Т Е Р Г Е У (қысқа әңгіме)

1168

0

Фото: ашық дереккөз

Құлқынсәрі. Әуежай. Ұшаққа отырғызу басталып кеткен. Құндыз жағалы, кебеже қарын, егделеу біреуді жанай өте бергенім сол еді, шалғайыма жармаса кетті.

Танымадым. Бірақ ол мені танитынын айтып, әлгі бір сүйкімсіздің есім-сойын куәге тартып, балпылдады. Онысы оң құлағымнан кіріп, сол құлақтан аға бастады. Сөзге тартылмасам да езеуреп, кеудеге салып барады. Құдды бір мені тап осы жерде, таңсәріде кезіктіретінін біліп, буат-буат сұрақ даярлап алып шыққан ба дерсің. Жалғыз бұл емес-ау, қазір көп адам осылай, қызық қуалайды. Мынау да сол ауылдан ба деп қалдым.

– Сен әлгі Берік Жүсіпов емессің бе?

– Иә, ағасы, соның дәл өзімін!

– Жыраусың ғой (Мына сөз бірден қитығыма тие кетті де, қиқаң еткізіп иығымды көтердім. Ол болса, өз ойын тықпыштап, бір кезде ректор болғанын айтып, өмірбаянын тізбектеп кетті. Мен құтылудың айласын таба алмай тұрмын. Әттең, жасы үлкен)

– Жыраусың… жыраусың, білемін…

– Оны қайдан білесіз?

– Оу, кезінде түгеншекеңнің үйінде тыңдағанбыз (әлгі, өзіне сүйкімді, бізге сүйкімсіздің үйін айтып отыр).

– Есімде жоқ (есімде болғанда да, онымен сөз жалғастыруға ниетім жоқ еді).

– Әлі жыр айтасың ба?

– Ол жағын сәл сиретіңкірегенбіз…

– Неге, неге сиреттің, бірдеңе болды ма не?

– Жоқ, міндетті түрде бірдеңе болу керек пе? Анау айтқандай ештеңе бола қойған жоқ. Жас келді, заман өзгерді дегендей…

– Осы сендер жырды тілдің астымен айтасыңдар ма, әлде үстімен айтасыңдар ма? (Мына сұрағы боқты боққа ұрсаң былш ете қалады дегеннің керін келтірді)

– Жоқ, ағасы, астымен де, үстімен де айтпаймыз (Бірдеңе деп қырта түскім келіп еді, оған уақыт тар. Оның үстіне, ұшаққа отырғызу аяқталуға жақын).

– Сонда қай жермен айтасыңдар? (Енді сұрақ қоймайтындай етіп, кісі ұялатын жердің атын айтып, былш еткізсем бе екен дегенге ой қашты. Бірақ, тағы да сол, үлкен сыйлап қалған ғазиз бас, ондай ерсілікке жібермеді)

– Көмеймен айтамыз. Жалпы, әнді де, жырды да көмеймен айтады. Көмей тіл де, қызыл тіл де сол, бүлкілдеген көмекейдің көмекшісі.

– А, сендер көмеймен айтасыңдар ма? Не ғой, інім, сен сияқты балдарыңның бәрі жыр айта ма?

– Оны не үшін сұрадыңыз?

– Оу енді, сен жыр айтқан соң, олар да айту керек қой…

– Аға, әкесі жыршы болғанның баласы жыршы болуы екіталай. Біз әкім емеспіз ғой, баласын шешесінің шорбайында әкімдікке бейімдейтін. Бұл – Құдай беретін қасиет. Ұрпағыңа кейде жұғады, жұқпай да кетеді. Бірақ беліңнен өргендерің ешкімге есесін жібермейді, қай жағынан да. Өзіңіздің мамандығыңыз не? (Амал жоқ, осылай деп кері сауал тастауға тура келді)

– Менің бе?

– Иә, иә, сіздің!

– А, мен дәрігермін ғой, хирургпін.

– Бауырыңыздан өрген балалардың бәрі ізің мен ісіңді жалғастырды ма, адам соятын шығар? (Шошып кетті білем, бетіме бажырая бір қарады)

– Жоға, Құдай сақтасын! (Деуін дегенмен, сұрағы таусылар емес) – Салмағың қанша, ал бойың ше?

– Оны не кәдеге жаратпақшысыз, мені базарға шығарып сатайын деп пе едіңіз?

– Сонда не, сұрауға да болмай ма?

– Сұрауға болады, әрине. Бірақ мен сіздің үрен-сүреніңізді де білмеймін. Қойын-қонышты тінтіп, тексерудің астына алып жатырсыз.

– Балалардың бәрі өзің сияқты здоровый шығар?

– Шүкір, дендері сау, жыр айтпаса да, ақылға кемел.

– Сен сияқты бой-сойы келіскендерден тұқым алу керек қой (Бұл мадағы енді сау адамның сөзінен сырттау шықты).

– Мені бір таңмен таласып тұқым шашуға шыққан калмагор бұқа, мұғалжар айғыр деп есітіп пе едіңіз?

– Сұрауға болмай ма не?

– Сыпайының салтымен қазақша жөн сұрасуға болады, бірақ мынауыңыз тергеу ғой…

Енді бірдеңе десе, тілімнің қотыры іске қосылатынын сездім. Құдайдан «Мына жабысқақтан құтқара гөр!» деп тілеп тұрғанда, «Вылетающие в Тазаз…» деп, дыбыс ұлғайтқыштың зар қағып қоя бермесі бар ма? Әй, айналайын, өмірімде алғаш рет мына орыс қатынның даусына риза болдым. Сонда да жібергісі жоқ, ұсынған қолымды қысып тұрып:

– Мынау не деген алақан, спортпен айналыстың ба? – деп қояды ғой. Қалай қылайын, әуелде мамандық таңдаудан жаңылған қара қасқа екен дедім, ішімнен.

Ұшаққа отырғаннан кейін, әлгі неме ота жасаған науқастардың жайы ойыма орала берді? Қолына түскеннің бәрін мынадай сұрақтың астына алған болса, тіл тартпай кетті ғой талайы. Дені сау біздің өзіміз мынау, тоқпен ұрғандай, шарбы бұлттардың арасында қалима болып қалықтап келе жатқанымыз.

Берік ЖҮСІПОВ,

facebok парақшасынан алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<