Сыр мәдениетінде сара жолы бар

205

0

КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық “Сыр бойы” газетінің ардагері, ақын Рысты Бекбергенова биыл 90 жасқа толып отыр. Осы орайда “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Сыр елінің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан қадірлі қаламгермен облыстық мемлекеттік архивінде кездесу кеші болды.

Кездесуде облыстық мә­дениет, архивтер және құ­жаттама басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Н.Әбіл­­даев қарт қаламгер­дің өнегелі өмір жолына тоқ­та­лып, Рысты Бекбергено­ва­ның осынау ғасырға таяу ғұ­мыр белесінде қоғамға, ел­ге еткен еңбегі арқылы  Сыр жұртшылығына кеңі­нен та­нымал екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ журна­лис­тикасында өзіндік қолтаң­басын қалдырғанын ардагерге амандық-саулық тілеп, абы­ройлы жолы ұрпаққа үлгі бо­латынын айтты.

Кеш қонағы Рысты Бекбер­генова өмір жолының ащы да тұщы естеліктерін ойға алды. Балалық шағынан соғыстың зардабын тартып, ауыр ең­бекке араласқан, онан соң әкесі “халық жауы” атанып, кейіннен ақталып, соғысқа аттанғаны жайлы сөз қозғап, көңілі толқыған қаламгер, бүгінде тіршіліктің қандай бір кедергілеріне мойымайтынын айтты. Еңбекпен есейіп, қа­жырлы мінезінің арқасында көздеген мақсатына қол жет­кізгенін қызықты әңгімелеп берді. Сонымен бірге, ақын бірнеше кітаптары мен құнды марапаттарын архив қорына тапсырды.

Кездесуде Қазақстан Жа­зу­шылар және Журналистер ода­ғының мүшесі Ғазиза Әбілда сөз алып, көрнекті қалам иесі, аймақтың ата ба­сылымы – “Сыр бойы” (бұ­рынғы “Ленин жолы”) газеті ардагерінің көр­кем болмысымен көпке сый­лы, кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

– Кешегі соғыс уақытында балалық шағын бейнетпен өткеріп, отбасында қанша қи­ындықтарды бастан кешсе де, оқуға, білімге деген ерекше құштарлығының ар­қасында қасиетті қаламды қо­лына алды. Қазақтың заң­ғар жазушысы, көптеген қалам­герлердің ұс­тазы Зейнолла Қабдоловт­ың батасын алды. Шығарма­шы­лық өлкесінде кең танылып, қоғамда өзіндік бол­мысын қалыптастырды. Ақындық жо­­лында адами құндылықты жырлап, жаратылыс заңды­лығын, табиғи танымды, жан дүниенің сұлу­лық сипатын жырларына ар­қау етті, – деді.

Бұдан кейін архив қыз­мет­керлері ақын өлеңдерін оқып, кештің ажарын аша түсті. Осы сәтте Рысты апамыз да шабыттанып, “Адам, адам…” дейтін жыр толғауын тебірене оқыды. Жастар тарапынан қо­йыл­ған сауалдарға жауап берді.

Қаламгердің өмір дерегіне қысқаша тоқталып өтсек, ол 1930 жылы 30 тамызда Ре­сей мемлекетінің Астрахань об­лысы Володор ауданы “Қы­­зылтаң” колхозында дү­ниеге келген. 1951 жылы Аты­рау облысы “Мұнайлы” бе­кетіндегі жастар мектебін бітіреді. 1952-1956 жылдары Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы пед­учи­лищені үздік тәмамдап, осы жылы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетіне оқуға түседі. Уни­верситет қабырғасында “Қасым Аманжоловтың ли­ри­касы мен қызметі” та­қы­­­рыбында дипломдық жұ­­­мы­сын қорғап, кәсіби жур­на­лист атанды. 1961 жылдан бастап отыз жылға таяу об­лыстық басылымда қызмет атқарды.

Ақынның “Тұңғыш кітап”, “Ана жүрегі”, “Жырға сапар”, “Өмірім өлеңмен өр­нек­тел­ген”, “Өмірдің ақ-қарасы”, т.б шығармалар жинағы жарық көрді. Бүгінде ұрпа­ғы­ның ба­қытына кенеліп отырған қа­зыналы қария.

Кездесуді қорытындылай келе облыстық мемлекеттік архив басшысы Жанат Аб­залиева қарт қаламгерге құр­метін білдіріп, ұжымның “Құт­тықтау хатын” және ұлт­тық дәстүрімізге сай сый-сия­пат табыс етті. Ал ақын апамыз ағынан жарылып, ба­тасын берді.