, Қуандық Баймаханов, Ерсін Ақбергенов, Сайлау Алмасовтар маусым кезінде 5000-7000 центнер астық бастырды. Үлкен орақ кезінде совхоз еңбеккерлеріне Алматы шет тілдер институтының, Қызылорда педагогикалық институтының студенттері, Түркістан автотранспорт кәсіпорнының және №2585 Қызылорда автоколоннасының коллективтері үлкен көмек көрсетті. Совхоз келесі жылдың егісіне қажетті тұқымды толық құйып алды.
Совхозда мемлекеттік міндеттемеден және бесжылдық жоспардан тыс астық тапсыру онан әрі жүргізілуде».
Ұзақ Еспанов – совхоз директоры,
Өтеп Сәрсенбаев – партком секретары,
Тоқтасын Әбдіреев – жұмысшылар комитетінің председателі,
Мағанат Елемесов – комсомол комитетінің секретары.
25 сентябрь 1972 жыл.
Бүкіл облыста мемлекетке күріш тапсырудан жүз мың центнерден астам астық тапсыруды бастаған «Мәдениет» совхозының коллективі, оның жетекшісі Ұзақ Еспанов ағамыздың бұндай еңбек жетістігіне жетуі атының алтын әріппен жазылуының басы болды.
Міне, осы жылдан бастап 20 жыл бойы 1991 жылға дейін зейнеткерлікке шыққанша мемлекетке күріш тапсырудан жүз мыңдықтардың көшбастаушысы болып, социалистік жарыста ешкімді де алдына салмады. Оның еңбек жолы өз еліне, халқына, Отанына шексіз беріліп еңбек етудің үлгісі болып қалды.
Бұл жылдарды, яғни «Мәдениет» және «Қазақстанның Ленин комсомолы» атындағы совхоздарға басшылық жасаған кезін ол былайша:
«Тағдырдың көріп жеңіл, ауырын да,
Ел-жұрттың жүрдім бірге қауымында,
Өткіздім өмірімнің сәтті шағын,
«Еңбек» пен «Мәдениет» ауылында.
Үлкенін де, екі елдің кішісін де,
Жасаған маған жақсы ісі үшін де,
Өмірден өткенімше сыйлап өтем,
Келсе де жаз ішінде, қыс ішінде», – деп еске алады.
Шаруашылық басшысының инициативасы мен іскерлігі әр мәселенің бабына бара білетін, бүге-шүгесіне дейін талдап, зерделей алатын қасиеті қаншалықты алымды алғыр болғанымен жеке адамның көкейкесті ойларымен қабыспаса ол құрғақ қиял ғана болар еді. Өйткені ондай мақсат ойлаушысы бар да, орындаушысы жоқ мақсат қой. Бұл жағынан алып қарағанда Ұзекеңнен үйренетін де, басшылыққа алатын да қасиеттер мол болатын. Содан болса керек-ті қай жерде, қай салада еңбек етсе де оның тасы өрге қарай өрмеледі. Оның тағы бір басты себебі қарауындағы адамдарға қамқор бола білуінде. Адамдарға «сіз», «біз» деген сөздердің қажет екені шындық. Ол бір-біріне деген құрметтің, сыйластықтың белгісі. «Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық» деген сөз тағы бар ғой халықта. Ұзекеңнің «сіз-бізі» үлкенге де, кішіге де шынайы құрмет, ағалық ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие болса, «шыж-быжы» еңбек тетігін тауып, оның жемісін жегізу. Бұл атап айтқанда, мол еңбек табысы. Мұны ақын ағамыз бұлай деп жырлайды:
«Көргенімнен көрмегенім көп менің,
Тек сөнбесін кең кеудемнен от демім.
Аянбадым адал еңбек еткенім,
Алла берген абыройымды төкпедім.
Сан салалы көрдім тағдыр өткелін,
Қуып мақтан, асып-тасып кетпедім.
Шүкір Алла, туған халқым алдында,
Жаздан өтіп, күзге қарай беттедім.
Арпалысып тіршілік деп жүргенде,
Қалдық білмей жылдардың да тез өткенін.
Айта алмаймын ағайынға өкпе-наз,
Еңбегімді ескермеді деп менің.
Небір қиын өткелдерден өтесің,
Деп түсінбе өмір жолы теп-тегіс.
Елге сіңген еңбегімнің арқасы,
Көп ұшырдым көңілдің көк кептерін.
Туған елдің ынтымағы бірлігін,
Қазіргі күн ойлайтыным тек менің.
Қазақстан егеменді ел атанып,
Мақтан тұтам бостандыққа жеткенін».
Оның елге еңбек етуі қайраткерлікке ұласты. Адамды өмір тек қиындықпен ғана сынамайды, дәулетпен де, бақпен де, бақытпен де, лауазыммен де, атақпен де сынайды. Ұзекең осы айтқандардың барлығында басынан өткізген, осы сынақтан адами қасиетімен сүрінбей өткен азамат.
