Қызылорда облысында карантин талаптары біршама жеңілдетілді

501

0

ызылорда облысында бүгіннен бастап карантин талаптары біршама жеңілдетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті.

Осы орайда Қызылорда облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысы шыққан.

Ендігі кезекте екінші тоқсаннан бастап қала және ауыл мектептерінде сыныптағы балалар санын 15 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға болады. Онда контингент 300 оқушыға дейін болуы тиіс.

Ата-аналардың өтінішімен сыныптағы балалардың санын 15-тен асырмай кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Ол жалпы білім беретін мектептерде 1 мен 5, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейінгі аралықты қамтиды.

Сондай-ақ, өңірдегі театр қызметінде залды 50 пайызға дейін толтыруға рұқсат етілді. Басты талап – залдағы адам саны 100-ден аспауы тиіс. Оған қоса маска режимі және әлеуметтік қашықтық талаптары назарға алынады.

Қаулыда көрсетілгеніндей, діни нысандар мен мешіттерде құдайға құлшылық ету шарасын санитарлық-дезинфекциялық режимді қатаң сақтай отырып өткізуге болады. Бұл жағдайда залдың сыйымдылығы 30 пайыздан немесе 100 адамнан аспауы тиіс.

Аймақта бүгінге дейін коронавирус инфекциясының 3262 жағдайы тіркелді. Оның ішінде клиникалық белгісімен – 1801, клиникалық белгісінсіз – 1461 жағдай анықталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<