Қауіпсіздік қызметіндегі құрылым

1172

0

Бүгін – қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлерінің күні! Бұл мереке  2016 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қорғаныс және аэроғарыш өндірісі министрлігі құрылғаннан кейін ресми түрде бекітілді.

Тарихқа жүгінсек, Қазақ­станда қорғаныс өнеркәсібі кеңестік кезеңде құрылған. Рес­публика аумағында қарулы күштердің көптеген саласына қарулар мен түрлі жабдықтар дайындайтын қорғаныс өнер­кәсібіне қарасты 50 шақты кәсіп­орын орналасқан болатын. Аталған саланың ірі орталықтары Алматы, Петро­павл, Орал және Өскемен қалаларында шоғырланды. Мұнан бөлек, Семей жеріндегі сынақ алаңы мен бірқатар комбинаттар ядролық қару өндірісінде маңызды орын алды. Ал Қызылорда облысында әлемдегі ең алғашқы ғарыш кешені – Байқоңыр айлағы орналасты.

Одақ тараған жылдары Қазақ­станның қорғаныс өнер­кәсібі саласы біраз тоқырауға ұшырады. Бұл Кеңес Одағының жоспарлы экономикасының салдары еді. Әскери-теңіз флоты үшін құрал-жабдықтар шығарып келген қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін өткізу мүмкіндігі болмады. Өз елімізде оларға сұраныс болған жоқ, ал дайын өнімдерді басқа елдерге сата алмады. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның алдында еліміздің қорғаныс өндірісін қайта құру міндеті тұрды.

Қазақстанда бұл саланы дамыту үшін қорғаныс өн­дірісі кәсіпорындарының жұ­мы­сын үйлестірумен айна­лы­сатын «КЕМПО» (Қазақ­стан қорғаныс кешенінің электро­тех­никалық және машина жасау кәсіпорындарының мем­ле­кеттік корпорациясы) кор­порациясы құрылды. Бұл құрылым 2005 жылға дейін жұмыс істеді. Қазір қор­ғаныстық-өнеркәсіптік кешен­нің (ҚӨК)  орталық ядросы ретінде 2003 жылы құрылған және жиырмадан астам машина жасау кәсіпорындарын топтастырған «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы жұмыс жүргізіп келеді.

2016 жылы 6 қазанда Қазақстан Үкіметінің құры­лы­мында қорғаныс және аэро­ғарыштық өндіріс министрлігі пайда болды. Бұл дата сондай-ақ қорғаныс өндірісі қыз­меткерлерінің кәсіби мере­кесі болып бекітілді. Аталған министрліктің қорғаныс өн­дірісі саласындағы  міндет­тері мен өкілеттілігі 2019 жылы Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистр­лігіне ауысты­рылған­мен де, мереке күні өзгертілген жоқ.

Бүгінде еліміздің қорға­ныстық-өнеркәсіптік кешеніне 8 мыңнан аса жұмыс орнын қам­тамасыз етіп отырған 40-тан астам кәсіпорын кіреді. Еліміздің қорғаныс өнеркәсібін дамытудағы басым бағыт – 3D секілді жаңа технологияларды, ақпараттық технологиялар мен композиттік материалдарды пайдалана отырып, жоғары технологиялық әскери техника мен қару түрлерін шығару және енгізу.

Қазақстанның қорғаныс­тық-өнеркәсіптік кешеніне қарасты кәсіпорындар жыл сайын халықаралық «Армия» форумына қатысып, экспорттық потен­циалға ие өнімдерін – қарулар мен әскери техниканың жаңа түрлерін таныстырып келеді. Соңғы өткен форумда еліміздің кәсіпорындары 120-дан жаңа үлгілердің тұсау­кесерін жасады. Мысалға, «КАЭ» ЖШС-на қарасты электрон­ды-оптикалық өнім­дер шығаратын зауыт тепло­визиялық приборлар мен радиобайланыс құралдарына арналған инфрақызыл линзалар апарса, Киров атындағы зауыт полигонға арналған универсалды қондырғылардың жаңа түрлерін, «Семей инжиниринг» кәсіпорны Т-72 танкі және БМП мен БТР-80 техникалары базасына орнатылған танктерге қарсы қолданылатын модернизацияланған және кон­вер­сиялық техникалар, сондай-ақ жөндеу-эвакуа­ция­лық және барлау-бақылау машиналары макеттерін ұсынды. Ал «Тыныс» АҚ авиация өндірісіне арналған жабдықтар мен жаяу әскерлерге арналған бронжилет, шлем, қорғаныс плиталары секілді өнімдерді көрсетті.

Еліміздің қорғаныс кәсіпорындары ұжымдарының үйлесімді жұмыстары маман­дардың бірнеше буынының ой-санасындағы ғылыми және конструкторлық бірегей жетіс­тіктерді сақтауға және арттыруға мүмкіндік туғызып келеді. Қазақстанның қорғаныс қабілеті мен күш-қуатын және ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға атсалысып жүрген барлық білікті мамандар – инженерлер мен конструкторлар  және зауыт жұмысшылары мен ардагерлері мақтан тұтуға әбден лайық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<