«Шопандар математикасы»

1092

0

Ертедегі тоғызқұмалақ ойы­нын осылай атауға болады. Ата-бабаларымыз жерден арнайы отау қазып, ойын үшін мал құмалағы немесе қиыршық тас пайдаланған. Кейін заман ағымына сай арнайы тақта пайда болып, бұл тартыс­тың өзіндік ережелері беки түсті. Кезінде оны ұлы Абай да ойнаған деген дерек бар.

Алғырлар ойынына қазір де қызығушылық жоғары. Жақында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі «Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді.

Ұлттық спортты өзге ұлт өкілдерінің арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен шараға ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері, Еркетай Иманбаев, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 3 дүркін Әлем чемпионы Хакімжан Елеусінов пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері Бексұлтан Бостандықов қатысты. Шеберлік сағатында жас та, жасамыс та ойынның қыр-сырына қанығып, құнды мәліметтер алды. Тоғызқұмалақ тарландары ойынның алдын ала болжауға, төзімділікке, қайраттылыққа жетелейтінін, сергектікке баулитын нағыз ақыл-ой жаттығуы екенін айтты.

Шарада қатысушылар өзара бәсекеге түсіп, кәдесыйларға қол жеткізді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<