Қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салу жоспарлануда

212

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Шиелі ауданында былтыр қарқынды жұмыстар қолға алынып, күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер өз шешімін тапты. Мәселен, Ә.Тәжібаев ауылының кіре берісінде орналасқан көпір күрделі жөндеуден өтіп, халықтың игілігіне берілді. Биыл да өңірдегі ауқымды жобалар жалғасын таппақ. Соның ішінде, “Шиелі – Қодамаров” жолындағы көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, осы жылы «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» жолы бойындағы Сырдария өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылады деп күтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді.

  • 2023 жылы аудандағы бірнеше елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Нақтырақ айтқанда, Қызылқайың және Қосүйеңкі елді мекендеріне барлығы 446,7 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда ондағы тұрғындар тіршілік нәрін тарықпай пайдалануда. Сондай-ақ, Шиелі кентіндегі Зекеев және Бөлтекейұлы көшелерінің бойындағы су құбырларының құрылысы да аяқталды. Былтыр Жуантөбе елді мекеніне су тұщытқыш қондырғы орнатсақ, биыл Алмалы аудандық округіне қарасты Тоғайлы елді мекеніне орнатуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Шиелі ауданына қарасты барлық елді мекендерді үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында “Тақыркөл” бас су торабынан №3 сорғы станциясына дейінгі магистральды құбырының 18,6 шақырымы салынды. Биыл бұл жұмыстар толғымен аяқталады деп жоспарлануда. Одан бөлек, Шиелі кентіндегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Тағы бір өзекті мәселе, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау, жою мақсатында “Саз құм” полигонында экологиялық таза өңдеу зауытын салу жоспарда бар. Бүгінгі күні жоба құны – 843,2 млн теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, экологиялық сараптамадан өтуде. Жоба іске қосылған жағдайда ауданымыздың экологиялық ахуалына оң ықпалын тигізетін болады, – деді Нұржан Сәбитұлы.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<