Лауазымды атағым бар деп аспады, таспады, талай қажыр-қайраты бар жастардың жолын ашты. Мысалы, жас күрішшілер – Жақсылық Шайманов, Кенішбай Алшоразов, Тұрлыбай Абдықалықов сынды жастарды еңбек мектебінде тәрбиелеп «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары» атағын алуларына қол жеткізді. Оның тәрбиелеген мамандары – Сұлтан Ізтаев пен Берік Демеуов совхоз директорлығына дейін көтерілсе, Нұрлыбек Жолдасбаев аудан әкімі, одан облыс әкімінің орынбасарлығына дейін өсті. Жалпы, Ұзекең кімге де болса қол ұшын беруге даяр тұратын, кешірімді болатын, қайырымды-тұғын. Мінезі ғажап, баламен балаша, үлкенмен үлкенше сөйлесетін. Ақкөңіл еді, қуанса шын көңілімен қуанатын бәзбіреулердей жасанды мінезі болмайтын. Жақсы көрген адамын мәңгі жақсы көретін.
Ол өз замандастарының арасында еңбексүйгіштігімен, ізденімпаздығымен, жан-жақты білімділігімен, іскерлігімен, адамгершілік парасаттылығымен, жанының жомарттығымен, сөйлегенде шешендігімен дараланатын.
Енді кезінде идеология майданының танымал қайраткері болған алаштың зиялы азаматтарының бірі Дәуірхан Жәлиұлы Айдаровтың Ұзекеңнің жетпіс жылдық мерейтойына жолдаған құттықтауын тағы бір еске түсіріп, айта кетуді жөн көріп отырмын. Онда былай делінген еді:
Қадірлі, Ұзеке!
Сен табиғатыңнан ғажайып адамсың, сен туралы сыр айту оңай да, қиын да, қысқа да қайыруға болады. Елу жылдан аса өміріміз өзектес, тағдырымыз тағдырлас келеді. Бүгін бізді шынайы адами құрмет, қимастық сезімге бөлегендей. Қайсымызда өз заманымыздың ұлы болдық, жемісті еңбек етіп, мәнді өмір сүрдік. Сенімен аралас-құралас ұзақ жылдар сағынышты кезең ғой, ешбір өкінбеймін.
Біз сені замандастар ретінде не үшін құрметтейміз? Ең алдымен жақсы адам екенің жанарыңнан танылады, жүзіңнен нұр, ниетіңнен шапағат шашып тұрады, құймақұлақ, зерек зерделі жансың, әр уақыт жақсылыққа жақын, жаңалыққа бейім тұрасың. Оның үстіне күшіңе емес, ісіңе сеніп, ұлық болсаң да кішік болдың, еңбек адамының жүрегіне жол таптың. Өзің жазғандай барға мастанбадың, басқаны күндемедің, көңілге дақ салмадың, алғаның алғыс болды. Ал, дініңе берік, ділің жоғары, тілге бай, барынша ақкөңіл дос-жораның көп екенін бәрі біледі. Ақыр соңында адалдық пен әділдікті мұрат тұттың, мұнан асқан құндылық болар ма?!
Келесі сұрақ – кім едің, кім болдың? Сені өмір үйретті, еңбек ширатты. Бар болмысыңа ата-баба әруағы дарыған, тәніңе киелі нан иісі сіңген, атақ-абыройың термен, ақыл-оймен келген сиректердің бірісің. Бұл айтылғанды Еңбек пен Мәдениет кеңшарларының өткен шаралары дәлелдейді. Ал, рухани темірқазығың – адамгершілік пен парасаттылық, имандылық пен ізеттілік деп білемін. Еңбек, ізденіс, бойыңа біткен қазақтың киелі қасиеттері биік мәреге жеткізді. Еңбек Ері атандың. Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайландың. Оған қоса өңірдегі мәшһүр адам Ұзақ, азамат Ұзақ, Батыр Ұзақ, Қайраткер Ұзақ, ақын Ұзақ, енді міне Ақсақал Ұзақсың, қысқасы атаның ғана емес, адамның ұлы, ірі тұлға болып танылдың. Алаштың зиялы азаматтарының ардагерлерінің бірісің.
Осының бәрі бір адамның басына жетерлік мәртебе. Біз жастайыңнан қатар өскен, әрі сырлас жолдастарың, достарың өмір жолында бар жеңісіңе бибатыма, асыл ана Дәмештің үлесін бөліп айтамыз. Ұл-қыздарың, немерелерің атыңа лайық өсіп-жетіліп келеді. Мұратқа жетті деген осы болар. Сен бақытты адамсың. Ұзақ мырза, тәуба дегейсің!
Мерейтойыңмен шын жүректен құттықтаймыз. Денің сау, өмірің ұзақ болып, абыройың ортаймасын. Айналаңа амандық, береке тілейміз.
Алматы, 13 желтоқсан 1998 жыл.
Ұзекең, қай жерде, қай ортада жүрсе де халықтың құрметіне бөленді. Оның көп адамнан ерекше өзгешелігі жақсылық атаулыны көре де білетін, түсіне де білетін. Бір сөзбен айтқанда, ағамыз асылдың сынығы, кәусардың тұнығы еді.
