Сөйле жүрек, сөз сенде…

1002

0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Темірше Сарыбайұлының 80 жылдығына орай ақынның туған жері – Жалағаш ауданында «Сөйле жүрек, сөз сенде, толға бүгін» атты  республикалық жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбетов ашып, ақынның өмір жолына тоқталып, талант иесінің қазақ поэзиясында ерекше қолтаңбасы бар екенін айтты.

– Темірше ақынның өлеңін оқыған адам оның туған жерге туын тіккен азамат екенін шамалайды. Қамал бұзар қырық жасында өнер қуып, өлең қуып Алматыға аттанса, араға отыз жыл салып, елге оралды. Бұл ақынның елге деген риясыз сағынышы мен махаббаты болса керек. «Сырдың жиегінде тұрып сұлулығына көз салудан артық қандай бақыт бар!», деп тамсанған ақын жүрегі өмірінің соңғы сәтіне дейін туған жерін жырлаудан танбады, – деді ол.

Жыр мүшәйраға республикамыздың әр өңірінен 12 ақын қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезекте жас ақындар өздерінің Темірше Сарыбайұлына арнаған өлеңдерін, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өз  туындыларын оқыды.

Жас ақындардың шығармашылығына қазылар алқасы – филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағанбетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі , ақын Ғазиза Әбілда және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Назгүл Бердіқожа баға берді.

Жыр сайысының қорытындысында шымкенттік Арайлым Мұраталиева ІІІ орын, Нұр-Сұлтан қаласынан Мұхтар Күмісбек ІІ орын, қызылордалық Ақжол Түменбай І орынды иеленсе, Алматы қаласынан келген Нұртас Тұрғанбек бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, жергілікті ақын Жасұлан Серіктің атынан қостанайлық Дәулет Жадырасын және Темірше Сарыбайұлының отбасы атынан қызылордалық Биболат Сәтжан арнайы жүлдемен марапатталды.

Шараға қатысушылардың барлығына дипломдар мен қаржылай сыйлық берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<