Бірінші деген атына сай

2081

0

Денсаулық сақтау саласында бастапқы медициналық көмектің маңызы зор.  Бұл қызметті емханалар атқарады. №1 қалалық емхана – облыс орталығындағы ірі медициналық мекеменің бірі. Оның тарихы әріден басталады. Қазақстан Республикасының астанасы Орынбордан Қызылордаға (1925 ж) көшіп келуіне байланысты 1926 жылы 125 төсектік республикалық аурухана салынды. Оның құрамында бірнеше дәрігер мамандары бар медициналық көмек көрсететін емхана да болды. Ол елімізде емханалық көмек көрсетудің бастауы еді.

Қаладағы ең байырғы емдеу орны ретінде өзіндік тарихы бар, 1938 жылы ауруханадан бөлінген емхана 1948 жылға дейін жеке емдеу мекемесі ретінде халыққа қызмет етті. 1950 жылы бірнеше рет қалалық ауруханамен біріктіріліп, арасында жеке мекеме ретінде халыққа қызмет көрсетті.  Оның құрамында терапиялық бөлім, стоматология, рентген-флюорографиялық, хирургиялық, көз, лор, физиотерапиялық және жасөспірімдер кабинеттері болды. Мекемеде 30-ға жуық дәрігер, 80-нен аса орта буын медицина қызметкері еңбек етті. Емхана сол уақыттағы ірі медициналық мекемелердің қатарына жатты. 1967 жылдың 6 қарашасында облыстық аурухананың жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты, оның орнында 200 төсектік қалалық біріккен аурухана ашылып, тұрғындарға арнайы көпсалалы медициналық көмек көрсете бастады. Содан кейін емхана мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсететін облыстағы негізгі емдеу-профилактикалық мекеме ретінде өз қызметін әрі қарай дамытты. 1985 жылы  85 мыңнан астам тұрғын  медициналық көмек алды. Онда 82 дәрігер, 200-дей орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1988 жылдан емхана жұмысына жаңадан акушерлік-педиатр-терапевт комплексімен жұмыс істеу енгізілді. Соған сәйкес оның құрамында балалар және гинекологиялық бөлімшелер ашылды. 1999 жылы медицинадағы қайта ұйымдастыру процестеріне байланысты осы мекеме негізінде 3 отбасылық дәрігерлік амбулатория және кеңес беру-диагностикалық емхана жұмыс істеді.  2001 жылдан бастап № 1 қалалық емхана статусы қайта берілді.

Бүгінде 19 жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақта 32 мыңға жуық тұрғын бар.  Оларға  68 дәрігер, 227 орта буын медицина қызметкері көмек көрсетеді. Бұл емхана өзге медициналық ұйымдарға қарағанда  білікті де тәжірибелі мамандарымен ерекше.  

– Біздің емхананың ғимараты сонау 1972 жылы салынған, типтік емес, бұрынғы жатақхана.  Емханаға қарасты тұрғындар да бұрыннан келе жатыр. Сондықтан  тіркелушілеріміздің басым көбі –  егде жастағы кісілер. Одан бөлек қазір жаңадан бой көтерген сол жағалау тұрғындарына медициналық көмек көрсетеміз. Онда қоныстанушылар жыл сайын көбейіп жатыр, туу көрсеткіші де жоғары. Осы орайда мамандармен қамтылуға аса көңіл бөлудеміз. Жалпы тәжірибелі аймақтарда 5 дәрігер ғана жұмыс істейтін, бүгінде 15-ке жеткіздік.  Қырық жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан майталман дәрігерлеріміз бар. Атап айтқанда, 40 жыл бойы осы емханада табан аудармай еңбек еткен хирург, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Курбан Мададовты зейнетке шықса да жібермей отырмыз. Білікті травматолог дәрігер  Махмут Байқадамов, балалар неврологы Вадим Хван, акушер-гинеколог Мая Айымбетова,  бас дәрігердің орынбасары  Гүлнәр Сұлтангереева, рентгенолог дәрігер Жұлдызай Бекбанова, басқа да тәжірибелі мамандарымыз – емхана мақтанышы. Олар әрдайым жастарға бағыт-бағдар беріп, бай тәжірибелерін бөлісіп отырады. Биылдың өзінде 3 дәрігер жұмысқа қабылданды, – дейді емхананың бас дәрігері Венера Садманова.

