Көшет егу де – көктемнің сәні

888

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Наурыз мейрамы қарсаңында Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Іс-шара «Таза табиғат» акциясы аясында ұйымдастырылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізді ауқымды кө­лемде көгалдандыруды және экологиялық жағдайды жақ­сартуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республика көлемінде «Таза табиғат» экологиялық акциясы ұйымдастырылуда.

– Бабаларымыз әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырған. Бұл – ежелден келе жатқан біздің ата-салтымыз әрі бүгінгі жастарға көрсетер тәрбиелік мәні зор үлгі-өнегеміз. Туған жерді және оның табиғатын қадірлеу – азаматтық парызымыз десек, ауламызға тал егіп, туып-өскен аймағымызды көгал­дандыру өмір салтына әрі күн­делікті дағдымызға айналуы тиіс деп білемін. Сыр халқын осы игілікті іске белсене араласуға шақырамын, – деді облыс әкімі.

Іс-шарада қоғам қайраткері Сәпен Аңсат көпшілікті облыс ардагерлері атынан Наурыз мейрамымен құттықтап, жиналған қауымға батасын берді.

Айта кетейік, «Таза табиғат» акциясына 6 мыңнан астам тұрғын қатысып, жергілікті жерде өсетін 20 мыңнан астам Сыр талы, қарағаш және жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызуда. Мем­лекеттік қызметкерлер де акцияға  үлес қосып, Тұңғыш Президент саябағында 300-ге жуық ағаш екті.

Елімізде жасыл желекті көбейту мақсатында өткен жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті әкім­діктермен бірлесіп арнайы алго­ритм әзірлеген болатын. Осы құжат негізінде алдағы 5 жылда өңіріміздің табиғатына төзімді 178 миллион тал отырғызу жоспарлануда. Бұдан басқа, Арал теңізінің құрғаған табанына жыл аяғына дейін 1 миллион 800 мыңнан астам сексеуіл егіледі.

Сонымен қатар облыс әкімі «Қызылорда» су торабына барып, қайта жаңғырту жұмыс­та­ры­мен танысты. Бас мердігер «Caspian­ContrctorsTrust» ЖШС же­тек­шісі Қайрат Ибраев атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Жоба құны – 2 млрд 600 млн теңге. Қайта жаңғырту жұмыстары 2020 жылдың қазан айында басталып, 2022 жылдың аяғында бітеді деп жоспарлануда. Қазір мұнда 70-ке жуық қызылордалық жұмыс істейді, 15 техника жұмылдырылған. Жөн­деуде қолданылып жатқан құ­рылыс материалдарының 90%-і – отандық өнім.

Аймақ басшысы жұмыстар сапасына баса мән беруді, жұмыс­шылардың жалақы­сын уақытылы төлеуді және жос­парланған мер­зімде бітіруді тапсырды.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<