Сезімнің нәзік сырлары

835

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында қазақтың белгілі ақын қызы Қатира Жәленованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Сезімнің нәзік сырлары» атты шығармашылық кеш өтті. Кешке облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері, елімізге белгілі қаламгерлер қатысты.

Кешті Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақ радиосының үздігі, Шиелі ауданының құрметті азаматы, ақын Қатира Жәленова өзінің «Ақын деген халықпыз» атты өлеңімен ашты. Мұнан соң облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйлеп, Сыр елінің өнерсүйер жұртшылығы атынан мерейтой иесін құттықтады.

– Өңіріміздегі ақын қыздардың көшбасында тұрған Қатира Сыздыққызы – өзінің өміршең шығармаларымен Сыр елінің рухани-мәдени өміріне зор үлес қосып, туған жердің атын алысқа танытқан талант иесі. Ақынның «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» аталатын жыр жинақтары мен ән мәтіндері өлеңсүйер қауымның сүйікті шығармаларына айналды. Сондай-ақ, ақын өлеңдері орыс тіліндегі жинақтарда жарық көріп, өзінің де аударма ісімен айналысқаны баршаға мәлім. Қазақтың аяулы ақын қызын мерейлі мерекесімен құттықтап, осы тойға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулеттің өзі бастап, халқымызға танымал өнер өкілдерінің ат басын бұрып келуі де Қатира апайдың поэзиядағы өзіндік орнын танытса керек. Құрметті Қатира Сыздыққызы, өзімнің атымнан және Сыр елінің жырсүйер жұртшылығы атынан сізді бүгінгі мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Біз сізді, шығармашылығыңызды әрқашан биік бағалаймыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ақынға облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» тапсырып, дәстүрге сай сый-сияпат көрсетті. Мұнан соң кеш қонақтары «Жастар» театры артистері орындаған ақынның өлеңдеріне құрылған сахналандырылған қойылымды тамашалады.

Кеш барысында Алматыдан арнайы келген ақынның қаламдастары да лебізін білдірді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет одақтың атынан құттықтау тапсырып, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар, аймақ басшысына қаламгерлер қауымына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, Ұлықбек Есдәулет аймақ қаламгерлерін Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, куәліктерін салтанатты түрде табыстады.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшия Жұбатова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Байхонов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы төрағасы Қаршыға Есімсейітова, белгілі сатирик Көпен Әмірбек құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің шығармашылығына тоқталды. Сондай-ақ, қазақтың белгілі ақын қыздары Ақұштап Бақтыгереева мен Күләш Ахметованың арнайы жолдаған құттықтау өлеңдері оқылды.

Мұнан соң ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ғазиза Әбілда бастаған ақын сіңлілері мерейтой иесінің өлеңдерін оқыды. Кеш барысында Қатира Жәленованың сөзіне жазылған әндер орындалды.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<