Көзжетпес – құтты мекенім

337

0

Арал теңізі кемерінен асып-тасып жатқан кезде жүрегіміздің төрінен орын алған туған жеріміз 1928 жылы Арал қаласына қараған, кейіннен «Көзжетпес» ауылдық советі болды. Ауылдық советке ұзақ жылдар бойы Бекет Кенжебаев басшылық етті.

Теңіздің асау толқындары тулап, шағалалары шулап тұрған кезінде Көзжетпесте 120 шаңырақ өмір сүрді. Сегізжылдық мектеп, кітапхана, клуб, дүкен, медпункт, мұзқала және балық сорттайтын үлкен қойма болды. Осы қойма қаншама адамдарды жұмыспен қамтамасыз етті және 3 кеме қабылдайтын үлкен порт бар еді. Сортталған балықты  Аралға және Мойнаққа кемелерге тиеп жіберетін. Мойнақта балық консервілейтін зауыт болды.

Көзжетпес елді мекенінің бұрынғы тұрғындарына туып-өскен жеріміздің атаусыз қалып, тарихтан өшіп бара жатқаны жанымызға батады. 1967-1968 жылдары Арал теңізінің тартылуына байланысты ел үдере көшті, 90 пайызы Қазалыға, елді мекендерге, Әйтеке би кентіне қоныстанды. Ауданның өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Көзжетпесте дүниеге келгендердің арасынан сан салада еңбек еткен, туған жерінің адал перзенттері шықты.

Өткен жылы Көзжетпеске барып ескерткіш тақта орнаттық. Онда былай деп жазылған:

– Көзжетпес келдің бүгін өмірге,

Сағынамыз сені әркез көңілге.

Рухына тағзым етіп келдік біз,

Ата-баба туып-өскен жеріне.

Биыл бірнеше адам барып, құдайжолы бердік.

Қазалы ауданының басшыларынан жоғарыдағы дәлелдерге сәйкес Әйтеке би кенті 4-квартал С.Нұрқатов көшесінің жанындағы 15 үйден тұратын шағын көшеге Көзжетпес атауын беруін сұраймыз. Бұл туған топырағымызға көрсетілген құрмет болар еді. Жылда бір күнді белгілеп осы көшеде бас қосып, Көзжетпеске деген сағынышымызды басып отырар едік.

Дүниеде сан жағынан қазақтан әлдеқайда көп халықтар бар. Бірақ сағынатын жері, Отаны жоқ. Құдайға шүкір біздің сағынатын Отанымыз бар, туған жеріміз бар. Соның ішінде туып-өскен жер ерекше. Бұны әр қазақ түсінеді деп ойлаймыз.

Шаттық ЕГІЗБАЕВ,

еңбек ардагері.

Орақ БАУБЕКОВ,

 ҚР Мәдениет қайраткері, Қазалы ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<