Қапы қалма, оқырман!

1098

0

Әңгімені әріден қозғайық. Бұл басылымда елу жылдан астам еңбек еткенім, алдыңғы буын ағалармен, тоғыз редактормен қызметтес болғаным күні кешегідей көз алдымда. Уақыт қандай жүйрік, есікті ашып-жапқандай. Қатарларымыз жылма-жыл сиреп барады. Бәрі – заңдылық.

Басылымның тарихы әріде жатыр. Сырын сыртқа алдырмайтын редактор Нұрділдә Уәлиев Мәскеу, Ленинград архивтеріне барып, «Ленин жолы» 1929 жылдың шілдесінен шыға бастағанын дәлелдеп, диссертациялық еңбегін қорғады. Ізденімпаз аға сонымен басылымның өмірін ұзартты. Тоқсан жылдық мерекені өткізу, көру біздің пешенемізге жазылды.

Әлі есімде, сұрапыл соғыстан оралған ағалар бір кездері өзінің еңбек еткен ұясына оралды. Бір жамбасындағы жау оғын алдырмай жанкешті еңбек еткен Құрманғали Ажаров, айып ба­тальонында командир болған Дос­мағанбет Тасекеев,  майор Әбсадық  Жанзақов және тұтқында болған, «Ажал тырнағында» атты повестті жазған Бөлебай Әлменовтердің өмірі жыр-дастан, талай тоқтағанбыз, там­санғанбыз. Алты ай бойы Қара­ғанды госпиталінде болып, туған жерге балдақпен оралған жауын­гер А.Нұрекеевтің дәрігерлер екі бірдей аяғын кесуге бел буған. Бірақ, әскери дәрі­гер Икрам Ыдырысов «аяғыңды кес­пейміз, осы аяқпен ұзақ өмір сүресің» деп емдеген. Міне, сол аға қос балдақпен 75 жылдай өмір сүрді, еңбек етті.

Қазіргі «Сыр бойы» талай жастарды биікке көтерді. Ағайынды Дәр­мағанбетовтердің дү­ниелерін оқырманға ұсынды. Тоқсанның төріне шыққан Шәкірат ата әлі тың, қаламы қолынан түскен жоқ, қуатына таңырқайсың. Басылымда еңбек еткен Сыдық Алдабергенов, Зұлқарнай Сахиев «Егемен Қазақстанда», Жақсылық Түменбаев, «КазТаг»-та ұзақ жыл еңбек етті. Ал Мәриям Қарақонақова «Қазақстан әйелдері» журналына редактор болып көтерілді. Байжігіт Әбдіразақов «Егемен Қазақстанның» бірегей, қаламы жүйрік, тамсандыра очерк жазған майталман тілшісі, журналист болды.

Басылымда биікке көтеріліп, бес жылдай редактор болған Ұзақ Бағаев «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болды. Ұзекең тұсында басылым оқырмандары көбейді, мәртебесі биіктеді. Міне, бәріміз ұшқан ұяда осындай азаматтар болған. Қази, Айжарықтардың қалам сілтесі мүлдем бөлек еді.

«Сыр бойы» газеті талай бастамаларға ұйтқы болды. Жақаевшылар қозғалысын насихаттады. Екінші тыңды игеруге, механизатор кадрларын толықтыруға шақырған Ж.Қожауов, Г.Қуандықова, Ж.Таспанбетовалар ел есінде. Ауыл-село мәдениетін өркендету, әр үйде кітапхана болсын ұранын көтерген осы бастама.

Әрине, басылымның қиын сәттері де болды. Тоқсаныншы жылдың басында газеттің жабылу қаупі төнді. Қағаз тапшылығы қиындады. Сол кездегі облыс басшылары қиындықтан шығу жолын қарастырып, қағаз зауыттарына вагондап күріш жөнелту арқылы бұл мәселені батыл шешіп, басылымды қауіптен құтқарды. Журналистердің жалақы мәселесі де біртіндеп шешіле бастады.

Басылымда бір кездері әріпті қолмен теру, баспа қиындығы болды. Хрущевтің тұсында құлаш-құлаш баяндамалар телетайп арқылы келіп, кезекшілікті таң ата аяқтап, сүріне құлайтынбыз. Қазір айтсаң, бәрі аңыз сияқты.

Бұл күндері «Сыр бойы» аптасына үш рет, түрлі-түсті бояумен шығады. Әр бөлмеде компьютер, ең озық баспа машинасы. Шебер журналистер жылма-жыл көбеюде. Содан болар, басылымның сан алуан тақырыпты қозғауы оқырмандар легін көбейтіп, шынайы ықыласына бөленуде. Газет күн сайын таңсәріден қолымызға тиеді. Көз жүгірткен сәтте тың тақырып, ұтымды ойлар үмітке жетелей түседі. Елдегі қызған еңбек, қала келбеті, жаңадан ашылғалы тұрған зауыттар, өндіріс ошақтары, білімге құлшыныс, тағы басқа тақырыптар ой қозғайды.

Бұл күндері басылымға келер жылға жазылу қызу жүріп жатыр. Астанада тұратын Сыр перзенті, зейнеткер Кеңес Махамбетов телефон шалып тұр:  «Астанада біраз қызылордалықтар тұрады. Көбіміз «Сыр бойына» жылма-жыл жазыламыз. Биыл да осы дәстүрді жалғастырып жатырмыз». Міне, ықылас! Бұған қалай қуанбассың?!

Әр адам алдағы күнге үмітпен қарайды. Туған жер бәрімізге ыстық. Оның өсіп-өркендеуін, жылт еткен жаңалықты алдымен хабарлайтын басылым – бауыр басқан «Сыр бойына» келер жылға жазылуды ұмытпа, қапы қалма, оқырман! Бар тілек осы.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<