Тарихи-танымдық шара

945

0

Қызылорда қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты №16 кітапхананың ұйымдастыруымен әлеуметтік желілерде онлайн форматта әртүрлі тақырыпта танымдық, ақпараттық сағаттар ұсынылуда. Соның бірі – Алтын Орданың 750 жылдығына орай дайындалған тарихи-танымдық сағат.

Биыл айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысының Алтын Орданың 750 жылдығын лайықты атап өту және ұлыстың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау туралы сөздерін зор ықыласпен қабылдадық.

Алтын Орда – Дешті Қыпшақ жерінде пайда бол­ған, адамзат тарихында өзін­дік орны бар түркі мемлекеті. Өз заманында даму сатысы жоғары болған, экономикасы кең қанат жайған, өркениеті ұзақ (1243-1503) ғұмыр кешкен мемлекет. Алтын Орда әмірін әлемге орнатпақ болған Шыңғыс хан импе­риясының құрамында пайда болды. Мемле­кет тарихының бастауы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының тағдырымен ты­ғыз байланысты.

Моңғолия жерінде дү­ниеге келген Жошы ханның нағыз Отаны – қазақ жері. Оның мазары Қазақстанда, яғни, Жезқазған қаласынан 50 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің сол жағалауында. Күмбезді тұрғызуға Жошы ұлысының оғыз, қыпшақ, арғын, керей, найман, қаңлы, қоңырат тайпалары қатысқан. Аты аңызға айналған Жошы ханның тұлғасы қазақ жерінде бүгінге дейін құрметтеледі.

Шара барысында Ұлы Далада екі жарым ғасырдан астам уақыт билігін жүргізген айбынды Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, даму сатысы, күшеюі, онда билік жүргізген хандар жайлы мәліметтер бейнеролик арқылы берілді.

Шынаркүл КҮЛМАҒАНБЕТОВА,

№16 кітапхана кітапханашысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<