Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Айбек Тәңірбергеновты «Ерен еңбегі үшін» медалімен құттықтады.
Қадірлі өнерсүйер қауым!
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында елімізге танымал жыршы, республикалық, халықаралық жыршылар байқауының жүлдегері, жерлесіміз, Арал аудандық мәдениет орталығының үйірме жетекшісі Тәңірбергенов Айбек Жақсанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Айбек Жақсанұлының жыр қоры өте бай, атадан балаға мирас болған өнердің туын жықпай, Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Алдыңғы буыннан үйренгенінің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде.
Репертуарында Сыр сүлейлері мен шайырларының терме-толғаулары, жыр-дастан, қиссалар, өзінің төл шығармалары, «Қират ат», «Көк арғымақтың баласы», «Көлімбет ата» дастандары да бар. Ол – жыршылықты, ақындықты, сазгерлікті қатар алып жүрген талант иесі. Даусы «Алтын қорға» және «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антологиясына жазылған.
«Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті туған жеріміздің мәртебесін биіктетіп, зор жетістікке жеткен Айбек Тәңірбергеновке алғыс білдіремін.
Бұл біздің аймақтың мәдениет саласына, рухани қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра етуге талпынған өнер адамдарының еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін.
Марапат құтты болсын!