Төрге озған Төретам

413

0

Ынтымағы мен ырысы жарасқан мекендердің қатарында Төретам кенті де бар. Кіреберістен мен мұндалайтын нысандар, түрлі сауда орындары кент ажарын айшықтап тұр. Иә, даму мен бірлігін қатар ұстаған халық тынымсыз жұмыстың үстінде жүр. Сапар барысында тіршілігі төрге оған Төретамды түгел араладық.

Кент Қармақшы ауданы орталығынан 82 шақырым қашықтықта орналасқан. 118 жылдық тарихы бар мекен алғаш теміржол салынған соң Төретам стансасы болып құрылады. 1929 жылдары тұрғын үй құрылысы салына бастайды. Бертін келе ел тәуелсіздік алғалы Төретам да өзге өңір секілді өсіп-өркендеді. Тұрғындар саны артып, кент заман ағымына сай сәулеттене бастады. Түрлі бағытта шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып, қаланың тыныс-тіршілігіне сүбелі үлесін қосты.

Бүгінде кенттің жер көлемі 322,6 гектарды құрайды, нақты алып жатқан жері 472 гектар. Халқының саны – 12233 адам. Халықтың ұлттық құрамында 12050 қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілі. Кентте 850 зейнеткер, 221 көпбалалы ана, 26 тыл ардагері, 43 Ауған соғысы, 19 Ауған-тәжік соғысы ардагері, 1 Чернобыль полигонынан зардап шеккен, 37 тұрмысы төмен азамат бар. 63 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Жалпы мүгедектігі бар 254 адам болса, оның 18-і үйде оқытылады.

– 2023 жылы 4-деңгейлі бюджет қаражатына салық түсімдері 56101,0 мың теңгені құрады. Оның орындалғаны – алты айға 32760,3 мың теңге. Ал кент бюджеті – 56101,9 мың теңге.

Мұнда кәсіпкер боламын деушілер қатары жетерлік. Жалпы кент бойынша тіркелген субъектілер саны – 1132, жұмыс жасап тұрғандары – 1083. Шаруа қожалықтары – 4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер саны – 79. Кент бойынша 182 бірлік оның ішінде 103 дүкен, 4 наубайхана, 10 кондитер цехы, 3 тойхана, 2 кафе, 6 қоғамдық тамақтану орны, 4 тіс емханасы, 18 шаштараз, 6 көлікке қызмет көрсету, 3 көлік жуу, 8 шағын тігін цехы, 1 ағаш шеберханасы, 3 шағын жиһаз цехы, 1 монша, Қазпочта, 2 нотариус, 1 балалар ойын-сауық орталығы, 1 сауықтыру орталығы, АЗС, 4 газ құю бекеті жұмыс істейді, – деді кент әкімі Ғалымжан Елеусінов.

Мемлекет басшысының елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы қалаға іргелес Төретам және Ақай елді мекендерін де газдандыру жұмыстары басталған еді. Қазір Ақай ауылына газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі тұрғын үйлерді табиғи газға қосуда. Төретам кентін қосу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Кентте биыл «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын оқуға 59 азамат ниет білдірген екен. Оның нәтижесінде 5 адам грант иесі атанды. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 1 азаматтың жобасы қаржыландырылған. Құны – 3 млн теңге. Ал аграрлық несие корпорациясынан 3 азамат қаржыландырылған. Мәселен, Азамат Карамурзаев ірі қара мал басын көбейту бойынша 5 млн теңге, Жанар Байсалбаева да осы бағытта 3 150 000 теңге алған. Ал Айгүл Абдрахманованың компьютерлік қызмет көрсету орталығына 6 млн теңге бөлінген.