Тағдыр Ұзекеңе оң көзімен қарады. Қай жерде, қай салада жұмыс жасаса да бағы жанды. Ажары айдай болған, ақылды да мінезге бай Дәмеш жеңгемізді сүйдірді. Ағамыз жеңгеміз Дәмеш екеуі өмірге әкелген балдарының, олардың барлығын да тәрбиелі етіп өсірді. Баяны – дәрігер болса, Зәуреші мен Бақыты ата-ана жолын қуып ұстаздықты қалады. Ал, Мейрамбек болса бұл күнде аудандық мәслихаттың хатшысы, Манарбек – «Агро-ХолдингБайқоңыр» ЖШС-ның директоры, Каналбек пен Айдос – үлкен кәсіпкерліктің иесі, Жанарбек – биология ғылымының кандидаты.
Бұлардың барлығы да бүгінде егеменді еліміздің сан қилы шаруашылықтарында абыройлы еңбек етуде. Батыр ағамыздың өмірі осылар арқылы жалғаса бермекші.
Ұзекең 1991 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық өміріне қатысуын тоқтатқан емес. 1992 жылы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, оны 17 жыл бойы үздіксіз басқарды. Ұзақ жыл ардагерлер мен зейнеткерлер армиясын басқару оңай шаруа емес-ті. Солардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, мүдделерін қорғай білді. Ұсынуымен, талап етуімен көмекті қажет ететін қарттарға, соғыс ардагерлеріне демеу болатын шаралардың тиісті басшылық органдар арқылы жүзеге асырылуына мұрындық болды. Елдің ауызбірлігін сақтауда ардагерлерді ұйымдастыра білді. Балқы Базар жырау айтқандай:
«Тәңірісі артық жаратқан,
Ауызына халқын қаратқан.
Қара қылды қақ жарған,
Алдынан топты таратқан».
Ұзекең әңгімешіл еді, отаншыл еді, ұлтжанды еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудан орталығына көшіп келді, қатынасымыз жиілей түсті. Сәлем беріп үйіне барып тұратынбыз,
– Не жаңалық бар? – деп әңгімесін бастайтын. Жаңалықты сұрап отырып, жаңалықты бізден көп білетінін байқататын. Бөлмесінде радиоқабылдағыш, транзистор тұратын. «Мынау менің хабаршым, осыдан барлық жаңалықты жатып-ақ тыңдаймын. «Шалқар» радиосынан жақсы әндер береді, ол менің шабытымды тудырады» деп те қоятын. Әңгіме арасында домбырасын алып, шертіп-шертіп жіберіп жыр жолдарын ағытатын. Ағамыз сегіз қырлының нағыз өзі еді ғой!
Халық айтқандай «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей ағамыз көзі тірісінде жазған, баспадан шығарған «Сыр күріші – ел ырысы», «Өрелі өзгерістер» атты прозалық шығармалары мен «Көңілім көктем», «Шуақты күн» атты өлеңдер жинағы артында өлмес мұрасындай болып қалды. Ағамыз отырыстың ажары еді. Әзіл-қалжыңды орнымен айтып, тыңдаушысының аузын ашқызып, көзін жұмғызатын, әсіресе, өзінің замандас келіншектердің ортасына түсе қалса қарға аунап тұрған түлкідей жалт-жұлт етіп, күле сөйлеп құлпырып шыға келетін. «Ой, аға жасарып кеттіңіз ғой» десек, «Иә, маған дәрігерлер жүрегіңіз жас баланың жүрегіндей соғып тұр дейді ғой», – деп әңгімесін одан әрі жалғастырып әкететін. Ой, жарықтық, Ұзекең-ай!
Ұзекең сексеннен асып, қайтпас сапарға кеткенге дейін табиғат берген ажарынан айырылмай, жаны қартаймай өтті. Өзінің жан дүниесінің тазалығымен қатар қашан болса да бас-аяғы таза, кеңседе киетін ақ көйлек, қара костюммен мұнтаздай болып киініп, үстіне шаң жуытпай көрікті қалпын сақтауының өзі адам сүйсінерліктей болатын.
Шаруашылықты басқарып жүрген адамға қалай киінсе де жарасады деген жалпылама сөзге қосылмайтын. Дұрыс киініп жүрудің өзі мәдениеттіліктің белгісі дейтін. Мінекей, тектінің ұрпағы деген осы. Мұны өз өлеңімен айтқанда:
Абыроймен, ағайын, өтті күнім,
Арқасында достардың көптігінің.
Есептеймін өзімді бірімін деп,
Қарапайым қазақтың текті ұлының.
Адамның атақ-даңқын шығаратын тек еңбек, адал еңбек қана. Алайда үзіліссіз, үздіксіз абыройлы еңбек ету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ондай адамдар өте сирек кездеседі. Ал мен болсам сондай адаммен қызметтес болғанымды, сол жайлы қалам тартып отырғанымды мақтан ете алам. Егер ағамыздың жүрегі тоқтамағанда үстіміздегі жылы 90 жасын тойлаған болар едік. Оған өкінуге болмас. Марқұмның жатқан жері жарық болсын, иманы жолдас болсын, ұрпақтарына ұзақ өмір берсін!
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<