Шиеліде 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

204

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Шиелі ауданы – әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды аймақтардың бірі. Мәселен, былтыр ауданның жалпы бюджет қазынасы 10 млрд теңгеден астам қаржы бекітілсе, оның ішінде өз кірісі 4 млрд 166 млн теңгені құрады. Биыл ауданның нақты бюджеті 14 млрд 977 млн теңге көлемінде бекітілді. Шиелі де кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Тиісінше, өткен жылы ауданда сауда-саттық, туризм және өнеркәсіп салаларына арналған мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 452 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 920 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 52 жобаның құрылысы аяқталып, 214 жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов хабарлады.

-Былтыр барлық кәсіпкерлік саласында 1 134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, биыл тағы 60-қа жуық нысан өз жұмысын бастайтын болады. Сондай-ақ, ауданымызда өткен жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіру 129,7 пайызға артса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 171,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 47 млрд 912 млн теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 127,5 пайызға ұлғайды. Жалпы, ұлттық жобалар аясында 2024-2028 жылдары ауданда 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталмыш жобалар толық іске қосылған жағдайда 920 адам жұмыспен қамтылады. Былтыр Шиелі ауданы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі 228,9 пайызға өсті. Жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 68 572 шаршы метрді құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 112,5 пайызға жетті, – деді Нұржан Ахатов.

Аудан әкімі брифинг барысында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы көрсеткіштерге де тоқталып өтті. Айтуынша, былтыр аталмыш салада 49 млрд 204 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 106,7 пайызды құрады.

-Былтыр барлығы 30 792 гектар жерге егін егілсе, негізгі дақыл күріштің көлемі 13 176 гектарды құрады. Тиісінше, шаруалар күріштің әр гектарынан 56 центнерден өнім алып, жалпы көлемі 73 786 тонна «Сыр маржанын» жинап алды. Әртараптандыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда, Мәселен, былтыр 5500 гектар жерге көкөніс, бақша, картоп өнімдері егіліп, одан 183 000 тонна өнім алынды. Бұдан бөлек, аграрлық саланы дамыту бағытындағы Ауыл аманаты жобасы аясында 75 жоба қолдау тауып, тиісті қаржысы қарастырылды. Осы жоба аясында Бәйтерек ауылдық округіндегі «Қызанақ пастасын өндіру цехы» ашылып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтылуда, – деді аудан басшысы.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<