Дән тұқымы өзімізден шыққанға жетпейді

514

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің даму стратегиясын жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтып келеді. Сол себепті Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа ұлттық жобасын әзірлеуді жүктегені бәрімізге мәлім.

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның 6500 ауылында 7 миллионға жуық, ал Қызылорда облысында 264 елді мекенде 400 мыңға тарта халық тұрады екен. Адамзат тамақ табу үшін негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. «Біздің кім болуымыз не жегенімізге байланысты» деген екен Гиппократ. Сондықтан өзіміздің туған топырақта өндірілген  тамақ өнімі нәрлі, құнарлы, сіңімді, дәруменге бай әрі арзан болады. Осы тамақ өнімін тұтынған адамның ағзасы ауруға төзімді болып, ұзақ өмір сүреді дейді геронтолог ғалымдар. Сырт елден импорт арқылы әкелінетін тамақ өнімдері гендік модификацияланып, мутациялық ауытқу туғызатын технологиялар қолданып жасалынған болуы мүмкін. Сондықтан шетелдерден азық-түлік импортын азайтып, өзімізде егін егіп, мал өсіру қажеттігі туындайды.

Біздің «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС күріштің және күріш ауыспалы егістігіндегі дақылдардың жаңа сорттарын шығару, олардың өсіру технологиясын әзірлеп, аймақта егін шаруашылығын дамытудың ғылыми тұжырымдамасын дайындаумен айналысады.

Институт кейінгі жылдардағы қаржы тапшылығына қарамай, қол қусырып отырған жоқ. Селекциялық процестің ерекше сызбасын әзірлеу арқылы күріштің аталық цитоплазмалық ұрпақсыздық, мутагенез және айқас тозаңдану әдістерін қолданып, күріш сорттарының жаңа прототиптері шығарылуда. Соның бірі – «Сыр сұлуы» сорты қазір облысымыздың Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында егілуде.

Биыл мемлекеттік сорт сынаққа күріштің «Айсара» сортын ұсынып отырмыз. Бұл сорттар өңіріміздің табиғатының қолайсыз жағдайларына жақсы бейімделген.

«Сыр Сұлуы» сортының шыны түстілігі, жарма шығымдылығы жоғары және мың дәнінің салмағы да басқа егіліп жүрген сорттардан әлдеқайда жоғары. Ал «Айсара» сорты өте ерте тез пісетін және ұзын дәнді «индика» түріне жататын, жармасының нарықтағы бағасы басқа сорттардан 1,5-2 есеге дейін жоғары болатын сорттарға жатады. Сол секілді жаңа сорттар тұқымын жедел көбейту мақсатында тұқымды өндіріп себу, көшеттеп егу, жалға егу әдістері әзірленіп, бастапқы тұқым шаруашылығында қолданылуда. Бұл әдістерді қолданғанда тұқымдық материал 4-5 есе үнемделіп, тұқымның көбею коэффициенті 20-дан 50-ге дейін көтеріледі.

Дегенмен күріш шаруашылығын дамытуда шешімін таппай отырған мәселелер әлі де баршылық.

Мәселен, еліміз бойынша күріштің орташа түсімі шамамен 1 гектардан 45-50 центнер болса, Ресейде 65-70 центнер өнім алуда. Мұның себебі неде? Біріншіден, өнімділіктің негізгі факторлары сорт және тұқымдық материалдың сапасы болып табылады, оған өнімнің 35-40%  байланысты. Бірақ, қазіргі таңда осы негізгі сала – селекция мен тұқым шаруашылығын қаржыландыру мәселесі көңіл көншітпей отыр.

Бүгінде облысымызда егілген күріш көлемінің 80-85%-ы – Ресей және басқа елдердің сорттары. Олардың басым бөлігі біздің топырақ-климаттық жағдайымызға бейімделмеген. Дамыған елдерде мұндай жүйелік қателік жіберілмейді. Әрине, бұл өнімнің өзіндік құнына қатты әсер етеді. Бұлай кете беретін болсақ, біз азық-түлік қауіпсіздігіміздің базалық көрсеткіші болып табылатын отандық селекцияның өнімімен қамтамасыз ету бойынша тәуелсіздігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл дегеніміз, кез келген санкция, табиғи апат немесе қандай да бір төтенше жағдайлар болса, біздің ауыл шаруашылығы жоғары сапалы тұқымсыз қалады деген сөз. Бірақ бұған қарамастан, мемлекеттік субсидиялардың едәуір бөлігі импортталған тұқымдардың құнын арзандатуға жұмсалуда. Басқаша айтқанда, отандық ғалымдарды қолдауды күшейтудің орнына, біздің бюджет қаражатымыз шетелдік селекциялық орталықтарды қаржыландыруға бағытталып отыр.

Сондықтан аграрлық өндірісті тұрақты дамытудың кепілі болып табылатын тұқым шаруашылығы саласын қалпына келтіру жөнінде мемлекетіміз шұғыл шараларды қолға ала бастады. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Ендігі жерде облысымызда нақты шараларды жүзеге асыру үшін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында селекция, тұқым шаруашылығының материалдық-техникалық және зертханалық базасын жақсарту қажет деп есептейміз. Сонымен қатар, күріштің тұқым шаруашылығы жүйесі қозғалысын қадағалаудың цифрлық технологияларын енгізу қажет, аграрлық мамандардың селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы құзыретін күшейту мақсатында жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларын жаңғырту, институттың білім тарату орталықтары базасында тұқым өсіруші агрономдар мен апробаторлардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру қажет.

Институт жанынан жылына екі рет өнім алуға және түрлі будандастыру, будандардың алғашқы ұрпақтарын өсіру, вегетациялық тәжірибелер жүргізу секілді ғылыми жұмыстар атқаруға мүмкіндік беретін жылыжай мен вегетациялық үйшіктер салу, күріш және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының сапалы тұқымымен қамтамасыз ету үшін институт базасында тұқымдық зауыт салыну қажет деп есептейміз. Су тапшылығы жағдайында облысымыздың егіншілік саласын әртараптандыру мақсатында суды аз пайдаланатын дақылдарды енгізу бүгінгі күннің көкейтесті мәселесі болып отыр.

Біздің институт ғалымдары егіншілікті әртараптандыру бағытында күрделі нәтижелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Әртараптандыру дақылдары ретінде мақсары, түйежоңышқа, қант қызылшасы, соя, жүгері, бидай, арпа, сұлы зерттелді. Соңғы жылдары қант құмайы және африкалық тары дақылдарын сынау арқылы олардың күріштікте жақсы өсетіні дәлелденді.

Егін шаруашылығын әртараптандыруда Қызылорда облысында аудандастырылған майлы және бұршақ тектес дақылдардың жаңа өнімді, тұздылыққа шыдамды сорттарының жоқтығы немесе аздығы қиындық туғызады. Сондықтан біз келешекте осы дақылдардың түрлері мен сорттарын жеделдетіп аудандастыруға ұсыныс жасау мақсатында экологиялық сорт сынауды кеңейтуге ден қойып отырмыз.

Құрманбек БӘКІРҰЛЫ,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылымизерттеу иститутының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондентмүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<