Майдангерге құрмет көрсетті

243

0

Фото: Аманат партиясы

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жоба аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровқа құрмет көрсетті.

Игі іс-шараға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Болатбек Ұлтанбекұлы, «Жастар рухы» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймұрза арнайы қатысты.

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов майдангерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.

«Сізді «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының атынан Ұлы Жеңістің 80 жылдық айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жеңіс туын желбіретіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен өзіңізге деген құрметіміз ерекше. Сіз сұрапыл соғыстың өрті мен отын көзбен көрген, қиын күндерді артқа тастап, елге жеңіспен оралған даңқты майденгерсіз. Бейбіт күнде еліміздің дамуына қосқан үлесіңіз, ерлік пен еңбекке толы өмір жолыңыз жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сізді Ұлы Отан соғысының ардагері, ғибратты ғұмыр иесі ретінде құрмет тұтамыз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!», – деген Алмасбек Әбілқасымұлы 103 жастағы қарияға қазақы үрдіспен шапан жауып, құрмет көрсетті.

Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, бейбіт заманда еткен еңбек жолы туралы сыр шертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<