Емхананың медициналық құрал-жабдықтармен жарақталуы  94,1 %.

– Биыл облыс әкімінің қолдауымен 7 санитарлық автокөлік берілді. Зертханалық бөлімді, физкабинеттердегі құрал-жабдықтарды түгел жаңаладық. Бұрын түрлі қан талдауларын жасау үшін басқа емханаларға жіберуші едік, қазір өзімізде бар. Бұл бізге экономикалық жағынан тиімді, екіншіден, тұрғындар үшін қолайлы, анализ тапсыруға сыртқа барып жүрмейді. Рентген, флюро, УДЗ аппараты ескірген, соларды жаңалауға жұмыс істеп жатырмыз, компьютерлік техникаларды да жаңарту көзделуде, – деп атап өтті бас дәрігер.

30 төсектік күндізгі стационарда науқастар жыл бойы ем алады. Одан бөлек, оңалту, профилактикалық бөлімдері бар.

Емханада мектеп медицинасы жақсы дамыған. Бұл жерден 8 мектеп пен колледж оқушылары профилактикалық тексеруден өтеді.

Емхананың бүгінгі басты проблемасы – көнерген  ғимарат. Салынғанына елу жылдан асқан, әбден тозығы жеткен. Тар дәліздер мен кабинеттер айтарлықтай қолайсыздық тудыруда. Одан бөлек, қызмет көрсету аясы кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын ескі ғимаратқа бейімделу де оңайға соқпай отыр. Алайда бас дәрігердің айтуынша, бұл мәселе оң шешемін табатын секілді.

– Емхана аумағы 2 мыңдай ғана шаршы метр. Кабинеттер тар. Бір кабинетте 2-3 дәрігер отырады. Бұл дәрігерге де, келушіге де қиындық тудырады. Мәселені қанша уақыттан бері көтеріп келеміз. Аймақ басшысының қолдауымен  оң шешімін табады деп отырмыз. Қаланың сол жағалауынан заманауи жаңа емхана құрылысы бой көтереді деп жоспарлануда. Эскизін көрдік. 50 мың халыққа деп жоспарланып отыр. МРТ, КТ, күндізгі стационар, оңалту бөлімі, бәрі болады. Жері белігеніп қойды. Бүгінде жоба-сметалық құжаты әзірленуде, – дейді Венера Сансызбайқызы.

Ал оған дейін ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Әрісін айтпағанда, тәуелсіздік жылдарындағы емхананың жетістіктері  жетерлік. Мәселен, 2012 жылы №1 қалалық емхана Қызылорда облысы бойынша «Кезексіз емхана» мәртебесіне ие болды. Кейін «Ең үздік БМСК ұйымы» марапатын алды. Республика бойынша БМСК деңгейінде  Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен патронаждық мейірбике қызметі енгізіліп, жүкті әйелдерге, нәрестелерге және 5 жасқа дейінгі балаларға патронаждық-мейірбикелік қызмет көрсетудің (үйлеріне барудың) жетілдірілген әмбебап моделін жүзеге асыру бойынша пилоттық жобаға қатысып, сәтті енгізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Жедел медициналық көмек көрсету бөлімшелерін ашудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, қалалық жедел жәрдем станциясының VI дәрежелі шақыруларға қызмет көрсету 2 бригадасының штаты берілді. Қазіргі таңда жедел медициналық көмек бөлімі ауысыммен, тәулігіне 24 сағат бойы халыққа  қызмет көрсетуде.

– Ғимараттың типтік болмауы көп шаруаға қолбайлау болып отырғаны жасырын емес.  Соған қарамастан №1 емхана деген атымызға лайықты болып қалуға бар күшімізді салып келеміз. Қаншама жылдық тарихы бар, құлаққа әбден сіңісті болып қалған емхана қызметі де мінсіз болуы керек. Қазір мамандар да жағдайы жасалған мекемеге қарай кеткісі келіп тұрады. Біздің жағдайымызда мамандарды ұстап қалудың өзі қиын. Оның бер жағында тұрғындарға да сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету – басты шарт. Осы орайда тынбай еңбектенуге тура келеді. Жаңа ғимарат салынса жүзеге асырғымыз келетін қаншама жоспарымыз бар, – дейді Венера Садманова.

Тұрғындар саулығын сақтауға қызмет етіп жүрген емхана ұжымына біз де сәттілік тіледік.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<