– Кенттегі мал басы түгел бірдейлендірілген. Есепті мерзім ішінде мал жоғалу, ұрлау фактілері орын алған жоқ. Жалпы кент бойынша барлығы 1669 бас ірі қара, 1013 бас жылқы, 273 бас түйе, 3424 бас қой мен ешкі, 783 құс тіркеуде бар.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің мерзімдерін сақтау бойынша ақпарат ауданға ай сайын уақытылы жолданып отырады. Жыл басынан бері 16 жер учаскесін алуға кезекке қою мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. 2023 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын Төретам кентінде ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Мұнда 3 мектеп орналасқан №80 мектеп-гимназия 464 орындық, №85 мектеп 640 орындық, №269 орта мектеп 600 орындық. Мектептер қазіргі таңда, типтік жобада және талапқа сай жұмыс жасауда, – деді кент әкімі.

Үш мектепте 1734 бала білім алуда, 265 мұғалім, 125 жұмысшы жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылы 51 оқушы мектеп бітіріп, оның 48-і ҰБТ-ға қатысқан. Сондай-ақ мұнда 4 балабақша (2 мемлекеттік және 2 жеке) жұмыс істейді. 2-6 жастағы бала саны – 455. Қамтылуы 100 пайыз.

Кентті көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жыл көлемінде тұрақты жүргізіліп келеді. Жеке кәсіпкер Р.Әлібеков пен Төретам кенті әкімі аппараты арасында мемлекетік сатып алу шартына сәйкес жыл көлемінде жасалып жұмыстар атқарылуда.

– Кенттегі жеке кәсіпкерлік нысандары және көпқабатты үйлердің алдына күл-қоқыс тастамау жөнінде ескерту хабарламалары таратылды. Тазалыққа 22 ақылы негізде қоғамдық жұмысшы тартылған. Олармен бірге тұрғындар, барлық мекемелер, жеке кәсіпкерлер арқылы сенбілік жұмыстары жүргізілуде. Кент көшелерін күтіп-ұстауға 1323 мың теңге қаржы қаралып, ауа райының қолайсыз жағдайларында көшелер бойында жиналған жаңбыр суларын тарту және қар жауған уақыттарда тұз, құм себу жұмыстары жүргізіледі. Көшелердегі жарық шамдарының қалыпты қызметі де ұдайы бақылауға алынған, – деді Ғ.Елеусінов.

Байқағанымыздай, кенттегі көше бойына орналасқан бейнебақылау камералары да қалыпты жұмыс істеп тұр. Аудандық бюджеттен 1576,7 мың теңге қаржы бөлініп, Мұсабаев көшесіне жарық шамдар орнатылыпты.

Төретам кентінде жалпы ұзындығы 33,5 шақырым болатын 33 көше бар. Оның ішінде 30 көше асфальтталған, 3 көше топырақты.

Елдегі мәдени шаралар да жоғары деңгейде өтеді. Клуб үйінде 5 үйірме тұрақты түрде жұмыс жасайды. Оған жүзге жуық бала қамтылған.

Айта кетейік, 2023 жылға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 1526 адамға қаралған. Гранттар жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Грант әлеуметтік осал топтарына беріледі. Оларға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасыларға және оның жұбайына төленетін жәрдемақыларды алушылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар және қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар және оның жұбайы жатады.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары гранттардың мақсатты пайдалануына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Айта кетейік, биылғы мемлекеттік қайтарымсыз грант жобасына бірқатар жаңа ереже енгізілген. Сонымен бірге, грант тек бір рет беріледі. Оның иегері атанғаннан кейін өндірісін жүйелі жобалап алғанша уақыт беріліп, 12 айдан кейін мемлекеттік тексеріс жүргізіледі. Аталған грант негізінде 25 күндік оқуға қатысып, 3 жылға жарамды сертификат алады.

Міне, осындай іс-шаралар кент өміріндегі келісті еңбек ырғағын көрсетті. Жұлдызды шаһармен іргелес елде мұнан да өзге жаңалықтар көп. Ең бастысы, көптің бірлігі тірліктің тірегі екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттық.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

Қызылора-Төретам-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<