Ынтымақ – елдің ырысы

206

0

Фото: облыс әкімдігі

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде «Сыр елі – татулық пен келісімнің мекені» атты мерекелік шара өтті. «Достық үйі» алаңында қолөнер бұйымдарының, жас суретшілер туындыларының көрмесі ашылды. «Құстар фестивалі» де мерекенің сәнін келтіріп, жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтады.

– Бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, ынтымағы жарасқан елдің бірлігін сақтау – баршамыздың азаматтық парызымыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлы «Егемендігіміздің мәңгі­лік үштағаны – байтақ жерімізді, қастер­лі тілімізді және береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек»  деген болатын.

Еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан, жалпыұлттық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар бұлағы болған Қазақстан халқы Ассамблея­сының 30 жылдық мерейлі мере­кесімен баршаңызды құттықтаймын! – деді облыс басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы жақында ғана Мемлекет басшысының төр­ағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында тал­қыланған мәселелерге, болашаққа бағыт­­талған тың бастамаларға тоқталды.

Прези­дент пен Үкі­меттің ерекше қол­дауымен, жер­лес­те­ріміздің бере­келі бір­лі­гінің ар­қа­сында Сыр өңірінде жү­зеге ас­қан жаңа­шыл­­­дық­тар­ды атап өтті.

Өңі­рі­міз­де­гі 30-дан астам этнос өкілдерінің экономика, мәдениет, спорт, білім, ғылым сала­ларының да­муына, еліміздің өркендеуіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар, құны 11 млрд 500 млн теңге болатын «Руханият орталықтары» салынып, елдің ынтымағын нығайтуға бағыт­талған маңызды жобалар қолға алынды. Орталықтардағы «Қоғамдық келісім» кабинеттері этнос өкіл­дерінің мәдени-рухани бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді.

Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында баршамыз үшін қуанышты жаңалық – Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлт­тық ком­пания­сының де­меу­ші­лігімен, құны 3 млрд 800 млн теңгені құрай­тын жаңа «Достық үйі» салынады.

Осы шарадан кейін өздеріңізбен бірге барып, жаңа ғимараттың ірге­тасын қалаймыз, – деді аймақ басшысы.

Мерекеде этномәдени бірлестік­ мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған медальмен марапатталды.

Концертте Сыр еліндегі барлық этнос өкілдері өнер көрсетті, көпшілікке ән-жырдан шашу шашты. Әсіресе, патриоттық әндер бірлік пен татулық ұғымын ұлықтап, мән-мағынасын айшықтай түсті.