Ғасыр жүзіндегі әке бейнесі

330

0

Фото : автордан

Биыл менің әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері, елге еңбек сіңірген абзал жан Айниет Әсербаевтің дүниеге келгеніне 100 жыл, Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы үлкен белесте жеңісті жақындатқан майдангер әкені сағынышпен еске алып, ғұмыр жолына тағзым етуді парыз санадым.

Әкемнің жастық шағы соғыстың қара бұлтымен тұмшаланды. Бір әулеттен үш бірдей ұл Ақниет, Байниет, Айниет майданға аттанып, елін, жерін қорғауға бел буды. Әкемнің ағасы Байниет Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тауып, Ақниет майдан даласындағы шайқастардың бірінде ауыр жарақат алып, елге оралды.

Айниет Әсербаев Қиыр Шығыста Жапон императорының Квантун армиясына қарсы шайқастарға қатысты. Германия тізе бүккенімен, соғыс аяқталмады. Ялта конференциясының шешімімен Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғыс ашуға міндеттеліп, Забайкалье майданына жауынгерлер аттанды. Осы қан майданда 648 мың сарбаздың арасында Сыр елінің ержүрек жігіттері де болды. Олардың қатарында 39-армия құрамындағы 8-гвардиялық дивизияда менің әкем де ерлікпен шайқасты.

Отпор, Хайлар, Харбин, Жалайнор бағыттарындағы ауыр ұрыстарда көрсеткен ерлігімен көзге түскен әкем елге 1948 жылдың көктемінде аман-есен оралды.

Соғыстан соң бейбіт өмірге араласып, ел іргесін нығайтуға аянбай еңбек етті. Партия, кеңес қызметінде жүрген жылдары халық игілігі үшін талмай тер төкті. Сауда саласында еңбек етіп, ауданның экономикалық әлеуетінің артуына зор үлес қосты.
Алпыстан астам колхозы бар Бірлік, Ақөзек сияқты ірі сельпо жүйесін басқарды. Кейін Жаңақазалы поселкелік сауда мекемесінің тіз­гінін ұстады. Білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, қарапайым халықтың тұрмысын жақ­сартуға тырысты.

Ерен еңбегі елеусіз қалмай, көптеген орден-медальмен марапатталды. 2000 жылы 75 жасында өмірден озды. Бірақ артында өшпестей із, мәңгілік өнеге қалды. Бүгінде әкемнің бейнесін еске алғанда, жүрегімнің бір түкпірінде сағыныштың мұңы бұрқ етеді. Қырықтан асып кеткен шағымда, оның қасында өзімді баладай сезінетінмін. Ол бар кезде дүние уайымсыз көрінетін. Жасым ұлғайған сайын, қадірін тереңірек ұғына бастадым.

Көңілімде бір көрініс жаңғырып тұрады: әкем жетпістің жүгін арқалап жүрген шағында шай үстінде анасын еске түсіріп, көзіне жас алған еді. Сол сәтте мен оның жүрегіндегі сағынышты түсінбей, «Неге жылайсыз?» деп аңғалдық танытқан екенмін. Енді, міне, дәл сол сезімді өзім бастан өткеріп отырмын.

Әкемнің мінезі қаталдау болғанымен, жүрегі жұмсақ еді. Үнемі балаларының амандығын ойлап, қамқорлық танытатын. Ана болсам да, «Қалың киін, суық тиіп қалмасын» деп екі қолымды жылытып, алақанына салып отыратын. Енді ол алақанның жылуын тек естеліктен ғана сезіне аламын.

Әкем ерекше бауырмал жан еді. Адалдығы мен әділдігі, елге жасаған қамқорлығын көзі көргендер әлі күнге дейін сағынышпен еске алып отырады.

Жоғарыда айтып өткендей, биыл әкем Айниет Әсербаевтың туғанына 100 жыл толды. Уақыт алға жылжығанымен, жүректегі әке бейнесі ешқашан өшпейді. Осы бір тарихи сәтте әкемнің рухына тағзым етіп, оның өмір жолына қайта бір үңіліп, жарқын бейнесін қалың оқырманға қаламмен жеткізуге тырыстым. Ол мен үшін мәңгі тірі және есімі мен ерлігі жүрегімде мәңгі сақталады.

Мира ӘСЕРБАЕВА,
майдангердің қызы