«Ұстаз мәртебесі» газетінің жарыққа шыға бастағанына – 10 жыл

1809

0

Республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газетінің жарыққа шыға бастағанына биыл – 10 жыл. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нұрлан Нұрмаханов жетекшілік ететін басылымның аудиториясы қалыптасып үлгерді.

«Қай қоғамда да ұрпақ санасына білім нәрін құйып, халыққа бағыт көрсетуші бағдаршам саналатын – ұстаздар қауымы. Әйткенмен қоғамда сілкініс болып, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста қоғамдағы қордаланған мәселелердің ықпалынан мұғалім мәртебесі аяғын сылтып басатын халге душар болды. Міне, осы қысылтаяң кезеңде Қызылорда облысында ұстаздардың беделін биіктетіп, абыройын асқақтату үшін жаңа бағытта республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газеті жарық көріп, барлық педагогтардың жанынан табылып, жөн сілтеушісіне айналды. Осылайша газет солғын тартқан саланың тамырына қан жүгірте бастады. Барлық мамандық атаулының өз ұстазы бар. «Ұстаз мәртебесі» газетінің ауқымы мен ұстанымы осынысымен кең. Тіпті педагогикалық, ағартушылық бағытымен бірге қоғамдық-әлеуметтік, құқық, кәсіпкерлік, денсаулық, спорт, медицина мәселелеріне де үн қатып, басылым нық қадам басып келеді», – дейді Н.Нұрмаханов.

Он жыл көлемінде шағын редакциядан тәрбиеленіп шығып, биікке самғаған жалынды журналистер жетерлік. «Qazaqstan» ұлттық арнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Әділбек Жақанов, «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі Асқар Тәжиев, «Халық» газетінің тілшісі Әйгерім Нажмадин, Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің маманы әрі облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Абай Тағыберген, «Mangystaumedia.kz» сайтының тілшісі Жұлдызай Қалиева, «Қазалы» газетінің тілшісі Абзал Жолтерек, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының БАҚ-пен жұмыс бөлімінің маманы Айдос Мырзалылар аталған басылымда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады.

Бүгінде басылымның жауапты хатшысы болып Айдар Сайлауов қызмет атқарса, тілшілер Елдос Асан, Шернияз Жалғасбекұлы газет жұмысының алға басуына аянбай еңбек етіп жүр.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<