Тарихи жәдігерді музей қорына табыстады

4675

0

Тереңөзек кенті, Шаған ауылының тұрғыны Бақытгүл Бисембаева ғасырға жуық тарихы бар ұлттық жәдігерді Қызылорда қаласының тарихы музейіне әкеліп, табыстады. Сыр еліне аты мәшһүр, сырлы да сұлу мақамның сұңғыласы атанған Сәрсенбай жыраудың домбырасын бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттауды көздеген апамыз дүниеден озған жарының арманын жүзеге асырғанын айтты.

– Қазақ қоғамында сал-серілер дәуірі дүркіреп тұрған кезде елді аузына қаратқан жыршылар мен жыраулар ауыл-елді аралап думандататын. Апталап, айлап жыр төгіп, айтыстан аламан құратын. Сыр сүлейлерінің көшін бастап, жыраулық дәстүрді жалғастырып жүрген шағында Сәрсенбай жырау өз домбырасын көзінен оты жанып, қатарластарынан оқ бойы озық тұрған Жетпісбай Әсімовтың қолына ұстатады. Жетпісбайдың әкесі Қардаш Әсімов сол сал-серілер ауылына ат басын бұрғанда қараша үй тігіп, мал сойып, қонақ еткен екен. Үй иесінің қонақжайлылығына риза болған жырау баласына сый ретінде өз домбырасын ұсынған. Сәрсенбай жырау Арқаның Біржан салы сияқты сері болған. Бір жағынан құралайды көзге атқан мерген. Қолдан домбыра да жасаған ұста да болған, – деді Б.Бисембаева.

Осындай тұлғаның қолынан сый алған Жетпісбай Асымовтың әкесі Қардаш Әсімов Шаған ауылында туып-өскен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бригадир болып қызмет атқарған шаруа адамы. Елге сыйлы, қолы ашық өте жомарт жан болған деседі.  Жарасымды қалжыңы бар қарапайым болған. Бала кезінде жыраудың қолынан алған домбырасын ардақтап, төрінен түсірмеген ол өз ұрпақтарына жәдігерді аманаттап кеткен. Міне, Қардаш Әсімовтың келіні Бақытгүл апа 66 жылдан кейін сол домбыраны музейдің алтын қорына табыстап отыр. Аманатқа қиянат жасамай, бүгінге дейін сақтаған Бақытгүл апа домбыраның дәл қазіргі сәтте өз орнын тапқанына ерекше қуанышты. Мұнан бөлек әжесінің күмістен жасалған бұйымдарын бүгінге дейін сақтап, музейдің алтын қорына табыстаған, саф өнер мен ұлттық құндылықтардың қадірлей білетін Бақытгүл Бисембаеваға ризашылығымызды білдіреміз.

Алтын КӘРБОЗОВА,

Қызылорда қаласының тарихы

музейінің қызметкері, экскурсовод 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<