Маңызды мәдени іс-шаралар

1683

0

Биыл Қазақстан және КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы, Сыр елінің тумасы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтеді. Осыған орай облыс орталығында Роза Бағланованың ескерткішінің ашылу салтанаты мен жыл көлемінде әншінің шығармашылығына арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, облыста жыл бойына өткізілетін мәдени іс-шаралар легі көбейеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов айтты.

– Қазақ өнерінің біртуар азаматтарына арналған ауқымды іс-шаралар басталмақ. Соның бірі – ақпан айында «Дала қызғалдағы» атты Роза Бағлановаға арналған концерт. Ал, сәуір айында «Ақмаңдайлым» атты республикалық байқау мен қазан айында туған жері Қазалыда «Іңкәрім-ай» атты аймақтық әншілер конкурсы ұйымдастырылады. Сонымен бірге, Сыр сүлейі Базар жыраудың 180 жылдығына арналған республикалық жыршы-жыраулар байқауы мен ғылыми-танымдық конференциялар өткізу жоспарлануда. Күйші Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған республикалық күйшілер байқауы, Жаңақорған ауданында Әлшекей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің концерті және «Күй абызы – Әлшекей» атты облыстық ұлт-аспаптар оркестрінің байқауы жыл бойына өтетін болады. Әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына орай дәстүрлі «Отан Ана» атты республикалық жас орындаушылар байқауы мен гала-концерт ұйымдастырылады. Биыл – облысымыздағы кәсіби өнер ұжымы облыстық филармонияға 50 жыл. Осыған орай, эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт және филармонияның өнер ұжымдары мен жеке орындаушылардың концерттері жоспарға енгізілді, – деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Сол себепті жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында облыс кітапханалары, оның ішінде балалар кітапханалары жаңа әдебиеттермен толықтырылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<