Ауданның  мүмкіндігін мүлт жібермеген абзал

510

0

Кеше сондай-ақ, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовтың есебі тыңдалды.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің қорытындысына сәйкес, Шиелі ауданы 5-орынға тұрақтап, орташа даму динамикасын көрсетті. Облыс әкімі биыл даму динамикасы едәуір баяулағанын айтып, сынға алды. Себебі аудан өткен жылы үздіктер қатарынан көрінген.

– Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінің қарқыны 1,2 пайызға төмендеген. Ауданның өңдеу саласында бір ғана цемент зауытының үлесі 70%-ды құрайды. Басқа орта буынды өнеркәсіп орындары жоқтың қасы.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуға ауданда цемент зауытының әлеуетін пайдалана отырып, жанынан ілеспе кәсіпорындарды ашуға жұмыс жасау қажет.

Мысалы, цемент зауыты ай сайын 12 мың дана 1 тонналық қаптар және 400 мың дана 50 келілік қағаз қаптарды Ресей мен Қытайдан сатып алуда. Бұл бір ғана зауыттың сатып алатыны. Елімізде осындай 15 цемент зауыты бар. Осындай өндірістерді ашуға үлкен әлеуетіміз бар.

Бұған қоса, цемент зауыты жанынан құрылыс индустриясын дамытуға мүмкіндік зор, құрғақ құрылыс қоспалары, гипсокартон, тым болмағанда темір-бетон бұйымдары өндірістерін өрбітуге болады.

Мұнан бөлек, аудан табиғи пайдалы қазбалар қорына бай. Мысалы, ванадий, алтын, мыс, күміс, мырыш, мышьяк қорлары бар. Осы бағытта инвесторлармен жұмысты жандандыру қажет, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев. 

Нұржан Ахатовтың айтуынша, өнеркәсіп өнімін өндіру 13,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 7,7 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 1,5 пайызға, сауда айналымы 3,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 42,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 0,5 пайызға артқан.

Аудан өндіріс көлемі бойынша Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданынан кейін үшінші орынды иеленеді. Облыстағы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 7%-ды құрайды.

Облыс әкімі инвесторлармен жұмысты әлі де жандандыру қажеттігін баса айтты. Себебі ауданда инвестиция тарту бағытында жұмыстар баяу жүргізілуде. Биыл 23 млрд теңге инвестиция тарту межеленген болса, бүгінде тек 7 млрд теңге инвестиция нақты тартылған.

Жиында облыс басшысы халықты жұмыспен қамту бойынша атқарылған іс-шаралардыда сынға алды.

– Шиеліде аудан бойынша жоспарланған 3623 жаңа жұмыс орнының бар болғаны 1134-і, жоспарланған 1590 тұрақты жұмыс орнының тек 230-ы ашылған. Алты айдың қорытындысымен ресми жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайызға өскен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнының ашылуы қажет, – деді облыс әкімі.

Арнайы жиында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі шет қалмады. Аудандағы кәсіпкерлер санының өсу динамикасы өте баяу. Соңғы 3 жылда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны небәрі 215 бірлікке ғана өскен. Ал, жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны бар болғаны 264 бірлікке ұлғайған.

– Көршілес жатқан Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы халық саны небәрі 54 мыңды құрайды. Бұл ауданда 4,5 мың кәсіпкер тіркелген. Оның қасында 85 мыңға жуық халқы бар Шиелі ауданында кәсіпкерліктің дамуы осы шағын ауданмен шамалас.

Салалық ерекшелігіне қарай микробизнестерді бір жерге шоғырландырып, өнімділік пен табыс көзін арттыру бағытындағы шараларды атқару қажет. Болашақта олар ірі өндіріс орындарына айналуы тиіс. Біз, 2025 жылға қарай облыста шағын және орта бизнестің ішкі өнімдегі үлесін 25%-ға жеткізуіміз қажет, – деді облыс басшысы.

Азық-түлік қорын көбейту мәселесі де талқыға түсті. Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге дейін азық-түлік бағаларына бірде-бір мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілмеген. Облыс әкімі бағаны тұрақтандыру бағытында нақты шаралар қабылдауды жүктеді.

– Қазіргі таңда егіс көлемі жоспардан 1250 гектарға кем. Мен егістікті әртараптандыру мақсатында  өзге де дақылдарды егу көлемін ұлғайту қажеттігін айтып келемін. Оған қарамастан, әртараптандыру бағытындағы дақылдар межеден 455 гектарға кем егілген.

Осы ретте, басқа аудандарға қарағанда ауданның ерекшелігін пайдаланып көкөніс, бақша дақылдары көлемін арттырып, экспорттау мүмкіндігін қарау керек, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында білім нысандарын салуда қаржыны тиімді бағыттау қажеттігін қатаң ескертті. Себебі ауданда салынатын 300 орындық мектепке 1,7 млрд теңге қаржы сұралған. Бірақ өзге ауданда мұндай қаржыдан бірнеше есе аз ақшаға білім нысанын салуға болатынын дәлелдеген. Сондай-ақ, жиында жоғары тұрған органдар мен облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысы, ауданның кадрлық әлеуеті мен қоғамдық-саяси ахуал сөз болып, нақты тапсырмалар берілді.

Облыс әкімі 9 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіштер қайта қаралып, жауапты мамандардың жұмысы сарапқа салынатынын еске салды.

– Алдағы қыркүйек айынан бастап қала және аудан әкімдері жұмыстарының тиімділігін анықтайтын рейтинг жүргізілетін болады. Рейтинг қорытындысымен жұмыс нәтижесі төмен аудан әкімдері бойынша жыл соңында кадрлық шешім қабылдаймыз, – деді облыс әкімі. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<