Көрнекті ғалым, белгілі басшы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Сарсенұлы Досманбетов есiмi өзі туып өскен өлкеден асып Алты алашқа белгілі болған жан.
Ел бiлетiн есiм.
Танымал тұлға.
Ардақты азамат.
Сарабдал қайраткер.
Төбесі көмбеге толы Сыр жерi ұлттың бағына туған талай тұлғаларды дүниеге әкелді. Бiз өткенiн бағалай бiлетiн, қазiргiсiн саралай бiлетiн халықтың ұрпағымыз. Бақберген Сарсенұлы – Сыр сүлейлерiн түлеткен, жырға тұнған өлке Қармақшының Диiрментөбесiнен шыққан арманшыл ауыл баласынан бүкіл саналы ғұмырын туған елінің игілігiне арнаған ұстаз, ректор, Әкiм, Қазақстан Парламентінің Сенат депутаты ретінде Отанымыздың өсiп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан жан.
Сыр бойынан шыққан азамат, тұлға ретінде бәрiмiз де Бақберген Сарсенұлының еңбекқорлығына, талантты ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болып жүрушi ек.
Тағы бір ерекшелігі әрiптестерi айтып отыратын қасиеті «Ұлық болсаң, кiшiк бол» деген халқымыздың даналық сөзiне берiктiгi. Қай кезде де аға-iнi, ұстаз-шәкірт, әрiптес-қызметтес, ағайын-туыс, дос-жаран арасындағы жарасымды сыйластықтың алтын көпірiн сақтай бiлуi. Осындай жаста сонау балалық, жастық шақты бiрге өткізген достарымен жұп жазбауы да көп жайды аңғартқандай.
Сыр бойынан Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына екі кезеңге сайлана отырып халықтың мүддесін көздейтін депутаттық сауалдар жолдап, оның нәтижесіне қол жеткізудi көздеп отырды.
Бақберген Сарсенұлының есiмi Сыр өңiрiндегi алғашқы жеке жоғары білім ордасы «Болашақ» университетінің ашылуымен, оның 30 жылдық тарихымен де тарих беттерінде мәңгілікке сақталады. «Болашақ» университеті мен жоғары колледж түлектері елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде әр түрлі салада абыроймен еңбек етiп жүр.
Қызылорда қаласындағы Сол жағалаудың iске қосылуына байланысты салынған «Болашақ» университетінің жаңа ғимараты қазiргi таңда қаламыздың сәулетті ғимараттарының көш басында тұр. Университет жанындағы асхана, жатақхана, Спорт кешені, кiтап қоры мол кiтапхана, студенттер үшін тәжірибе алаңы, қызметкерлердi жыл бойы көкөніспен қамтамасыз ететін жылыжай – осының бәрі үздіксіз еңбек пен iзденiстiң нәтижесі.
Облыстық бiлiм басқармасын Ақзира Бақтыбайқызы Қасымова басқарып тұрған тұста білім мен прогресті ұштастырған «Серіктес директорлар» лигасы аясында өткізілген «Білім берудегі импульс, менеджмент, прогресс» атты тағылымды кездесуде Сыр өңірінің білім саласындағы мықтылары бас қосқан еді. Сол жиында сөз алған Бақберген Сарсенұлы: «Ауыл баласының арманы – Мәскеуге оқу. Бұл сөзімді айтқанда, кезінде кластастарым күлген. Бірақ сол күлкі менің намысымды қайрап, алға жетеледі.
Ұлы Абайдың «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген сөзін жадымда ұстап, талап пен еңбек, терең ой мен ақыл-білім арқасында діттеген мақсатыма жеттім» – деп тебірене сөйледі. Осылайша ол өзінің өмір жолымен, сөзімен емес, нақты ісімен кейінгі ұрпаққа өнеге бола білді.
Ғибратты ғұмыры мен жарқын жолы бар тұлғалы азаматтар барша жұртқа жақсылық пен қуаныш сыйлай береді. Өзіңізді қадір тұтатын халқыңызбен бірге амандықта болыңыз, қадірлі Сыр перзенті, Бақберген Сәрсенұлы!
Қадыргүл Шаймағанбетова,
Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы,
Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері,
Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң құрметті қызметкері