Әрбір бесінші мектепте санитарлық режим бұзылып отыр – Ералы Тоғжанов

371

0

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыс әкімдерінен мектептердегі санитарлық режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу жылының басында әкімдіктер дайындықтарын толықтай растап, тиісті актілерге қол қойған болатын. Дегенмен үгінде әрбір бесінші мектепте санитарлық режимнің бұзылуы анықталып отыр. Әкімдерден тез арада арнайы жиналыс өткізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша қажетті шаралардың бәрін қабылдауды сұраймыз», – деді вице-премьер Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 20 қазаннан бастап карантин талаптары жеңілдей түсетінін мәлім етті.

«Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакцинацияға жататын контингенттің 70%-дан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, 2021 жылғы 20 қазаннан бастап мынадай шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды: Келушілер COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға арналатынын ескертті.




Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз