Сұранысқа сай мамандық

241

0

Фото: жеке мұрағатынан

Аймақ тұрғындарының, әсіресе аудан, ауыл халқының «көгілдір отынның» рақатын сезініп, кеңінен тұтына бастағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Мәселен, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінен бөлек, ауылдарына да газ құбырлары жылдам тартылып, дендей еніп бара жатыр.

Оған бір ғана мысал, облыс әкімінің жуырда ауданға сапары барысында, Жанқожа батыр және Ақтан батыр ауылдарына газ құбырларының жеткізіліп, «көгілдір отын» желісіне қосылу салтанатына қатысуы дәлел. Елге игілік жай ғана келген жоқ, ол өзімен бірге ризық-несібесін ала келуімен қатар облыста жұмыс орындарының ашылуына, жаңа жұмысшы мамандықтарының қалыптасуына септігін тигізгені жасырын емес.

Оңғар Ешмұратов – «ҚазТрансГаз» ЖШС Қызылорда-РЦКУ-дың (Ком­му­налдық қызметтің есептеу орталығы) Қазалыдағы ВДГО (Үйішілік газ жабдықтарының) слесары. Ал бұған дейін Оңғар жас та болса, өзіне жеткілікті өмір тәжірибесін меңгеріп, қызмет сатысының баспалдақтарынан өтті.

2012 жылы Жамбыл политехникалық колледжінде мұнай-газ мамандығына сырттай оқи жүріп, Қытайға жүргізіліп жатқан мұнай-газ трубаларын оқшаулау қызметімен айналысып, шеберлігін шың­дады. Ал бұл жоба аяқталған соң, екі жылға жуық «Golden Compass Capital» алтын өндіру АҚ-да аппаратшы-гидрометаллург мамандығы бойынша жұмыс істеді.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін «Стандарттау, метрология, сертификаттау» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін де «Казстройсервисте» вахталық әдіспен жұмыс жасады.

2022 жылы ҚазГазАймақтың Қаза­лыдағы жерасты газ құбырын жөндеу және пайдалану қызметіне ауысты.

– Қазіргі жұмысымыз – кент ішіндегі, жалпы ауданның газ желісі жүргізілген барлық бағыттағы газ реттегіш құрыл­ғысына техникалық қызмет көрсету. Жерасты және жерүсті газ құбырларының үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жеке тұрғындардың газ жабдықтарынан газ иісі сезілсе, ақауды анықтау, пештеріне жылына бір рет техникалық қызмет көрсету. Осы жұмыстарды орындауға күш салып келеміз, – дейді Оңғар Кішкенеұлы.

Көмір мен тамызықтың тауқыметінен құтылып, «көгілдір отын» игілігін көріп отырған тұрғындардың алғысын алып келе жатқан жас маманның алар асуы алда екені анық.

 Әлімжан ҚИЯС