Білім кеңістігіндегі белес

931

0

Еліміздегі байырғы оқу ордасының бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрылғанына 85 жыл толды. Тарихқа үңілсек, Қызылорда педагогикалық институтының іргетасы сонау 1937 жылы қаланған.

Құрылғаннан бері Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Бүгінде бұл білім ошағы халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, елімізде жоғары білім саласындағы көшбасшы университеттің біріне айналды.

Университет тарихы еліміздің маңызды кезеңдерімен тығыз байланысты. Оның құрылуы ұлттық кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыруда университеттің бүгінге дейінгі ректорлары елеулі рөл атқарды. Өткен ғасырдың 40-жылдары мұнда саусақпен санарлықтай ғана факультет болса, жыл санап оның саны арта түсті. Соның нәтижесінде университетке химия, физика, тарих және тілтану салалары бойынша іргелі ғылыми орта қалыптаса бастады.

Университет құрамына енген бұрынғы Ы.Жақаев атындағы инженерлік институттың да орны ерекше. Жамбылдың гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалынан бастау алатын бұл оқу орнының тарихы академик Уәлихан Бишімбаевтың есімімен байланысты. У.Бишімбаев филиалдың оқу базасына ғана емес, ғылыми-техникалық әлеуетіне ерекше назар аударып, профессор-оқытушылар Одақтың ғылыми кеңестерінде докторлық, кандидаттық диссертацияларын қорғады. Үкіметтің 1998 жылғы қаулысымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы политехникалық институты бірігіп, университет атанды.

Қоғамнан өз орнын алып, еңсе тіктеген тұста Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті республиканың өндірістік-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларына жоғары білікті кадрлар даярлаудың жетекші орталығының біріне айналды. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда университетті басқарған техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисенов  университеттің білім беру бағыты мен ғылыми-зерттеу саласын жетілдіруде айрықша қызмет атқарды. Осы тұста кафедралар жан-жақты дами түсті.

Нақты кезеңде университетте 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етеді. Олардың қатарында біздің «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасы да бар. Аталған кафедраның тарихы 1978 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты Қызылорда филиалы құрамында «Арнайы пәндер» кафедрасынан бастау алады. Сонан беріде кафедра атауы бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Бүгінге дейін «Құрылыс технологиясы және оны ұйымдастыру», «Архитектура және құрылыс өндірісі», «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс», «Құрылыс конструкциялары және құрылыс өндірісі технологиясы» кафедрасы аталған. Бірқатар құрылымдық өзгерістер нәтижесінде құрылыс саласында мамандар даярлау 1999 жылдан бастап екі кафедра негізінде ашылған «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасына жүктелді.

Осы аралықта кафедраны Серікбай Қошқаров, Мәлік Сапарғалиев, Бақытбек Құлтанов, Камалбек Байтасов, Ләззат Аруова, Сәкен Үдербаев, Гүлназ Жақапбаева, Наргүл Сактағанова, Айгүл Бодықова, Абзал Шегенбаев сияқты беделді ғалымдар басқарды. Олардың университет аудиторияларында лекция оқығанын бүгінде мақтанышпен айтамыз. Ұйымдастырушылық қабілеттері нәтижесінде біздің кафедраның әлеуеті артты. Ал, соның барлығы университеттің алға жылжуына тамшыдай болсын үлес қосты десек артық емес шығар.

Жалпы, құрылыс материалдарының тиімді технологиясын жасау, үйлер мен ғимараттарды жобалау және оның элементтерін есептеу, зерттеуді басты бағыт еткен кафдерада қазір ауқымды істер атқарылуда. Халықаралық байланыстар бойынша жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде республикадағы, ТМД мемлекеттеріндегі және алыс шет елдердегі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, институттарымен және университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлықты дамыту, жоғары оқу орындары арасында білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын жүзеге асыру мақсатында Ресейдің Новосібір мемлекеттік сәулет-құрылыс университеті, Самара мемлекеттік сәулет-құрылыс университеті және Мәскеу мемлекеттік құрылыс институтына және отандық жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға жіберу ұйымдастырылады. Мұның өзі ғасырға жуық тарихы бар университеттегі жастардың жаңа бағыттарды игеруіне, үйренгенін болашақ ел мүддесі жұмсауына ықпал етері анық. Заманның дамыған тұсында әр салада білікті маман қалыптастыру – университеттің негізгі мақсаты. Ал бұл талапқа біздің университет толықтай қауқарлы деп ойлаймын. Оның дәлелі ретінде атқарылып жатқан осы жұмыстар мен кешенді шараларды айтсақ та жеткілікті.

Бұдан бөлек, қазіргі уақыттағы университеттің басқарма төрағасы – ректоры, Қызылорда қалалық мәслихат депутаты Бейбіткүл Кәрімованың басшылығымен біздің қарашаңырағымыз жаңа белестерге көтеріліп, үздіктер қатарына енді. Ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып біріккен жұмысы нәтижесінде 2020-2022 жылдары университет QS компаниясы өткізген Азия университеттері рейтингісінің (QS Asia University Rankings-2023) нәтижесі бойынша Азияның үздік-551-600 қатарына, аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жасақтайтын ҚР-да сұранысқа ие ЖОО-ның ұлттық рейтингінің үздік ондық құрамына тұрақты орнықты. Ал биыл 1+6 білім беру бағдарламасында (БББ) үздік үштікке енді.

Ғалымжан ҚАРШЫҒА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

«Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<