Қанша күріш ектік?

1014

0

Сырдың басты дақылы – күріш егісі біршама қысқарды. Басты себебі айтпаса да түсінікті. Сырдария өзенінің деңгейі жыл сайын төмендемесе, көтерілмей тұр. Биыл да солай. Вегетациялық кезеңде өзен суында тапшылық боларын мамандар да үздіксіз айтып отырды. Айналып келгенде, облыс ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде әртараптандыру жұмыстарын ілгерілете бастады.

Былтыр аймақта 188 мың гектардан астам егін болса, биыл 185,6 мың гектарға түрлі дақыл егіледі деп болжанған. Ал негізгі өнім күріштің көлемі 78 мың гектардан асады. Былтырғымен салыстырғанда 5200 гектарға қысқартылған.

Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, қысқартылған күріш орнына малазықтық дақылдар мен бақша егу қолға алынған. Бұл 4700 гектар. Ал облыс бойынша егілген 78346 гектар Сыр салысы бүгінде толықтай суға бастырылыпты.

Жекеленген аудандар бойынша айтсақ. Мысалы, Жаңақорған ауданында 6300 гектар күріш егілген. Былтырғыдан 698 гектар кем. Ал шиеліліктер қазір 11 мың гектар күрішті суға бастырып отыр. Былтыр олар 12 мың гектардан астам күріш егіп еді.

Оңтүстік аудандардағыдай мың гектарлап көлемді азайту өзге аудандарда да бар. Мысалы, Жалағаш жұрты былтыр 20 мың гектарға жуық күріш еккен еді. Биыл ол цифр көрінбейді. 1724 гектар жерді қысқартқан, 18 мың гектардан сәл асатын күріш дақылын орналастырған.

Ал оған іргелес Сырдария ауданында биыл қысқарту межесі көп емес. Бар-жоғы 149 гектар. Мұндағы егінші ағайын 21 мың гектарға жуық күріш егіп отыр.

Былтыр ауыл шаруашылығы бойынша «Үздік аудан» атанған Қармақшы ауданында да егістік көлемі көп кемімеген. Өткен жылғымен салыстырғанда күріш 383 гектарға аз егілген. Мұнда биылғы  күріштік  алқап 12773 гектар. Сондай-ақ Қазалыдағы шаруалар 6361 гектар жерге басты дақылды орналастырып, 226 гектар жерді қысқартқан.

Облыс орталығы – Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтарда егілген күріш 3 мың гектардан асып жығылады. Диқандар өткен жылмен салыстырғанда мың гектардан астам егістік жерді шектеп отыр.

Тағы да қайталайық, басты себеп – судың аз деңгейде келуі. Шаруа ағайынды қысқан ең бірінші мәселе осы.

Биыл егінге қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы толық жеткілікті. Сондай-ақ, егілетін күріш үшін 21 мың тонна жоғары репродукциялы тұқым дайындалыпты.

Біздегі күріш сорттарының көбі ресейлік. Мысалы, күріш тұқымының  90 процентін ресейлік сорттар құраса, қалған 10 проценті отандық. Иә, көбісі «Лидер» егеді. Бұған қосымша «Янтарь» мен украиналық «Премиум» сорты да бар. Отандық тұқым дайындауда әзірше біршама ілгерілеу бар. «Әйгерім», «Сыр сұлуы» сияқты сорттар әр шаруашылықта егіліп жүр.

Сонымен қатар, биылға қажетті 53 мың тонна минералды тыңайтқыш және 80 мың литрден астам гербицидтің 39,1 мың литрі сатып алынған.

Бір қуанарлығы, аймақта 76 күріш ақтау зауыты жұмыс істейді. Оның 47-сі ірі, қалғаны шағын зауыт қатарында. Бұлардың қуаттылығы қамбаға түсер барлық күрішті өңдеуге толық жеткілікті.

Екінші атап өтер жағымды жаңалық – экспорттың әлеуеті. Аймақта жыл өткен сайын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі артқан. Бүгінгі күнге облыстан 9,7 млн долларды құрайтын 22 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері сырт елдерге тасымалданған. Бұның ішінде күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы және қамысты айтуға болады.

Экспортталған өнімнің ішіндегі ең өтімдісі күріш болып отыр. Сырт елдерге сатылымға шығатын  өнімнің 90 проценттен астамы осы дақылға тиесілі. Мысалы, жыл басынан бері 20400 тонна күріш экспортталыпты.

Айта кету керек, Сыр күріші әлемнің 17 еліне тарауда. Оның ішінде Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, Украина, Грузия, Түркия және Ирак мемлекеті де бар.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<