Індет неге өршіді?

1541

0

Облыста  маусым айынан бастап карантиндік шараларды жеңілдетудің алтыншы кезеңі іске қосылды. Осыған сәйкес бірқатар салалар мен ұйымдар өз қызметін қайта жандандырды. Ал бұрын іске қосылған ұйымдардың жұмыс уақыты ұзартылды.

Дегенмен, карантиндік шек­теулер әлі де жалғасады. Сон­дықтан тұрғындар сақтық шараларын қатаң ұстанғаны абзал. Бірақ, қанша айтылып жатса да,  көпшілік індет қауіптілігіне көңіл бөл­мей, көшеде бетпердемен жүру қажеттілігін естен шы­ғара бастады. Аймақта вирусқа қарсы шаралар жүр­гі­­зілгенімен, қоғамдық орын­дарда, көліктерде, адам көп жиналатын жерлерде сани­тарлық талаптар сақтал­мауда. Тұрғындар бетперде тағу режимін бұзып, әлеуметтік қа­шықтықтықты ұстанбай, дезинфекциялық талаптарды да орындамай отыр.  Бұған жүргізілген рейдтер дәлел.

Республика көлемінде 16 наурызда енгізілген төтенше жағдай  ағымдағы жылдың 11 мамырынан бастап   алынды.  Алайда коронавирус инфек­циясының тіркелуі әлі де орын алып келеді. Байқағанымыздай, аурудың екінші көтерілу кезеңі осы төтенше жағдай алынып тас­тал­ғаннан кейін орын алды. Нақты айтқанда,  облыста коронавирус инфекциясының  ең алғашқы оқиғасы тіркелген  28 наурыздан бастап  2 мау­сым аралығында барлығы  448 дерек анықталды (100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш – 55,7). Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі 20-29  (жалпы тіркелген науқастардың 24 процентін құрады)  және 50-59 жас аралығындағы (25 процент) ересектер.  Ал ауруға шалдыққан науқастың  ең  кішкентайы 1 жасқа дейінгі сәби болса (Шиелі ауданы),  ең  үлкені  81 жаста (Қызылорда қаласы).

Аурудың максималды тіркелуі 8 сәуірге сәйкес келіп, 26  дерек есепке алынса, төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін ең көп  (40 жағдай)  тіркелген күн  31 мамырда орын алып отыр. Облыс бойынша тіркелген 448 жағдайдың (кешеге дейін) 49%-і немесе 218 дерек  соңғы 23 күннің ішінде, яғни төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін тіркелді. Бұл – облыс тұрғындарының сақтық шараларына салғырттықпен қара­ғанының тікелей көрсеткіші.

Сондықтан сақтық шараларын әлі де естен шығармай, жеке бас гигиенасына баса назар аударуымыз керек. Сонымен қатар, жұмыс беру­шілер өз қызметкерлерін кә­сіп­­орынның немесе ны­сан­ның меншік нысанына қарамастан, жеке қорғау құрал­дарымен қамтамасыз етуі қажет. Барлық персонал бетперде, қолғап және өзінің техно­логиялық киімінде болуы тиіс. Дүкендер мен шаш­тараз қызметкерлері мін­детті түрде бетперде, бас киім және фирмалық киімнің үстіне қолғап киіп жүруге міндетті. Барлық үй-жайлар үнемі желдетіліп, ал жұмыс орындары дезинфекциялау құралдарымен өңделуі керек.

Карантин шараларын сақ­тау әлі де өзекті екенін ес­тен шығармағанымыз жөн. Өйткені қауіпті індеттің беті әлі қайтқан  жоқ. Егер талап бұзу­шылықтар сақталып, жағдай ушыға беретін болса, кейбір карантин шараларын қайта  енгізуге мәжбүр боламыз.

Облыс тұрғындарына эпи­­де­миоло­гиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін ха­лықтың санитариялық-эпи­де­­мио­логиялық саламат­ты­лығын қамтамасыз ету мақ­са­­тында заңнамамен белгі­ленген талаптарға құлақ асып, сақтық шараларын ең әуелі өзіміздің, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін сақтайық дегім келеді.

Әлия ЫДЫРЫСОВА,

облыстық тауарлар мен

көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы.     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<