Кейбір әкімдіктер компьютерлер сатып алуда талаптарды бұзған – министрлік

347

0

ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі жиналыс барасында жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджет қаражаты есебінен компьютерлік техниканы сатып алуы және техниканың жеткізілуі бойынша мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрбір компьютерлік техниканы сатып алу бойынша тікелей жауап бересіздер», – деді Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари жергілікті әкімдіктердегі білім басқармалары басшыларына қарата айтқан сөзінде.

Рүстем Биғари Мемлекет басшысы қойған міндет орындалып, бірінші қыркүйекке дейін оқушыларға қашықтан оқу үшін қажет 500 мыңға жуық компьютер жеткізілгенін атап өтті. Әкімдіктер мектептерге компьютерлік техниканы сатып алу бойынша жұмысты әлі де жалғастырып жатыр. Алайда, бірқатар өңірде техниканы жеткізу мерзімдері, лицензиялық қамтамасыз ету, кепілдік беру және сервистік қызмет көрсетуге байланысты проблемалар туындады.

«Біз бұл мәселелерді аппараттық жиналыста бірнеше рет қарастырдық. Бұл – мемлекет қаражаты. Әрбір компьютерлік техниканы сатып алу тікелей сіздердің мойындарыңызда. Ашықтықты толық қамтамасыз ету қажет. Әрбір әкімдік алдымен компьютерлік техниканы тексеріп алған соң ғана оны қабылдап, оқушыларға жеткізулері қажет. БҒМ сатып алу процесіне қатыспайды. Үкімет әкімдіктерге қажет қаражатты жедел беріп, жағдай жасады», – деді вице-министр.

«Ия, бұрын-соңды техниканы осындай көлемде сатып алу болған емес. Әрине, пандемия мен логистика мәселелеріне байланысты кедергілер болуы мүмкін. Жеткізушілердің мұндай сылтауларына қарамай, олардан тиісті жұмысты талап етуіміз керек. Қолда бар барлық механизмді пайдалану керек еді. Кепілдік қызмет көрсету, сапа болуы керек», – деді ол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз