Ұстазымды мақтан етем

1146

0

Менің туып өскен жерім – Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылы. Түбі бір түркінің ортақ тұлғасы Қорқыт баба жатқан жер. Адамзат алғаш аспанға аттанған Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан Қармақшы барша Қазақстанның мақтан тұтар мекені. Ал, Қармақшыда тұрған Қорқыт кешенін жай ғана кесене деп қарауға болмайды. Бұл түбі бір түркіні тұтастыратын, біріктіретін, көне замандағы тамырымызды қайта жаңғыртатын қастерлі жер деп санаймыз. Осындай қастерлі жерде туып өскенімді мақтан тұтамын. Ата-анам, ұстаздарым  бастауыш сыныптан бастап жыр жолдарын жаттап өсуге үйретті. Бала күнгі менің ұстаздарымның ең ықпалдысы өз анам  болды.

Анам болмысынан әдемілікке әуес, сезімге бай, әр нәрседен көркем келбет іздейтін жан. Жақсылық көрсе, жаны сүйсінеді, жамандықты көрсе, сезсе болды, көңілі жабырқайды. Мүмкін, менің өз жанымнан жыр жолдарын құрастырып, ақындыққа жақын болуыма анамның осы сезімталдығы мен сергектігі әсер еткен шығар. Сергектік бойына әке қаны, ана сүтімен берілсе де, оның қалыптасуына туған жер құдіретінің ықпалы зор деп пайымдаймын.            

Мен бүгін өзімнің мектептегі сүйікті ағайым Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ұстаз, жергілікті ақын Достық Тілеубергеновтің 60 жылдық мерейтойына арнаған жыр жолдарымды ұсынамын.

Дүниеге келмеген тегін бұл жан,

Өлең дейтін өнерде белін буған.

60 дейтін асуды артқа тастап,

Достық ақын шайырлар жолын қуған.

Құдірет қой ұлы өнер бұл ғаламда,

Сурет салып, қолға алып қылқалам да.

Сыр сүлейі – Дүр Оңғар жырын жаттап,

Қорқыт күйін жас кезден тыңдаған ба?

60 деген – шынында асқар екен,

Алпыс – тал түс, шабытты шақта ма екен.

Ұстаз – ақын ауданда көпемес қой,

Ағайымды  сондықтан мақтан етем.

Ұстаздардың барлығы ғажап халық,

Түлеп ұшқан түлектер қанаттанып.

Ағайыма еліктеп өлең жазам,

Мен де ақын болсам деп   талаптанып.

Шабыттанса сүбелі сөздері ерек,

Туған жерді жырымен нұрға бөлеп.

Ақындықтың алауын жаққан ағай,

Ақ қағазбен тигізген  елге көмек.

Жақсылықты жырлайды жас жүрегім,

Оңай емес ақындық рас,    білемін.

Мерейтойын тойлаған бүгінгі күн,

Ұстазыма бақыт пен бақ тіледім.

Ерболат Дамир,

Қармақшы ауданы

 Дүр Оңғар ауылы

 №107 орта мектебінің 11 сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<